Кітаптың адамзат тарихындағы маңызы зор екенін талай ақылмандар мен ойшылдар жеріне жеткізіп айтқан. «Жақсы кітап – жан азығы» деген қазақ мақалы да сол тұжырымдардың бірі. Өйткені, жақсы кітап даналықтың сарқылмас бұлағы, ақыл мен ойдың тұнығы. Ел газеті «Егемен Қазақстан» газеті өзінің бетінде бір тақырыпқа жарияланған таңдаулы материалдардан кітап құрастыруды дәстүрге енгізгенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі.
Кітаптың адамзат тарихындағы маңызы зор екенін талай ақылмандар мен ойшылдар жеріне жеткізіп айтқан. «Жақсы кітап – жан азығы» деген қазақ мақалы да сол тұжырымдардың бірі. Өйткені, жақсы кітап даналықтың сарқылмас бұлағы, ақыл мен ойдың тұнығы. Ел газеті «Егемен Қазақстан» газеті өзінің бетінде бір тақырыпқа жарияланған таңдаулы материалдардан кітап құрастыруды дәстүрге енгізгенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі.
Бүгінгі күні Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 10 жылдығына орай Парламент Сенатының Төрағасы, съезд Хатшылығының жетекшісі Қайрат Мәмидің ұсынысымен «Дінтұтқа» атты кітап өмірге келіп отыр. Ол еліміздің астанасында 2003 жылдан бері 4 рет болған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері мен оның қарсаңындағы діни оқиғалар және одан кейін де осы тақырыпта жазылған үздік мақалалар мен сұхбаттардан құрастырылған.
Кітаптың алғысөзінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановтың айтқанындай, «Бүгінде Қазақстан әлемдегі дінтұтқа елге айналды. Біздің бұл биікке жетер жолымызды көрсететін кітабымыздың «Дінтұтқа» аталғаны да сондықтан».
«Дінтұтқаны» желе шолып шыққанның өзінде ұлтымыздың талай ойшылдары мен ақылмандарының діннің маңызы туралы айтқан ой-толғамдарына кенелесіз. «Саналуандық – кемшілік емес, керісінше, бұл Құдайдың баға жетпес сыйлығы. Сол саналуандылықтың арқасында шынайы өзара молығушылық, нағыз даму жүреді», деген екен Елбасы Н.Назарбаев алғашқы съездің жабылуындағы сөзінде.
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайының «Атриум» залында осы «Дінтұтқа» кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Оны «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов ашып, жүргізіп отырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптілді, көпдінді, тіпті ашығын айтсақ, әуелде көпділді елдің жұртын бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ұйытуға қол жеткізді. Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдырды. Қазақстанда түрліше құрлықтық, әлемдік деңгейдегі жиындар өткізіле бастады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты аса ауқымды форумдар шақырыла бастады.
Сөйтіп, біз би түсетін үй болдық, деп жалғастырды өзінің сөзін модератор. Одан әрі С.Абдрахманов Президенттің дана саясатының арқасында Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға болып, ЕҚЫҰ-ның 11 жылдан бері өтпеген Саммитін де өткізгенін атап өтті. Сөйтіп, біз би де болдық, деді ол.
Қазақстанның қазіргі әлемдегі қомақты орнының нақты бір дәлелі – бүгін сіздер қолдарыңызға ұстап отырған «Дінтұтқа» атты жаңа кітап, деп жалғастырды С.Абдрахманов сөзін. Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің он жылдығын халықаралық деңгейде атап өту қарсаңында елдің рухани қазынасы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығы, Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі және «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы бірлесіп дайындаған «Дінтұтқа» атты мазмұнды, оқырманына берері мол жаңа кітаппен толығып отыр.
Алғашқы сөзді Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған айтты. Ол кітаптан ғылыми және саяси әлеуеті жоғары түйткілді мәселелермен танысқанын айтты. «Бұл –тәуелсіз Қазақстандағы қазіргі діни ахуалдан сыр шертіп, тарихын саралайтын маңызды кітап. Жинақта соңғы 10 жылдағы қоғамымыздағы дінге деген көзқарас, маңызды бетбұрыс пен діни сананың қалыптасу үдерісі айқын көрінеді. Сонымен бірге, оның мәні мен маңызы кеңінен баяндалып, ірі мамандардың, ғалымдардың, дінбасылардың пікірлерімен жан-жақты түсіндіріледі. Сөйтіп, бұл кітап еліміздегі руханияттың дамуына, діни түсініктің тереңдеуіне қосылған елеулі үлес болып табылады», деді ол.
Келесі сөзді Парламент Сенатының д епутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин алды (Сенатор сөзінің негізінде дайындалған мақала бөлек беріліп отыр – Ред.).
Сөз кезегі өзіне тигенде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау өзекті мәселелердің бірі екендігіне тоқталды. Қай дәстүрлі діннің өкілі болсын әлемнің тыныштығын, тұрақтылықты қолдайды. Осы тұрғыдан алғанда, діндер арасындағы үнқатысуды дамыту – бүкіләлемдік жауапкершілік. Ал осы жауапкершіліктің тізгініне Қазақстан сынды мұсылман елінің ие болуы көп жайды аңғартса керек. Біріншіден, ол елімізде басқаларға үлгі ретінде ұсынуға болатын сан алуан ұлттар мен діндер арасындағы татулықтың, бейбітшіл халықтың бар екендігін білдіреді. Екіншіден, елдің басым көпшілігі ұстанатын Ислам дінінің кеңпейілдігін, басқалармен ортақ келісімге келе алатындығын көрсетеді, дей келіп, Бас мүфти «Дінтұтқа» кітабында айтылған ұстамды ой, парасатты пікір, ұтымды ұсыныс дінаралық татулықты нығайтуға оң ықпал етер деген сенімдемін, деп сөзін аяқтады.
Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы осындай мазмұнды кітапты жарыққа шығарып, халыққа үлкен дүниені тарту етіп отырған «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына ризашылығын білдірді.
Модератор С.Абдрахманов Қазақстанда кең тараған екі діни конфессияның бірі христиандық екенін айта келіп, сөзді Православие шіркеуінің іс басқарушысы, епископ Геннадийге берді. Ол отырғандардың бәрін алдымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің өткізіле бастауына 10 жыл толуымен құттықтады. Кітаптың маңыздылығы туралы айтқанда епископ оның тарихи деректілігіне тоқталды. Біздің міндетіміз бейбіт қатар өмір сүрудің қағидаттарын анықтау, деді ол.
Тұсаукесерде соңғы болып сенатор Жабал Ерғалиев сөйледі. Алдымен шешен ХХ ғасырдағы идеологиялық қарама-қайшылықтарға тоқталды. Ол кездерде бізге діндер арасындағы қайшылықтар байқалмайтын-ды. Алайда, коммунистік режім ыдырап, әлем бір полюсті әлемге айналғанда да адам баласының арасындағы бір-біріне деген сенім орнай қойған жоқ. Тіпті «өркениеттер қақтығысы» атты жаңа қауіп шықты. Президентіміз Н.Назарбаев сол қақтығысты үнқатысуға айналдыра білді, деді ол.
Тұсаукесер рәсімін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті С.Абдрахманов қорытындылады. (Басылым басшысының қорытынды сөзі бүгінгі газетте жеке жарияланып отыр – Ред).
Шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты. Тұсаукесерде кітапты құрастырған белгілі журналист, Президент грантының иегері, әріптесіміз Әлисұлтан Құланбайға, жинақтың жауапты редакторы Ғалым Шойкинге алғыс айтылды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
-----------------------------------------
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»