• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Мамыр, 2020

Ақмоладағы ілкімді істер

100 рет
көрсетілді

Көкшетау әуежайы жаңаша түрленеді. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев нысанның жөндеу жұмысының барысымен танысып, мекеме басшылығына бірқатар міндет жүктеді. Сондай-ақ, өңір басшысы Зеренді ауданының көктемгі егіс науқанына әзірлігін бағамдап, Ақкөл, Ортақ, Қызылтаң ауылдарының инженерлік желілері мен әлеуметтік нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берді.

Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумына әзірлік аясында Көкшетаудың әуе қақпасы да түрленеді. Облыс әкімі қала мен әуежай арасындағы жол бойын көгалдандыру, әуежай аумағын абаттандыруға арналған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл мақсаттарға жалпы көлемі 13 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, әуежай аумағында 1978 жылы салынған қонақ үйді қайта қалпына келтіру қолға алынған. Жөндеу жұмыстарына 150 млн теңге шамасында қаржы бөлінген.

Әуежайдан таяқтастам жердегі Ақкөл ауылы жыл санап көркейіп келеді. Кезекте тұрған адамдарға арнап 180 жер телімі әзірленіпті. Жоба құны 115 млн. теңге. «Берекет - 2050» шаруа қожалығы өткен жылы гектарынан 20 центнерден астам дән жиып, озық технологиялардың тиімділігін көрсеткен. 4700 гектар егістік аумақта шаруалар еуропалық аграрлық тәсілдерді қолданып келеді. Олар өз қызметін әртараптандырып, 9 түрлі дақыл егуге және мал шаруашылығымен айналысуға ынта білдіріп отыр.

–Біздегі астық тұқымы жоғары сұрыпты. Ресейден бидайдың элиталы сұрыптарын алдырдық. Сонымен қатар, арпа, сұлы, бұршақ, соя тұқымдарында. Биыл 9 түрлі дәнді дақылдарды егуді жоспарлап отырмыз,–дейді «Берекет-2050» серіктестігінің директоры Яков Савченко.

Облыс әкімі Ортақ ауылының жолына назар аударды. Тозығы жеткен ескі сүрлеуді жаңғыртуға 50 млн теңге қаржы бөлінеді. Жалпы, ауданда 14 бағытта жол жөндеу жұмыстары атқарылуда.

–Біз Шағалалы-Приречное бағытындағы жолды, Ұялы ауылына апаратын жолды жөндеудеміз. Викторовка ауылында су құбыры тартылуда. Кейін жол жөндеу жұмыстары басталады. Аудан ортьалығында да жөндеу жұмыстары жоспарланған,–дейді Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайса.

Ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне 70 шақты үйдің қосылмағынын жеткізді. Бұл олқылықты жоюға 10 млн. теңге бөлінеді. Ауылдың орталық көшесін жарықтандыру, көршілес Қызылтаң ауылының әлеуметтік нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге де 14 млн теңге қарастырылмақ. Ортақ ауылының тұрғындары да қол қусырып қарап отырмай, ауыл мешітіне жөндеу жүргізіп, иесіз қалған ескі ғимараттарды қалпына келтірмек.