1980 жылдың 13 наурызында Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық «Приуралье» газетінде «Өзбекстанда тұратын Сарыбаев Ғафуржан Абдувахобович майдандас досы Сәрсенғали Оспановты іздейді» деген шағын ғана хабарландыру жарияланады. Бес-алты сөйлемнен тұратын хабарландыруда Ғафуржан мен Сәрсенғали екеуі 1944 жылы Чкалов қаласының (қазіргі Орынбор) госпиталінде бірге емделіп, дос болып кеткені, кейіннен жолдары екі айырылғаны, тек Сәрсенғалидың Орал облысынан екені ғана есінде қалғаны жазылыпты. «Осы хабарландыруыма Сәрсенғали немесе оның туған-туыстары үн қатады деп ойлаймын. Менің мекенжайым: 702519, Ташкент облысы, Ангрен қаласы – №19, Танғатопты селосы» деп аяқтапты сөзін өзбекстандық майдангер.
Жасыратыны жоқ, Ғафуржан Сарыбаевтың майдандас досын іздегені туралы хабарландыру бұған дейін де осы басылымда бірнеше мәрте жарық көрген болатын. Ол Оспановты 35 жыл бойы іздепті. Досының Қазақстанның Орал облысынан екенін білгендіктен, Орал облыстық партия комитетіне де хат жолдайды. Олардан «Сіздің хатыңызды облыстық газеттің редакциясына жібердік» деген жауап келеді. Бірақ, өзбекстандық ақсақалдың хаттарын тек орыс газеті ғана жариялап отырыпты. Ал ол іздеген Оспановтар отбасы бұл кезде Тайпақ ауданының Қурайлысай ауылында тұратын. Бір орысы жоқ ауылға орысша газет қайдан келсін. Әйтпесе, соғыс ардагерлерінің көбінің көзі тірі, Жеңіс күнінде бір-бірімен мәре-сәре болып жататын кез еді ғой ол жылдар... Оның үстіне ауыл, кеңшарлардың аттары жиі өзгеріп жатты. Бұл аралықта Оспановтар отбасы бір-екі мәрте көрші ауылдарға қоныс аударған да екен. Сөйтіп Сәрсенғали Оспановтың дерегі жуық арада шыға қоймайды. Тіпті, Қазақстаннан хабар болмаған соң Ғафуржан ақсақал Ресейдің Орал округіне кіретін Свердловск облысының редакцияларына да хат жазады. Тек 1980 жылдың 13 наурызында Орал облыстық газетінде жарияланған кезекті шағын дүниені Қурайлысайдағы Оспановтар әулетін жақсы танитын бір азамат кездейсоқ оқып қалып, «Осы бір хабарландырудың сендерге қатысы жоқ па?» деп құлаққағыс қылыпты. Сол кезде ғана Сәрсенғали Оспановтың балалары өзбекстандық ардагердің іздеп жүрген досы өз әкелері екенін біледі.
Ал осы уақытқа дейін оралдық майдангердің дерегі шықпай, ұзақ жылдар бойы хабарсыз болуының өзіндік себебі де бар еді. Сәрсенғали Оспанов 1969 жылы 54 жасында дүниеден өтіп кеткен болатын. Соңында қалған ұрпағының асқар тау әкелерін майдандас досы іздейді деген ой үш ұйықтаса да түстеріне кірмегені анық. Балаларының айтуына қарағанда, әкелері көзі тірісінде соғыс туралы, сол қанқасапта көрген қиындықтары, қарулас достары туралы көп айта бермеген де көрінеді. Оның үстіне Сәрсенғали мен Ғафуржан екеуі майдан даласында бірге жүрмеген. Госпитальда ғана танысып, бірнеше ай қатар жатып емделген. Өзбек ардагерінің қазақ досын ұзақ іздеп, бір көруді отыз бес жыл бойы армандауы бұл екі азаматтың сол бір қиын-қыстау кезеңде бір-біріне бауырдан да жақын болып кеткенін білдірсе керек.
