Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлмановты Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Бөрібай Құлманұлы 1920 жылы 6 маусымда Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Ржевск пен Волга бойын жаудан азат етуге қатысқан майдангер «Қызыл Жұлдыз» және «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.
Елге оралғаннан кейін де ардагер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.
Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ардагерге ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, бейбітшілік пен жарқын болашақты қорғаған қарт сарбазға алғысын айтты. Ардагер де өзіне үнемі көрсетіліп отырған қамқорлық мен қолдау үшін ризашылығын білдірді.
Өңірдегі 16 ҰОС ардагерінің 8-і Қызылорда қаласында, 1-уі Арал ауданында, 3-уі Қазалы ауданында, 2-уі Сырдария ауданында, 1-уі Шиелі ауданында, 1-уі Жаңақорған ауданында тұрады.
Бүгін облыстағы барлық майдангерлерді өңір басшысы мен қала, аудан әкімдері құттықтап, Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтауын тапсырды.
Биыл өңірдегі 16 майдангердің барлығына 1 млн 111 мың теңгеден берілді. Жалпы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге 437 млн теңге бөлінген.