Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, жұма күні Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль өтті.
Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, жұма күні Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль өтті.
– Тіл мәселесін балабақшадан бастау қажет деген сөзіміз нақты іс арқылы нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда қаламыздағы мемлекеттік балабақшаларда орыс тілінде тәрбиеленіп жатқан балалардың саны – 15 мың 343 болса, қазақша тәрбие алатын балалардың саны 30 мың 162-ге жетіп, алдыңғыларынан екі есеге асып түсті, – деді Алматы қаласының әкімі фестивальдің ашылу салтанатында.
Алматы қаласының жалпы орта білім мекемелерінде қазақ тілін меңгеруге ерекше назар аударылуда. Еліміз бойынша тек Алматы қаласында ғана қазақ тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі сабағында сыныптарды екі топқа бөліп оқыту қарастырылған. Оған өткен оқу жылында жергілікті бюджеттен қосымша 396 млн. 410 мың теңге бөлінді.
Алматы – жастардың қаласы. Қазір қаламыздың жоғары оқу орындарында 187 мыңдай студент білім алуда. Солардың жартысынан астамы қазақ топтарында оқиды.
Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған қазақ балалар әдебиетінің туындылары енген «Балаларға базарлық», «Шәкірттерге шашу», жасөспірімдер үшін қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан құрастырылған «Асыл сөз» атты аудиокітаптар шығарылды. Сонымен бірге, балалар үшін үш таспадан тұратын, қазақ тілін үйренуге арналған бейнеқұрал жарық көрді. Оған әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізілді.
Тағы бір үлкен жоба – «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты және қазақ халық ертегілері мен эпостарының желісі бойынша түсірілетін көп сериялы мультфильмдер жинағын шығару ісі қолға алынды. 2009-2011 жылдар аралығында «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» мультфильмінің 85 сериясы жарық көрді. Жоба 2013 жылы белгілі қазақ эпостарының желісінде түсірілген анимациялық фильмдермен толықтырылмақ. 3D форматындағы графикалық тәсілмен жасалған қазақ тіліндегі тұңғыш мультфильмнің басты ерекшелігі – тіл үйретуге арналған бағдарлама енгізілгені және қазақ халқының этнографиясынан бірқатар мағлұмат беретіндігі.
Мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау мақсатында аудан әкімдіктерінің, басқармалардың атсалысуымен, қаладағы этномәдени орталықтармен бірлесіп, Абай, А.Байтұрсынұлы, А.Пушкин оқулары және славян жазуының күндері, «Үздік аудармашы», «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Көрікті жарнама – көркем тіл», «Көркем сөз оқу шеберлері» атты байқауларды өткізу дәстүрге айналған. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты тақырыптарда түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып тұрады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.