• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 07 Мамыр, 2020

Ердің ері

1166 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыстың айтулы қаһарманы, әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ердің ері!» деп бағалаған Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтің майдан көгіндегі айрықша төрт тарихи ерлігін қайта жаңғыртып көрсек.

1. Авиация тарихындағы төңкеріс

Талғат Бигелдинов әлемдік авиация тарихында шабуылдау­шы (штурмовик) ұшақпен истре­бительді атып құлатқан тұң­ғыш адам. Сол тарихи ерлік ке­зінде Талғат Түсіпбекұлы небәрі 20 жас­та еді. Егер 50-60 рет май­дан­ға түскен ұшқыш осындай ба­­тырлық жасаса, ақылға қона­ды. Ал қанды қырғынға он мәрте кіріп үлгермеген өрімдей жігіт­тің Еуропа аспанында 108 само­летті құлатып, Адольф Гит­лер­дің қолынан темір крест алған ка­питан фон Дитрих мінген «Мес­­сершмитті» қағып түсуі сол тұста, басқа түгілі, авиация қа­һар­мандарының түсіне кір­мей­тін ерлік болатын. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол кездегі дивизия командирі, полковник Николай Каманиннің сөзіне жүгінейік: – Мына аға сержанттың не істе­генін білесіздер ме?! Ол біз­дің «ИЛ» ұшағы туралы қа­лып­тас­қан түсінігіміздің тас-тал­қа­нын шығарды. Біз, бізді қой­шы, конструкторлардың өзі бұл ұшаққа шабуылдаушы-барлаушы міндетін бекітіп тастады емес пе. Жау истребителі көрінсе, ауыр бомбалаушы ұшақтар тә­різ­ді қаша жөнелуге міндетті бо­латын. Ал штурмовиктің истре­би­­­тельмен жекпе-жек айқас­қа түсіп, атып құлатуы деге­ні­­ңіз қия­лымызда да жоқ еді. ...Сон­дық­тан шабуылдау­шы авиация тарихындағы жаңа кезеңнің көшбасшысы аға сержант Талғат Бигелдиновті екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсына­мын! (Николай Каманин – «Челюскин» экспедициясын құт­­қаруға қатысқан ұшқыштар то­­бы­ның командирі ретінде 1934 жылы Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ие болып, Екін­ші дүниежүзілік соғыста ірі әске­ри құрамаларға жетекшілік етті. 1961-1971 жылдары совет ға­рыш­керлерін даярлау ісіне бас­шылық жасады. Авиация гене­рал-полковнигі).

 

2. Жеке батыр

Кировоградты бетке ұстаған кеңес әскерлері немістердің кең аты­рапты орай тұрғызған тас­қа­мал қорғанысына тап болды. Қара жердің үстімен қыбырлаған жанның әрі өтуі мүмкін емес. Ал үш күннен бергі нөсер жаңбырдан ұшақтар амалсыз қаңтарулы тұр. Ұшу алаңы тізеден қара батпақ.

 Таңертең командалық пункт­ке корпус командирі, авиация ге­не­рал-майоры Василий Ряза­нов келді. Жүрісі суыт. Полк командирі Шишкин екеуінің жа­бық­тың арғы бетіндегі әңгімесі Талғаттарға естіліп тұр. Жаяу бар­лау­шылардың тұмсығы тасқа тиген соң басшылар көктен барлау жасауды ұйғарыпты. Басқа жол жоқ. «Ұшу керек», деді генерал. «Иә, бірақ дөңгелегі белуарынан батпаққа батқан ұшақты қалай аспан­ға көтереміз?» деді полковник күрсіне тіл қатып. «Бәрібір ұшу керек!» «Бұйрықтың аты – бұйрық! Ал ұшақты қалай кө­тер­­сек екен?!», «Түсінемін. Бұл өлім­ге бас тігу. Басқа жол жоқ. Бір адамның өмірінен мыңдаған адам­ның тағдыры қымбат. Ал соқыр адамша соғысуға болмайды. Кімді жұмсаймыз?» «Кіші лейтенант Бигелдинов!». Талғат ши­рақ басып ішке кірді.

– Тапсырма бар, – деді гене­рал жаюлы картаға жақындай бе­ре. – Майдан шебінен әрі жи­ы­р­ма шақырым жерде жол екіге айырылады. Жолдың біреуі терең сайға жалғасады. Сол сай­дың бойында немістер жанталасып жатыр. Солардың не істеп жат­қа­нын әуеден барлап, суретке тү­сіру керек.

