Елорда әртістері, вокалистер, белгілі мәдениет қайраткерлері, шығармашылық ұжым басшылары Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлерін құттықтады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Алғаш болып ардагерлерді белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы құттықтады.
«Барлығыңызды 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл жеңісті қаны мен терін төгіп, ерлікпен алып берген біздің аталарымыз, әкелеріміз, ҰОС ардагерлері. Біз сіздердің еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз», – деген опера әншісі Ұлы Жеңіс үшін барлық ардагерлерге алғыс айтты.
Сондай-ақ ардагерлерді астаналық «Жастар» театрының танымал актері Әділ Ахметов мерекемен құттықтады. Өзінің бейнежолдауында жас актер Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлді сомдап, соғыс дәмін сезгенін айтады.
Қазақстандық театр және кино актрисасы Алтынай Нөгербек өзінің ардагерлерге арнаған құттықтауында 9 мамыр ол үшін отбасының үлкен мерекесі екенін атап өтті. Ол өз атасы мен нағашы атасы сол қатыгез соғысқа қатысып, бақытына орай екеуі де аман оралғанын айтты.
Ұлы Отан соғысына 1 200 000 қазақстандық аттанып, олардың жартысы майданнан оралмаған. 700 мыңнан астам қазақстандық соғысқа қатысушы еңбек армиясы мен арнайы құрылыс бөлімдеріне жазылды. Бүгінгі таңда елордада 44 ҰОС ардагері тұрады.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда 3 688 адам біржолғы ақшалай төлем алды. Оның жалпы суммасы 180 млн теңгені құрайды. 44 соғыс ардагері мен мүгедектеріне 1 млн теңгеден төленді.