Сәрсенғали Оспанов 1914 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Кенсуат ауылында дүниеге келеді. 1942 жылы соғысқа аттанып, алдымен атты әскер, кейіннен артиллерия полкінде қызмет еткен. 1944 жылы ауыр жараланып, бір аяғынан айырылып, Чкалов қаласындағы әскери госпитальға түседі. Ал Ғафуржан Сарыбаев әскерге 1943 жылдың 23 ақпанында шақырылып, 1-ші Балтық майданында артиллерист ретінде соғысады. 120 мм минометі расчетінің командирі болған. 1944 жылдың 3 ақпанында жараланып, Чкалов қаласындағы әскери госпитальға түседі. Ғафуржан да соғысқа бір аяғын берген. Міне, осынау зұлматтан аман шығып, тағдырлары госпитальда түйіскен екі майдангер осы күндеріне тәубе етіп, бір-бірін құрмет тұтып, қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсетіп, аға-інілік ізетпен мәңгілік досқа айналып кеткендері анық.
Газетке шыққан хабарландырудан кейін көп ұзамай Сәрсенғали Оспановтың ұлы Жеңіс өзбекстандық майдангерге хат жазады. Қарт майдангерге алғысын айта отырып, осыдан он бір жыл бұрын әкесінің қайтыс болып кеткенін, соңында үбірлі-шүбірлі ұрпағы қалғанын, бауырлары біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатқанын жеткізеді. Көп ұзамай Ғафуржан Сарыбаевтан да хат келеді.
«Құрметті менің туғандарым Жеңісбек және жеңеше!
Сіздерден хат алғанда Сәрсенғали ағадан ба деп қуанып қалдым. Бірақ, бұл хат Жеңісбектен екенін білдім. Мен сіздердің әкелеріңізді іздегеніме көп уақыт болды. Оның тек Орал облысынан екенін ғана білетінмін. Сондықтан Орал облыстық партия комитетіне де, жергілікті газеттерге де көп хат жаздым. Міне, ақырында өздеріңізден хат алып отырмын. Ол үшін Жеңісбекке көп рахмет.
Мен Сәрсенғали ағамен госпитальда танысып, туған бауырдай сыйластық. Палатадағы кереуеттеріміз қатар тұрды, тамаққа үнемі бірге баратынбыз. Мен сол кезде 21 жаста едім. Мені госпитальдан 22 тамызда босатты. Біз бір-бірімізді қимай, жылап қоштастық. Одан кейін біраз уақытқа дейін ол кісіден госпитальдан хат келіп тұрды. Сосын үйінен де хат келді. Бірақ, соғыс біткеннен кейін бәрі ұмытылды. Хаттардың бәрі жоғалды. Байланысымыз үзіліп қалды.
Жеңісбек, Сәрсенғали ағаның қайтыс боп кеткенін естігенде қатты күйзелдім. Ол кісі ең кемі 70-80 жыл өмір сүретіндей денсаулығы мықты еді. Тағдырдың жазғанына көнбеске шара жоқ. Сіздерде аға екеуміздің госпитальда түскен суретіміз сақталып қалуы мүмкін. Егер сол сурет бар болса, ағаның қасында әскери фуражкада тұрған мен. Жас бала сияқты көрінемін.
Қымбатты Жеңісбек және жеңгей! Егер уақыттарыңыз болса бізге қонаққа келіңіздер. Біз өте қарапайым тұрамыз.
Сәлеммен, әкелеріңіздің досы Ғафуржан Сарыбаев. 15 сәуір, 1980 жыл».
