Кения қауіпсіздік күштері кеше таңертеңгілік Найроби қаласындағы сауда орталығын күшпен ұстап тұрған содырлар позицияларын шабуылдауды бастады. Әзірге билік тарапынан ресми түсініктеме берілмеген көрінеді.
НАЙРОБИДЕ ҚҰРБАНДАР САНЫ АРТА ТҮСУДЕ
Кения қауіпсіздік күштері кеше таңертеңгілік Найроби қаласындағы сауда орталығын күшпен ұстап тұрған содырлар позицияларын шабуылдауды бастады. Әзірге билік тарапынан ресми түсініктеме берілмеген көрінеді.
Содырлар шабуылынан кем дегенде 68 адамның құрбандыққа ұшырағаны белгілі болып отыр. Бұған дейін 59 адамның қаза тауып, 200-дей адамның зардап шеккені туралы хабарланған болатын. Полиция кепілдегі адамдарды босату жөніндегі операцияны одан әрі жалғастыруда. Соған байланысты құрбандар санының көбейе түсуі де мүмкін. Еске сала кетейік, содырлар сауда орталығын 21 қыркүйек күні басып алған болатын. Қаза тапқандардың арасында ел президентінің немересі мен келіні, сол сияқты, Франция, Канада, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея азаматтары бар.
ПӘКСТАНДАҒЫ ТЕРРОРЛЫҚ АКТ
Тәліптер Пәкстандағы діни және этностық азшылықтарға қарсы кезекті күш көрсету акциясын ұйымдастырды. Осылайша, елдегі христиандық храмға жасалған екі бірдей террорлық акт салдарынан қаза тапқандар саны 81 адамға жеткен.
Құрбан болғандардың арасында 37 әйел және 7 бала бар көрінеді. 145-тен астам адам дене жарақаттарын алып, өте ауыр жағдайда ауруханаларға жеткізілген. Жарылғыш құрылғыны екі жанкешті терроршының іске қосқаны белгілі болды. Террорлық акт үшін жауапкершілікті «Талибан» қозғалысынан бөлініп шыққан «Техрик-и-Талибан Пәкстан» тобы өз мойнына алып отыр. Елде үш күндік қаралы күн жарияланды.
«УСАГИ» ТАЙФУНЫ ӘКЕЛГЕН АПАТ
Қытайдың оңтүстік-шығысына соққы болып тиген «Усаги» тайфуны көлік коллапсына соқтырған. Соның салдарынан Оңтүстік Қытайды ел астанасымен байланыстыратын «Гуанчжоу-Пекин» темір жолы бойындағы пойыздар қозғалысы тоқтап қалған.
Оның сыртында күшті желдің көліктерді жол үстінен итеріп тастауы салдарынан көптеген жолдарда автомобиль қатынасы да мүмкін болмай отыр. Өңірдегі ең ірі Гонконг әуежайында 370-тен астам рейсті кейінге қалдыруға тура келген. Жергілікті билік мектептерді жауып, мемлекеттік кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуда. Апат салдарынан жағалаудағы аудандарда электр қуатымен және сумен жабдықтау үзіліп қалған. Қазірдің өзінде 21 адамның апат құрбанына айналғаны белгілі болып отыр.
ТАЛАП ТАП-ТҰЙНАҚТАЙ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (ХҚТСҰ) Сирияның химиялық арсеналын тексеруге дайындалуда. Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарусыздану жоспарын қолдайтын қарар әзірлеуде.
Дамаск арсеналдар туралы ақпаратты тез және толық көлемде ұсынып үлгерген. Алғашқы мәліметтер Лавров пен Керри келісімінде көрсетілген күннен бір күн бұрын-ақ түсе бастаған. Ұсынылған қарардың толыққандылығы Вашингтонның өзін таңғалдырған көрінеді. Сонымен бірге, АҚШ президенті Барак Обама егер Лавров-Керри уағдаластығы сақталмайтын болса, Сирияға әскери соққы жасалатыны жайында да ескертіп отыр.
ОЛИГАРХ ШЫНЫМЕН БАНКРОТ БОЛҒАН БА?
Борис Березовскийдің кенеттен келген қазасы туралы жұмбақты істе тағы бір тың жайт пайда болып отыр. Британ полициясының ресейлік олигарх өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқадан айнымауына қарамастан, журналистер ол сөзге күмән келтіретін ақпараттар тапқан.
Бұрын айтылғандай, Березовский банкротқа ұшырауына байланысты өмірмен қоштасқан болатын. Сарапшылар тіпті, ол қайтыс болған кезде борыштарының 309 млн. фунтты құрағанын да белгілеген. Бірақ, журналистердің мәліметтері бойынша, олигархтың қаржысы аз болмапты, ол – 500 млн. фунт стерлингті құрайтын көрінеді. Ал ол бүкіл есеп-шоттарды жабуға толық жетеді екен. Сонымен бірге, Березовскийдің қайтарынан бір апта бұрын өсиетін қайта жаңартқаны да белгілі болып отыр.
ЖЕТПІС ЖЫЛДАН СОҢ ЖЕТКЕН ХАТ
АҚШ-та Невада штатының 69 жастағы тұрғыны екінші дүниежүзілік соғыста қа