– Сен біздегі ең шебер ұш­қыш­­сың. Ұшақты көбелекше шыр айналдырасың. Бұл жолы же­ңіл көтерілу үшін бомбаларды тү­сі­ріп кет.

– Жоқ. Бос ұшақпен ұшпай­мын! Әуелі самолетті көтеріп алу керек.

– Ұшу керек, ұлым, ұшу керек!.. Генералдың бұл сөзі бұй­рық­тан гөрі өтінішке жақын еді.

Ұшақты ұшу алаңына трактор­мен зорға сүйреп жеткізді. Ге­­не­рал бастаған жігіттердің екі көзі Тал­ғатта. Бойы ортадан тө­­мен, дем­белше келген қара бала ұшақ­тың педалін гүжіл­де­те бас­қан бойы орнынан жұлқи жү­гір­­тіп барып, қалықтай көте­рі­ле бере тастай қараңғы бұлт құ­ша­ғына еніп кетті.

Зерек, қағілез жігіт қалың тұ­манды қақ жара төмендеді де, жер бауырлай ұшып, арнасы кең, терең сайды қиналмай тап­ты. Сай іші жәшік, қап тиеген қап­таған машина. Әуеден жау әскері құжынаған құрттай болып көрінеді. Бір қапталда кенеп палаткамен жабылған дала қой­масы ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Оның жанында қаз-қатар қалан­ған жәшіктер. Жоғарылау жер­де брезент жабылған танкілер шо­ғырланған тәрізді. Бигелдинов олардың үстінен зулай ұшып, фо­то­ға тартып алды. Зениттер жан-дәрмен күйде атқылауға кірісті. Бірақ оқтары далаға кетті.

Талғат тәуекелге мінді. Ге­не­рал­дан шабуылдауға рұқсат сұрады. Себебі, мұның барлаушы екенін жау сезіп қойды. Топ болып қайта оралғанша сайдағы қой­маны зениттермен қоршап тас­тайды. Қазір төпеп тастамаса, кеш болады.

– Сені атып түсірмей ме?– Атып түсіре алмайды! Шабуыл­ға рұ­қсат!

Қор­ғасындай тұтасқан ауыр бұлт­тардың үстіне қайқаң етіп кө­терілген Талғаттың ұшағы қара тү­некті тіле төмен сорғалаған күйі сай бойындағы қалың жау­дың төбесінен қорғасын оқты жаң­бырша жаудырып, бірнеше бомба мен снарядты жеделдете тастап, әлгінде ғана тыныш жат­қан сай ішінің астаң-кестеңін шы­ғарды. Көшпелі қоймалар мен жүк машиналары, текшеленген жә­шіктер лезде отқа оранып, бір ұшақ­тың әлегінен қалың әскер азан-қазан күй кешті.

Қайтар жолда Талғат қара жер­ді қайыстыра жөңкілген жау тан­кілері мен самсаған машиналар толы жау әскерінің үстінен шықты. Бигелдинов колоннаның төбесінен төнген бойда реактивті снарядтармен атқылауға кірісті. Екі танк отқа оранып шыға келді. Екінші рет шүйілгенде пулемет пен зеңбірек оғы әскер толы ма­ши­налардың үстін бұршақша тө­пей жөнелді. Көліктер жолдан шығып, кейбіреуі төңкеріліп, тірі қалған немістер басы ауған жаққа бытырай қашып барады. Би­гелдинов қайта айнала бере жаяу әскердің біразын пулеметпен қырып салды...

Бұл кезде армия штабы, жаяу әскер дивизиясы жау тылына жал­ғыз кеткен жаужүрек қа­зақ­тың аса құнды мәліметін тағатсыздана тосып отыр еді. Генерал Василий Рязанов Бигелдиновті бауырына басып, шынайы ризалығын білдірді. Осы сапарға лейтенант шенінде ұшқан Талғат қонған бойда аға лейтенант болғанын, бұ­ған қоса «Даңқ» орденімен ма­­рапатталғанын естіді. Иә, Бигелдинов әкелген барлау материалдары немістердің шабуыл үстіндегі кеңес әскеріне тұт­қиыл­дан жапыра тимек әрекетін әшке­ре қылған болатын.

 

3. Мыңмен жалғыз айқасып...

