Қазалы ауданында қайырымды жандардың көмегімен баспанаға мұқтаж отбасыларға екі тұрғын үй салынып жатыр. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыдан бірнеше күн бұрын қазалылық жас кәсіпкерлер Мархаббат Асанова мен Мерей Айекешова өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазалы қаласы тұрғынының баспанасы құлау қаупінде тұрғанын айтып, қайырымды жандарды көмек көрсетуге шақырған болатын. Көрсетілген есепшотқа түскен қаржыға тұрғын үйдің іргетасы құйылды. Аз күнде қабырғасы қалана бастайды. Бұл игілікті іске Қазалы қаласының белсенді азаматтары мен жастары өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Еріктілер балаларын бір өзі тәрбиелеп отырған бұл азаматтың ауласын қоршап, темір қақпа орнатып жатыр.
Қ.Пірімов ауылы тұрғынының да баспанасы көктемде жауған толассыз жаңбырдан кейін тұруға жарамсыз болып қалған. Ауылдағылар Орысбай мен Күнімкүл Науханбаевтарға үй салып беруге өздері кірісті. Қазір ауыл жастарының демеушілігімен үйдің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып тұр.