• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 09 Мамыр, 2020

«Аналардың алдында қарыздармыз!»

280 рет
көрсетілді

Бұл әңгімені Тасқұдық ауылына барғанда ақсақал Сайлау Үкиевтің аузынан естіп, жазып алған едім.

1941 жыл. Соғыстың басталған уағы. Ол кезде Өтеп Қалиев Тасқұдық ұжым­шарының Тінәлі бөлімшесінің малшысы еді. Ер болып туғасын, мылтық асынып, майданға кіру оған да міндет болды. Өтеп – тағдырдың жағалауына тура келген кезде тайсалып, өткел іздеп кететін бос жігіт емес. Ұлы Отан шақырды, ол ат­танды. Бір баласын қолтығына сүйе­ніш етіп, бір баласын бесікте тербеп әйелі Бәлеш қалды.

Күйеуі майданға аттанарда:

– Шаңырақ – аманат! Тәңір жазса келермін, жазбаса... Жылап-сықтайтын уақыт емес, Бәлешжан! Беліңді бу, бо­йыңды жина! Айналаға бас-көз бол! Сосын мына малды аздырып, тоздырып алмаңдар. Халықтың әл-ауқаты ма­лында. Сендер мықты болсаңдар, біз де мықты боламыз! – деген еді Бәлешке.

Бәлеш табынға ие болып өзі қалды. Әйел адамға 70-80 бастың бабын табу оңай деп кім айтты? Жазғы жайылым ештеңе емес, Утваның жағасындағы жайлау малға жайлы. Бәрінен қыстату ауыр. Шөптің бәрі іскірттеліп далаға үйіледі. Оны өгіз шанамен ауылға қарай, малдың аузына тасу керек. Бұл жұмысты әйелдер атқарды.

– Қыстаққа өгіз шанамен шөп тасы­ғандардың ішінде менің туған апам Бағи­лаш Үкиева да бар еді. Ала таңнан кеткен апам жұмыстан келгенше түн болады. Күні бойы аязда жүріп, қатып қалғаны соншалық, үйге келгенде аяқ киімі шешілмей қалады. Таңмен осы тірлік қайта басталады, – дейді Сайлау Үкиев.

Бәлештің жарын майданға аттандыр­ғалы да бір жылдай уақыт өтті. Жұмыс­тың ауырлығына, тағдырдың қиын­дығына аздап болса да бой үйреніп қал­ды. Бірақ барлық ананың көңілінде бір күні бәрі бітеді деген сәуле бар еді. Сондықтан бәрі де азаматтарының аман келген күнін аңсап жүрді.

1942 жылдың қаңтары.Тінәлі бөлім­шесіне пошта келді. Поштабайдың сөм­кесі осы жолы Бәлеш үшін тағдырдың ең ауыр сынағын арқалап алып келіпті. «Қара қағаз». Жары Өтеп Қалиев Ұлы Отан соғысында жаумен арпалысып, қаза тауыпты. «Қара қағаз» бүкіл ауылды күңірентіп жіберді.

Бәлеш ұзақ жылады. Бір кезде оның құлағына Өтептің:

– Жылап-сықтайтын уақыт емес, Бәлешжан! Беліңді бу, бойыңды жина! – деген даусы естілді. Қасында тұрған сияқты. Дір етті.

Бәлеш қайғының ең ауырын қабыл­дап алды. Қалған қайғы, қалған қиындық түк емес оған. Өтептің қос жанарындай болған қос ұлды жеткізуі керек, оның үстіне өзін елдің иығындағы жүкті көте­рісуге де міндетті санады.

Көктем келді, жаз шықты. Табын мал Утваның бойын жағалап, жайылып кетті. Ел пішен дайындауға кірісті. Көп жұмыс қолмен атқарылады. Шабылған шөпті пішеншілер қолмен жинайды, үйеді, мая­лайды. Қол жұмысы болғасын, еңбек өнік болуы үшін, жұмыс күшінің көп болғаны жақсы. Бір бөлімшенің қыстық азығын дайындау үшін шабындықтың басында 50-60 адам күннің астында бел жазбай еңбек етеді.

