• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Мамыр, 2020

Қазақстанның Украинадағы Елшісі соғыс ардагерін Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады

127 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев Ұлы Отан соғысының ардагері Аманжолов Нұрбай Базарқұлұлын Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандық дипломат 97 жастағы еңбек сіңірген ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.К.Тоқаевтың Алғыс хаты мен «Барыс» төс белгісін табыстап, оған рухтың сергектігін сақтауды, денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

Қазақтың дәстүрлі «отырысы» барысында Н.Аманжолов дипломаттармен өзінің әскери ерліктері туралы естеліктерімен және бейбітшілік өмірдегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан майданға 18 жастағы бозбала болып аттанып, Украина мен Польшаны азат етуге, Сандомир плацдармын бұзуға, Одер өзенінен өтуге, Праганы босатуға қатысты. Соғыстан кейін Карпат жанындағы әскери округте қызмет етіп, полковник атағымен зейнеткерлікке шықты. I дәрежелі «Отан соғысының қызыл жұлдызы» және I дәрежелі «Богдан Хмельницкий» ордендерімен, сондай-ақ, 26 медальмен марапатталған.

Ардагер өзінің саналы өмірін Украинада өткізгеніне қарамастан, өзінің Отаны - Қазақстан Республикасымен тығыз байланысын сақтап қалғанын және Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген мемлекет басшылығының қамқорлығын жоғары бағалайтынын атап өтті.