Егемен еліміздің Қарулы Күштерін дамыту мен жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан Қазақстан әскерінің айбыны қашанда жоғары болады деп сенеміз.
Өз басым Алматы облысына қарасты Алакөл ауданындағы Үшарал қаласында дүниеге келдім. Бала кезімнен әскери қызметті аңсап, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан сәтте Ресей Федерациясының Кострома қаласында орналасқан РХБ қорғау училищесіне оқуға қабылданып, оны ойдағыдай аяқтадым. Кейін Қазақстан Қарулы Күштеріндегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметі саласында әскери қызметімді бастадым. Осы бағытта взвод командирінен әскери бөлімнің штаб бастығы лауазымына дейін жоғарыладым. Одан соң Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде академиялық білім алдым. Бүгінде Құрлық әскерлеріне қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімінің басшысымын.
Осы күндері еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында жүргізіліп жатқан дезинфекциялық жұмыстарға жетекшілік жасап жүрмін. Қол астымдағы мамандар дезинфекциялық қоспаларды әзірлеп, қауіпті вируспен күресті жалғастырудамыз.
Жоғарғы Бас қолбасшымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің дамуын жіті бақылауында ұстап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Оның салиқалы әскери саясатының нәтижесінде көптеген әскери реформа жүзеге асуда. Мәселен, биыл сәуір айында Қарулы Күштердің Бас штабында радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаменті құрылды. Аталған департамент заманауи талаптарға сай үздік қару-жарақпен, алдыңғы қатарлы құралдармен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ далалық оқу-жаттығулар мен біліктілікті жоғарылату курстары да ұдайы ұйымдастырылып келеді.
Қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтап, еліміз аман, жеріміз тыныш болсын деп тілеймін!
Алмас НЕСІПҚАЛИЕВ,
майор, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау әскерінің басшысы