Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 222-ге жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов мәлімдеді.
- Жаңадан анықталғандардың 1-уі скринингтен анықталса, 4-еуі коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған азаматтар. Соңғы тәулікте барлығы 553 зертханалық сынама алынса, оның 543 сынамасы теріс, бесеуі оң мәнді болса, 5 сынама зерттелуде, – деді Жақсылық Әбілқасымұлы.
Сондай-ақ коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған – 3242 азамат анықталды. Оның ішінде, 1746-сы жақын қарым-қатынаста, 1496-сы жанама байланыста болған.
Жалпы 22 сәуірден бері қарай COVID-19 инфекциясы 73 науқастан анықталған. Оның 12-сі медицина қызметкері. Жабық мекемелерді скринингтеу барысында 2 науқас анықталса, 43 азаматтың қарым-қатынас арқылы жұқтырғаны белгілі болды.
Вахталық жұмыстан келгендер арасынан 7 науқас шықты, тосқауыл бекеттеріндегі тексеру 3 адамның вирус жұқтырғанын анықтады.