Жеңістің 75 жылдығына арналған «Екінші дүниежүзілік соғыс: тарих және деректер» атты вебинарға ғалымдар мен архив мамандары қатысты.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Соған қарамастан сұрапыл соғыстың ақиқаты мен жаңғырығы толық ашылып бітті деуге әлі тым ерте. Онлайн үлгісінде ұйымдастырылған вебинарға қатысушылар бұл бағыттағы зерттеу-іздестіру жұмыстары нәтижесінде майдан туралы естелік-кітаптар алдағы уақытта танымдық дүниелермен тағы да толыға түседі деген тұжырымды алға тартты. Вебинарға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві Ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Заманауи сипаттағы вебинардың модераторы, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев сала қызметкерлерінің атқарған жұмыстары мен Жеңіс күніне жоспарланған іс-шаралар туралы әңгімеледі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Алпыспаева соғыс жылдарында Ақмолаға сырттан қоныс аударылған халықтар, Ресей мен Украйнадан көшіріп әкелінген өнеркәсіп орындары, қала тұрғындарының әскери жағдайға бейімделуі, майданға көмегі, экономикасы мен мәдени-әлеуметтік хал-ахуалы, Жеңіске қосқан үлесі туралы баяндаса, Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Кошман партизан қозғалыстарына қатысқан қазақстандықтар туралы зерттеу еңбектерімен бөлісті. Белоруссиядағы партизан қозғалысына қатысушы ақмолалық жауынгерлер туралы Беларусь Республикасының Ұлттық архивінен табылған деректер мен жеке карточкалары бойынша ақпаратты алға тарта отырып, ғалым елімізден бұл қозғалысқа 1,5 мың адам қатысқанына қарамастан олардың есімдерін анықтау мен құжаттарын жинақтау жұмыстары әлі толық аяқталып бітпегенін айтты.
Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Гүлнәр Мұсабалина кей елдерде мұнымен тұтас бір институттар мен орталықтар айналысып жатқанын тілге тиек ете отырып, партизан қозғалысының тақырыбына жазылған ғылыми еңбектер мен құжаттық жинақтарға талдау жасады. КСРО-ның соғыстағы одақтастары мен қарсыластарының тарихнамасында түрлі ағымдар мен мектептер қалыптасқандығын, соған сәйкес әр ел өз тарихын өз мүддесі тұрғысында жазатынын баяндады. Мәселен, АҚШ-та «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан АҚШ әскері» атты 85 томдық, Ұлыбританияда соғыстың ресми тарихына арналған 80 томдық, Германияда «Екінші дүниежүзілік соғыс және герман рейхы» атты 40 томдық, Жапонияда соғыс тарихының 96 томдығы жарық көрген екен. Бұл мысал алапат соғыстың төңірегіндегі әңгіменің дамыған елдерде қаншалықты маңызға ие болып отырғанын көрсетеді, әрбір тарихи оқиғаға берілген баға, жинақталған құжат келешек ұрпақ үшін мол қазына екенін білдіреді.
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы Раушан Маратқызы көшіріп әкелінген өнеркәсіп орындарын, ғылыми институттарды, мәдениет ошақтары мен адамдарды қарсы алып, орналастырудағы Қазақстанның рөлі туралы ой қозғады. КСРО Ғылым Академиясының 800-ге жуық академигі мен ғылыми қызметкері, жазушылар, өнер қайраткерлері, режиссерлер мен басқа да түрлі саладан айтулы тұлғалар келгені мысалға келтіріліп, осы жайттарды нақтылайтын құжаттар алға тартылды. Мысалы, соғыс жылдарында Қазақстанды Алексей Толстой, Константин Паустовский, Михаил Зощенко, Константин Симонов, Самуил Маршак, Сергей Михалков сияқты жазушылар паналағанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Ал Лев Толстой Қазақстанда «Иван Грозный» трилогиясын жазумен айналысса, Михаил Зощенко «Перед восходом солнца» хикаятын дүниеге әкелді. 1941 жылы Алматы киностудиясы «Мосфильм» мен «Ленфильммен» бірігіп, Бірлескен орталық киностудиясы болып өзгерді. Онда мәскеулік атақты режиссерлер Григорий Рошаль, Михаил Ромм, Сергей Эйзенштейннің басшылығымен КСРО бойынша бес фильмнің төртеуі түсірілді. Көбінесе әскери тілшілер майданнан материалдарды әкеліп, солар бойынша фильм сценарийлері жазылып отырған. Жалпы Халық комиссарлар кеңесінің мәліметі бойынша, 1943 жылғы 1 ақпанда Қазақстанға барлығы 482 474 адам көшірілді десек, олардың 35% қалаға, 65% ауылды жерлерге қоныстанған. Келесі 5 айда республикаға 50 мыңнан аса адам көшіп келген, дейді ғалым.