Полк командирі Қарпат тауында немістердің қалың қолы шоғырланғанын, жаудың көз­де­гені кеңес әскеріне күтпеген тұстан шабуыл жасау немесе олардың алға жылжуына кедергі туғызу екенін түсіндіре келе, тау жағдайында тұтас эскадрильяны жұмсау тым қауіпті, сондықтан ең таңдаулы екі ұшқышқа осы тапсырманы жүктейтінін айтты. Сәлден кейін Бигелдинов пен Мочалов көкке көтерілді.

Бұлар шеткі шатқалға қалың, қою бұлттың үстімен жетті. Тө­мен­гі жақ қап-қара боп тұ­та­сып жатыр. Ештеңе көрінер емес. Бигелдинов шатқалға қарай құл­ди­лай бере Мочаловқа бұйрық берді: «Екі жүз метрге дейін төмендейміз. Соңымнан ер!». Ай­на­ла тас қараңғы. Ештеңені көріп болар емес. Мына қалпында көк­ке шаншылған құзға ұрынуың әбден мүмкін. Талғаттың жүрегі аузы­на тығылды. Кім біледі, бәл­кім, елу, отыз метр жерде құз-жартас бар шығар. Мүмкін, қос қапталындағы қанатың тиер-тимес тұста қара бұжыр тас­­тар ажал шақырып тұрған бо­лар. Ал Мочаловтан хабар жоқ. Мүмкін, тауға соғылып... Осы сәтте оның «Бигелдинов! Би­гел­динов! Қайтайық. Мынадай жағ­дайда шатқал ішінде ұшу өлім­мен бірдей. Мен аэродромға қайт­тым», деп жанұшырған үні құла­ғына жетті. Талғат оны райы­нан қайтаруға тырысқанымен, Моча­лов көнбеді.

Намыс буған Бигелдинов қаз­бауыр бұлттарды қақ жарып, еңіске қарай қайта құлдилады. Бір кезде дүние шіркін жарқ ете қалды. Табан астында шоқы-шоқы қара тас. Ұшақ қанаты көк­ке бой созған ағаш бұталарына тиер-тимес жағдайға келіп қа­лып­ты. Бір сәт биік құздың бір бү­йірін ала созылған ені он бес метрдей жол үстінен жау әскері көрінді. Қырағы, сұңғыла жігіт неміс әскерінің қатары бір жарым шақырымдай екенін жобалап үлгерген. Жаяу әскер, қаптаған танк, қаптаған автокөлік, ат жеккен арба, ұбақ-шұбақ ұзын көш... Кемі үш мыңдай адам. Бигелдинов шатқалды қуалай оқты қарша боратты. Пулемет сақылдай қорғасын құсып, зең­бі­рек гүрсілдей атқылап, бұл аздай төбеден фосфорлы бомбалар жауа бастады. Әлгінде ғана қаһарлы көрінген неміс ко­лон­на­сының быт-шыты шықты. Жан шір­кін тәтті ғой. Неміс солдаттары бытыраған шегірткедей пышырап, жан-дәрмен күйде құзға өрмелей бастады. Талғат болса, ұшағын бір қайырып алып, құзға ұмтылған солдаттарға пулемет оғын қарша боратты. «Бұрылып қарасам, бағанағы колонна жоқ, түгел қырылып қалыпты, – деп жазды Талғат атамыз естелігінде. – Оның орнын өртенген автомашиналардан будақтаған қара түтін басып жатты. Ал ко­ман­далық пунктте мен нағыз жеңім­паз­ша, қасқиып тұрып рапорт бердім».

 

4. Берлинге бірінші барған

Майдан шебі Берлинге 160 ша­қырымдай қалғанда Талғат Би­гелдиновті корпус ко­ман­ди­рі, генерал Василий Ряза­нов ша­қыртты. Мұның соғыс кар­­тасын көрген Рязанов полк шта­­бының басшысы Ивановқа «Би­гел­диновтің планшетіне жа­ңа­­дан бір бет қосып беріңіз», деп тапсырды. Талғат мұның себебін әлі түсінбей тұр. Бір кезде планшет әзір болды. Оған Берлиннің картасы жапсырылған екен.

– Берлинге Луккевальде жа­ғы­нан барасыз, – деді генерал баяу тіл қатып. – Қаланың батыс жа­ғында көпір бар. Соны байқау керек. Әрі қарай Потсдамға со­ғып, жағдайды біліп қайтыңыз. Ұшу биіктігі 50-80 метрден аспасын. Тапсырма түсінікті ме?!

Түсінікті, бірақ бұған дейінгі тапсырмаларда ұшу биіктігі туралы қатаң талап болмаған. Қай деңгейде ұшу керектігін Тал­ғат­тың өзі шешетін.