Бәлеш болса малдың қамында. Әмина Мұқатаева, Қытайы Жонысова, Жәмила Көшеғалиева сынды сауыншылармен бірге Утваның маңындағы көшпелі сүт қабылдау пунктіне сүт тапсырады. Оларға жүктелген жұмыс – сол.

Жоқшылық жайлаған уақыт. Жұрт қанша жерден еңбекті адал жасаймын десе де, ассыз, нәрсіз жүргесін өнді­ре алмайды. Шаруалардың қайраты ке­ми түсті. Елге қалай көмектессе болады? Бәлеш қасындағы сауыншылармен бірге тартылған сүттен айран ұйытты. Ол айранды ағаш бөшкемен даладағы еңбекшілерге Өтептің үлкен ұлы Әбілқайыр тасыды. Араға күн салып келетін Бәлештің айраны дала­ның басындағы шаруаларға, соның ішінде балаларға кәдімгідей қуат болды. Әбілқайырдың бөшке сүйреген арбасының қарасы көрінсе, бәрі ыдыс­тарын даярлап тұра қалады. Келгесін, бөлісіп ішіп алады. Сөйтіп Бәлештің сауыншылары 50 шақты адамды бір жыл емес, екі жыл емес, соғыс аяқталып, ел аяқтан тұрып кеткенше айранмен асырады. Білген адамға, түсінген адамға бұл – нағыз ерлік еді!

Сиыр сауылып, ауладан шелек-шелек сүт шығады. Олар құйылып, күн сайын 4-5 бидонмен тапсыруға жөнелтіледі. Біз бидонға құйылғанша шелектегі сүттен ішіп үлгеруге тырысамыз.

Соғыс бізді ерте есейтіп жіберді. 3-4 жасымда есімді білдім. Бала болып ойын қумадық, анамызға бұзау қайырыстық. Қораның маңын қасқырлар торуылдап жүретін. Оны да көрдік. Әкеміз сол қолында кінәраты болып, майданға алынбай қалды. Соғыс уақытында да, соғыстан кейін елдің еңсесін қайта тіктеу тұсында да ерен еңбек қылды. Мен үшін әкем – батыр!

Зұлмат соғыстың бар салмағы жа­уын­гер­лерге ғана емес, ауылдағы ха­лыққа, еңбекшілерге түсті. Біздің ауыл бірлік пен маңдай тердің арқасында бәрін жеңді. Бір үйді 2-3 отбасы паналады. Отбасылар арасында жанжал, керіс болған емес. Оларды ортақ қайғы мен ортақ үміт біріктірді. Быламық жеп, шөптің үстінде ұйықтаған күндеріміз болды, әрине. Атыңнан айналайын, Бәлеш сияқты аналар аузымызды ақтан айырған жоқ. Сауыншылардың бірі Қытайы Жонысова – менің анам еді, – дейді Сайлау атай сол күндерді еске алып.

Бәлеш Қалиева 1967 жылы зейнет­керлікке шығыпты. Кейін ол кісі де мәң­гілік сапарға аттанды. Қазір ұлы Екпіндінің жасы 80-ге келген. Ша­руаға ширақтық Бәлеш ананың немерелеріне де дарып, Бөрлі ауданының Тасқұдықпен қоңсы жатқан қазіргі Достық, бұрынғы Александровка ауылында шаруашылық ұстайды. Ол үйде Бәлеш ананың зейнеткерлік куәлігі, «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 50 жыл» мерекелік медалінің куәлігі және фотосуреті бар екен. Құжаттар мен суретті Сайлау ақсақал Достық ауылына арнайы барып, құжаттарды Тасқұдық негізгі мектебінің мұғалімі Сатым Қажыгереев арқылы бізге жеткізді.

– Әуреге салдық-ау! – дегеніміз­де.

– Біз ол абзал аналардың алдында қарыздармыз! – деді Сайлау ата.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

журналист