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан 1941-1945 жылдарғы соғыс тарихына қатысты архив құжаттарына шолу жасады. Архив қорындағы құжаттардың құрамы мен мазмұнына, оны іздестіру жолдарына тоқталып, архив қоры майдангерлердің естеліктерімен, жауынгер марапаттары мен хаттармен толығып жатқанын сөз етті. Ақмола қалалық әскери комиссариатынан 1942 жылы 8 қаңтарда майданға аттанып, 1945 жылы 10 қазанда оралған Жақып Жүсіповтің құжаттарын күні кеше ғана ұрпақтары Архивке әкеліп тапсырды. Бұдан басқа 10 ардагердің құжаты жинақталып, қабылдап алу жұмыстары жалғасуда, деді.
«Мемориалды аймақ» іздестіру отрядының командирі, зерттеуші-ғалым Майдан Құсайыновтың еңбегі айрықша аталып, ғалымның Ресей Қорғаныс Министрлігінің орталық архиві материалдары негізінде қазақстандық дивизиялар мен полктерге қатысты көп тер төккені айтылды. Соның нәтижесінде қазақстандық талай солдаттың, майдан командирлерінің есімдері анықталғаны – айтарлықтай олжа. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен (ЦАМО) жеке жауынгерлер туралы мәліметтер, тарихи формулярлар мен соғыс әрекетіндегі журналдар, әскери әрекеттердің карталары, майдандар бойынша соғысқа қатысқандардың тізімдері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы 2003 жылға дейін құпия сақталып келген құнды деректерге қол жеткізіліпті.
Мысалы, Ресей Қорғаныс министрлігі орталық архивінен алынған құжаттардың ішінде КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен 1944 жылы 26 қазанда Талғат Бигелдиновке Совет Одағының батыры атағын беру туралы грамота көшірмесі, 1945 жылы 27 маусымда «Алтын жұлдыз» медалімен марапаттап, туған жерінде қоладан бюст орнату жөнінде қаулы қабылданғаны туралы грамота, орден кітапшасының есептік карточкасы, екі мәрте Совет Одағының батыры Т. Бигелдиновтің қызмет картасы, украин ақыны В. Мартыновтың арнау өлеңі және 1980 жылы 4 шілдеде «Целиноград қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы куәліктің көшірмесі бар. Сондай-ақ М. Ғабдуллин, Р. Қошқарбаев, Т. Тоқтаровқа қатысты біраз деректі қордан табуға болады, деді. Беларусь Республикасының Ұлттық архивінен партизан қозғалысына қатысқан қазақстандық 73 жауынгердің жеке ісі алынғаны, Пискарев бауырластар зиратында жерленген қазақстандықтар жөнінде біраз мәлімет жинақталғаны баяндалып, архивтің кітапхана қорынан зерттеуші ғалымдар 100-ге тарта ғылыми, әдеби, деректі басылымға, естеліктер мен құжаттар топтамасына, анықтамалықтар мен басқа да материалдарға қол жеткізе алатындығы сөз болды.
Автор алдағы уақытта еліміздегі архивтер алыс-жақын шетелдердегі архив және кітапхана қорларындағы жаңа құжаттар мен материалдарды анықтау арқылы Қазақстан тарихы туралы тарихи зерттеулердің дереккөздер базасын ұлғайту, екінші дүнижүзілік соғыстың әскери тұтқындары жөніндегі ақпаратты анықтау, бұрынғы әскери тұтқындардың соғыс кезіндегі және одан кейінгі тағдыры туралы құжаттар мен материалдарды жинақтау жұмысын жүйелі түрде бірігіп атқаруға тиіс деген тұжырымды алға тартты. Шынын айту керек, майданға қатысушылар мен қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтар туралы ақпараттық анықтамалық, «Боздақтар» естелік кітабы арқылы көп адам табылды. Өкінішке қарай, бірақ бұл Жеңістің 50-жылдығында жарық көрген еңбек. Одан бері 25 жыл өткенін ескерсек, мұны толықтыру қажеттігі сезіледі. Яғни жер қойнына сүйегі арулап қойылмаған талай боздақтың есімі әлі күнге анықталмай отыр деген сөз.
ТМД елдерінде сұрапыл соғыста қаза болғандардың тағдырларын анықтаумен өз еркімен 800 іздестіру жасағы жұмыс жүргізеді екен. Осы ретте «Боздақтар» кітабындағы мәліметтер мен кейінгі жаңа мағлұматтарды салыстыра зерттеу маңызды. Іздестіру отрядтары мен архив қызметкерлері еңбегінің нәтижесінде жыл сайын жаңа бір құпия ашылып жатады. Жер-жерде хабарсыз кеткендердің тізімі архивтерден алынған деректермен салыстырылып, ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілуде, дейді маман.