Расында екі майдангер соғыстан қайтқаннан кейін бір-екі мәрте хат алысқан екен. Бірақ кейіннен сол үш бұрышты хаттар жоғалып, бұлардың өздері бейбіт өмірдің иіріміне шымдай батып кете барған ғой. Осылайша госпитальда бір-бірімен қимай қоштасқан қос майдангерге бір-бірін қайта тірідей көруді құдай жазбапты. Тағдырдың ісіне шара жоқ. Әйтсе де, Сәрсенғали Оспановты ұрпағы естен шығарған емес. Қайта оның ерліктерін бүгінгі ұрпағы мақтанышпен айтады. Тіпті, Алматы қаласында тұратын шөбересі Іңкәр Ерболатқызы Оспанова мектепте оқып жүргенде атасының ерлігін шығармасына арқау етіп, оны мақтан тұтатынын нәзік жүрегімен жеткізді. 1943 жылдың 20 қыркүйегінде Морозов атындағы 8-гвардиялық атты әскер дивизиясы 29-гвардиялық атты әскер полкінің командирі, гвардия майоры В.Симбуховский Сәрсенғали Оспановты ерлік көрсеткені үшін Қызыл Ту орденіне ұсынады. Марапатқа ұсыну қағазында былай деп жазылған: «Гвардияның 120 мм минометінің дәлдеушісі қатардағы гвардия жауынгері қазақ Сәрсенғали Оспанов 1943 жылдың 8 қыркүйегінде Старые Луки деревнясы үшін болған шайқаста артиллерияның жалынды снарядымен үш мәрте жау шабуылының бетін қайтарып, 50-ден аса дұшпанның көзін жойды. Осы шайқаста С.Оспанов өмірін қатерге тігіп, жәшіктегі миналарды оттан сақтап, өртті сөндіріп, минометтен оқ атуды ары қарай жалғастыра берді». Ерлік ескерусіз қалмайды. Сол жылдың қазан айында Сәрсенғали Оспанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Соғыстан кейінгі жылдары С.Оспанов Батыс Қазақстан облысының Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданында еңбек етіп, жұбайы екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Екеуі математика және медицина саласы бойынша ғылым докторлары атанады. Тіпті, Кеңес Сәрсенғалиұлының еңбегі жанып, қатардағы дәрігерден Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне дейін көтерілді. Яғни Кеңес Оспанов осы сала қызметі құрылғалы бергі 90 жылда бірінші басшы болған ең алғашқы қазақ азаматы атанды. Ол өз қызметін абыроймен атқарып, елімізде оба, тырысқақ, түйнеме, бруцеллез сияқты аса қауіпті аурулармен қатар атиптік пневмония, құс, шошқа тұмауы сияқты жағдайлардан болған індетке қарсы республика бойынша нәтижелі шаралар ұйымдастыруымен ерекшеленіп, кейінгі жылдары ғана зейнеткерлікке шықты.
Майдангер Сарыбаевтан хат келгеннен кейін де екі жақ бірден барыс-келіс жасай қоймайды. Өмір ғой. Күнделікті тірлік, жұмыс, отбасы, әйтеуір, бітпейтін тіршілік бәрін ұмыттырып, арада он жылдай уақыт өтіп кетеді. Оның үстіне бұл жылдары одақтас елдердің жағдайы күрт өзгеріп, заман алмағайып болып тұрды емес пе? Дегенмен де екі жақ сирек болса да хат алмасып тұрған. Тек 1990 жылы ғана Сәрсенғали Оспановтың үлкен ұлы Серік әкесінің досын іздеп, Өзбекстанға барады.
Бірақ, қарт майдангерді досының ұлдарына да тірі көруді жазбапты. Серік барғаннан аз ғана уақыт бұрын Ғафуржан аға о дүниелік болған екен. Ғафуржан ақсақалдың бала-шағасы Серіктің іздеп келгеніне қатты риза болып, өзбектің ұлттық шапанын жауып, екі майдангердің госпитальда түскен ескі суретін естелікке сыйлайды. Содан кейін де екі жақтың қарым-қатынасы үзілген емес. Әлі күнге жақын ағайындар сияқты араласып тұрады. Яғни бабалардың мәңгілік достығы ұрпағымен жалғасып, тәуелсіз екі елдің, екі әулетінің сыйластығына сызат түсірген емес. Қазағым мен өз-ағамның осынау достығы бүгінгі ұрпаққа да үлгі бола бергей...