Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директоры Дамир Көбжасаров елімізде індетке шалдығу өсімінің қарқыны тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын айтты.
«Бүгінде адамдар індеттен сауығып, үйлеріне оралып жатыр. Яғни, өмір жалғасуда, біздің денсаулық сақтау жүйеміз, дәрігерлеріміз өздеріне жүктелген міндетті орындап келеді. Денсаулық жағдайы нашар адамдар сауығып, аяғына тұрып жатыр», - деді Дамир Көбжасаров.
Оның айтуынша, індетке шалдыққандарды емдеудің орташа кезеңі 16-17 күн. COVID-19 пациенттерінің саны ілеспе аурулардың болуына қарай артуы мүмкін. Бүгінде індетке шалдығу өсімінің қарқыны тұрақты түрде төмендеп келеді.
«Бүгінде 1500-ден астам адам емделіп шықты. 3000-ға жуығы хаттамаға сәйкес ем-дом қабылдап жатыр. Біздің орталықтың болжамына сәйкес, жақын арада ауырғандарға қарағанда емделгендер саны арта түседі. Бұл өз кезегінде емдеудің оңтайлы қарқыны жүріп жатқанын, сондай-ақ инфекцияның таралуы төмендеп жатқанын байқатады», - деді ол.