• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2020

Шығыс Қазақстан: Семейде бір күнде 10 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды

1450 рет
көрсетілді

Тұрғындар әлі де көпшілікті шақырып, ас беру рәсімдерін өткізуде.

Кеше Семей қаласында бір күнде 10 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы облыс әкімдігінің инстаграм парақшасы хабарлады. «Ауырғандардың ішінде 2019, 2014, 2011, 2010 жылдары туған төрт бала, 2003 жылғы студент және 1939 жылғы зейнеткер бар. Сондай-ақ, 1977 жылғы әйел және 1974, 1978 жылғы ер азаматтар бар. Он оқиғаның тоғызы бұған дейін ауруханаға түскен 1963 жылы туған азаматпен үй ошағы бойынша жақын байланыста болған науқастар тобына жатады. Ал 1995 жылғы жас жігітте дерт скринингтік тексеру барысында анықталды. Қазіргі кездегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысының аумағында коронавирус инфекциясының 43 жағдайы тіркелген, оның үшеуі сырттан әкелінген» делінген хабарламада.

Семейде қауіпті вирусты жұқтырғандар неге күрт көбейді? Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ілияс Мұхамеджанның пікірінше, бұған себеп – Семей тұрғындарының шектеу шараларын дұрыс орындамауы. «Біздің облыста анықталған 43 жағдайдың 33-і Семейде тіркеліп отыр. Бірнеше мәрте жасалған ескертулерге қарамастан адамдар карантин талаптарын сақтауда салғырттық танытуда. Вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін ұғынғысы келмейді. Семейге жіберілген арнайы комиссия қала тұрғындары карантин режимін өрескел бұзу фактілерін анықтады. Азаматтарға туған күнін тойлаған тұрғынның көңілді кешінен кейін ауруханаға 7 адамның коронавирус дертімен түскен жағдайы да сабақ болмады. Тұрғындар әлі де көпшілікті шақырып, ас беру рәсімдерін өткізуде. Ал шағын және орта бизнес нысандары облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды» дейді басқарма басшысы.

Шығыс Қазақстан облысы