Отанын шексіз сүйетін, туған жерін көзінің қарашығындай қадірлейтін сарбаздар барда ел армиясы ешқашан биігінен аласармайды. Жыл санап қару-жарақ түрлері, қажетті құрал-жабдықтар қатары жаңарып, жетілдірілу үстінде. Бұл – Жоғарғы Бас Қолбасшы-Қазақстан Президентінің ел қауіпсіздігіне деген ерекше көзқарасын аңғартып тұр.
Қазақстан әскерінің әлеуеті артқан сайын, сарбаздардың да әлеуметтік жағдайына көңіл бөлініп келеді. Түрлі әлеуметтік қолдаулар бар. Ондай қолдауды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де танытып отыр. Мәселен, әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған қолжетімді бағдарлама бар. Аталған банктің салымшысы атанып, мен де баспанаға ие болдым. Бұл – Отан қорғауды өмірінің ұстанымына айналдырған әскер қызметшілерге көрсетіліп келе жатқан қолдаудың бір парасы ғана.
Әскери қызмет саласында еңбек етіп келе жатқаныма осымен он екі жылдың жүзі болды. Жеткен жетістіктерім де бар. Айталық, 2016 жылы Ресей Федерациясында өткен «Үздік барлаушылар» сайысына қатысып, 3-орынға табан тіредік. Мен ол кезде Луговой кентіндегі әскери бөлімде рота командирі лауазымында қызмет атқарып жүрген едім. Қазіргі таңда «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде қызмет етіп келемін.
1942 жылы ірге қалаған бұл бөлімнің тамыры да, тарихы да тереңде. Біз жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, жаяу әскердің ұрыс машинасы саналатын БМП-2-ні тізгіндеп, әрі осы машина арқылы сынақ алаңдарындағы жаттығулар кезінде атыс та жүргіземіз.
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, індетпен күрестің алдыңғы шебінде дәрігерлермен қатар, еліміздің Күштік құрылымдардың қызметшілері де жүр. Біз де өз кезегімізде Қарағанды облысы аумағындағы адамдар көп жиналатын орындарда дезинфекция жүргізуге қатыстық. Бақылау-өткізу бекеттеріндегі жұмыстарға жұмылдырылдық. Себебі Отан қорғау – ортақ іс. Осындай қиын-қыстау кезеңде кейінге қалар деп сенеміз. Сондықтан жарғақ құлағы жастыққа тимей, қарапайым адамдардың амандығын, ел егемендігінің тұрақтылығын тілеген Отан қорғаушылардың еңбегі үнемі зор деп білемін. Қарулы Күштердің әрбір әскери қызметшісі Қазақстанның қауіпсіздігін қорғауға дайын. Аянбай еңбек етеді. Барша Отан қорғаушыларды мерекемен құттықтаймын!
Бағлан ҚОЖАХМЕТОВ,
капитан, «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің екінші мотоатқыштар батальонының командирі