– Сіз ұшу биіктігі туралы тап­сыр­маға ренжіп тұрғандайсыз, – деді генерал мұның ойын оқып алғандай. – Сапар өте жауапты әрі аса қауіпті. Сондықтан сізге осы биік­тік қауіпсіздеу болмақ. Бізге сіздің амандығыңыз қымбат.

 Иә, бұл сапардың жөні бөлек. Жау тылына 160 шақырым дендеп ену керек. Жай ғана барлау емес, Германия астанасына күн­діз жал­ғыз өзі аттанып барады. Берлин жан-жағынан берік кү­зет­те екені анық. Зенитшілер кірпік қақ­пай, қылт еткен қар­сы­лас­ты қа­ғып тү­су­ге дайын тұр-ау.

Бір мезетте қаршығадай қазақ саңқ ете қалды: – Өтініш біл­ді­ру­­ге рұқсат етіңіз, жолдас гене­рал! –Айтыңыз. – Атқышсыз, жал­­ғыз ұшуыма рұқсат беріңіз! – Неге? – Сапар өте қауіпті. Маған жолдасымның өмірі қым­бат. – ...Бәрі жақсы болады. Ко­ман­­дование сізден барлаудың нәти­же­сін асыға күтеді. Атқыш жө­нін­­де өзіңіз шешіңіз. Жол болсын, ка­питан!

...Міне, фашистердің басты апаны Берлиннің де шетіне ілікті. Жүрегі бұлқына соғып, бөлек бір сезім құшағында күбірлей үн қатты. О, Алла, бұл сәтті, нағыз тарихи күнді қалай аңсадық, де­сеңіз­ші! Осы күнге жету үшін не­бір сынақтан өттік, осы күнге жету үшін қаншама адамның өмірі қиылды. Берлинге бүкіл одақтастардан, кеңес әскерінен күндіз, бірінші жеткен менмін. Майбалық көлінің жағасындағы қараша ауылда туған қазақ баласы, Бигелді шопанның немересі – мен, Берлиннің үстінде ұшып келемін. Мұнда қаныпезер жауды біржола тізерлетіп, шөкелету үшін, жауыздарды темір қапасқа тоғыту үшін келдік. – Тұла бо­йын кернеген ғажап бір сезімнің әсерінен Талғаттың жон арқасы алабөтен шымырлап қоя берді.

Генерал айтқан, Шпрее өзе­нін­­дегі көпірге де жетті. Қас-қа­ғымда көпірдің күлін көкке ұшы­ру­ды ойлаған. Командалық пунктке хабарласып еді, генерал рұқсат бермеді.

Әрі қарай Потсдамға бару керек. Потсдамға хабарлап қойса керек, мұны зениттер атқылап қарсы алды. Талғат та қарап қал­ған жоқ. Майдан шебінен 160 ша­қырымда, жау астанасының түбінде, ажал аузындамын деп, айылын жимастан бомбасын түйдек-түйдегімен тас­тап, снарядын зырқырата жұмсап, пулеметтен оқ жаудырған бойда кері қайтқан.

Қарулас достары мұны та­ғат­­сыздана тосып отыр екен. Ұша­ғы қонған бойда жігіттер Тал­­ғатты кабинадан суырып алып, ыстық құшақтарына басты, ас­пан­­ға лақтырып, қошеметтерін аяған жоқ. Генерал Василий Ряза­нов болса, Талғатты бауыры­на тартып, бетінен емірене сүй­ді де: «Капитан Бигелдинов, шын жү­ректен алғыс айтамын! Ко­ман­до­ва­ние бұл ерлігіңді ұмыт­пай­ды. Сенің штурмовигің біздің әуе күштерінен Берлинге бірінші болып ұшып жетті!» деді.

Ертеңіне Талғат Бигелдинов бас­таған он екі штурмовик Бер­лин үстінде атой салып, Гит­лер­дің соңғы соғыс резерві саналған танктер тиелген баржаны Шпрее өзеніне батырып жіберді.

Иә, бұл кезде бойы 164 сантиметр, жасы 22-дегі қа­лақ­тай жігіт соңғы екі жарым жылдағы сұрапыл ерліктерінің нәти­же­сін­де, Алланың қалауымен, Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы ең таң­дау­лы шабуылдаушы-барлаушы ұшқыштардың қатарында нық тұр еді.

 

Қыдырбек РЫСБЕК,

журналист