Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына Nur Otan партиясының 40 тоннадан астам гуманитарлық көмегі келіп жетті.
«Біз біргеміз» акциясы бойынша партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен жолданған 40 тонна азық-түлік 1500 отбасыға 30 келіден үлестіріліп беріледі деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Өмірзақ Шөкеев гуманитарлық көмекті жеткізген азаматтарға ризашылығын білдіріп, апат салдарын бірігіп жою керектігін айтты. «Елбасы, Nur Otan партиясы әрдайым қиындықта елдің жанынан табылып, көмек көрсетіп келеді. Міне, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы көмек жолдап отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтааралды қалпына келтіруді назарда ұстап, қолдау көрсетіп жатқанын да білесіздер. Қазір бізге қол күші қажет. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс айқындалып жатыр. Эвакуациялық орталықтарда тұрғындарға жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте «жасотандықтар» жастарды, еріктілерді ұйымдастырып, ортақ іске жұмылдыруы керек», деді облыс әкімі. Бұл жұмыстарды үйлестіру партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевқа тапсырылды.
Ал республикалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев көмекке дайын екенін жеткізді. «Партияның гуманитарлық керуенін алып келдік. Жігіттер жұмыс істеп жатыр. Біз өздеріңізбен, осындағы азаматтармен ақылдасып, қандай көмек керек екенін бағдарлаудамыз. Сыр өңірінен, Шымкенттен де «жасотандықтар» келді», деді ол. Өз кезегінде Мақтааралдық тұрғындар қиын сәтте елдің қасынан табыла білген жетекші партия өкілдеріне алғысын жеткізді.
Түркістан облысы