• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Мамыр, 2020

Үздік ондықта

110 рет
көрсетілді

Коронавирустың салдарынан бұл күндері барлық спорттық шаралардың тоқтатылғаны белгілі. Солардың қатарында дзюдо да бар. Ең бастысы, күрестің бұл түрі бойынша балуандардың осыған дейін жиған ұпайлары толықтай сақталып қалады. Енді пандемияға байланысты осы үзілісті пайдалана отырып, әлемдік рейтингке тағы бір көз жүгірту артық етпейді деп ойлаймыз. Сол арқылы қай мемлекет өкілдерінің қарқыны күшті немесе кімдердің тегеуріні баяу екенін анық байқауға болады.

Әңгімеміздің «әлқисасын» өз өрен­дері­мізден бастайық. Айдын Смағұлов жетекшілік ететін Қазақстанның ерлер құрамасы сапындағы екі қандасымыз ғана қазіргі кезде әлемдік рейтингте «ТОП-10» дзюдошының қатарына еніп отыр. Олар – Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев. Бұл балуандардың екеуі де 60 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Қазіргі кезде Елдос үшінші, ал Ғұсман алтыншы орында орналасқан. Алғашқысы 5018 ұпайды, екіншісі 3932 ұпайды еншілеп отыр.

66 кило салмақ дәрежесіндегі жерлес­теріміз де аяқалысы жақсы. Қоржынында 3135 ұпайы бар Ерлан Серікжанов 11 орын­да тұрса, 2179 ұпайды иемденген Елдос Жұмаханов 20 сатыға жайғасты. Осы орайда, Олимпия ойындарында бір салмақта бір мемлекеттен бір ғана балуан күш сынасуға құқылы екенін ескерген жөн. Сондықтан да жоғарыда есімдері аталған төрт дзюдошының арасынан әлемдік рейтингте жоғары тұрған екі спортшы ғана Токиоға сапар шегеді. 

90 кило салмақтағы Ислам Бозбаевтың да қарқыны тәуір. Олимпия ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялық додаларда даралана алмаса да ол әйтеуір қалың топтың бел ортасында жүріп, осы күнге дейін 2146 ұпайды қоржынына салып үлгерді. Бүгінгі таңда Бозбаев 19-орынды иеленуде.

Қалған салмақ дәрежелерінде күш сынасатын жігіттеріміз сенім үдесінен шыға алмай жүргені жасырын емес. Мәселен, осыған дейін асқан шеберлік танытып, бірқатар байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілген 81 кило сал­мақтағы Дидар Хамза қазіргі кезде небәрі 32-орынды қанағат тұтуда. Оның 1720 ұпайы бар. Біраз уақыттан бері 73 кило салмақта сайысқа түсіп жүрген Жансай Смағұлов енді ғана еңсе тіктегендей. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Парижде өткен турнирде күміс медальді иеленген соң қандасымыз 24-орынға көтерілді – еншісінде 2454 ұпай бар.

Ал алыптарымыздың жағдайы өте мүшкіл. Атап айтсақ, елішілік жарыс­тар­дағы 100 кило салмақтың үздігі  Айбек Се­рікбаев небәрі 51-орынды қанағат тұтуда. +100 кило салмақта сенім артқан серкеміз Ерасыл Қажыбаев 38-сатыға жайғасқан.

Өзге мемлекет өкілдерінің нәтижесін саралайтын болсақ, бүгінгі таңда жапондардың қарқыны өте күшті екені байқалады. Күншығыс елінің 12 өрені «ТОП-10» дзюдошының санатында. Әрине, оған таңдануға болмас. Өйткені, бұл күрес түрінің отаны – Жапония. Олар өздері ойлап тапқан өнерде әркез алдарына жан салмауға тырысады.

Грузияның да тегеуріні қуантарлық. Қап тауының алты қыраны жоғарыда аталған межеден көрініп отыр. Сондай-ақ Нидерланд пен Ресейдің – 5, Израиль мен Әзербайжанның – 4, Испания, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Бразилия, Канада, Түркияның – 3, Германия мен Қазақстанның – 2, Өзбекстан, Тайпей, Ита­лия, Косово, Швеция, Бельгия, Сер­бия, Куба, Мажарстан, Португалия, Че­хия және Украинаның 1 өкілі әлемдегі «ТОП-10» дзюдошының қатарына еніп отыр.

Міне, қазіргі кездегі ерлердің әлемдік рейтингіндегі жағдай осындай.

 

Әлемдік рейтингтегі ең үздік дзюдошылардың алғашқы үштігі

60 кило: 1. Рюдзю Нагаяма (Жапония), 2. Наохиса Такато (Жапония), 3. Елдос Сметов (Қазақстан).

66 кило: 1. Мануэль Ломбардо (Италия), 2. Хоширо Маруямо (Жапония), 3. Хифуми Аббе (Жапония).

73 кило: 1. Сойши Хашимото (Жа­пония), 2. Рустам Оруджев (Әзербайжан), 3. Тохар Бутбул (Израиль).

81 кило: 1. Маттиас Каас (Бельгия), 2. Са­ги Муки (Израиль), 3. Доминик Рес­сел (Германия).

90 кило: 1. Николоз Шерзададишвили (Испания), 2. Немания Майдов (Сербия), 3. Ноэль ван ’т Энд (Нидерланд).

100 кило: 1. Майкл Коррел (Нидер­ланд), 2. Чо Гухам (Оңтүстік Корея), 3. Варлам Липартелиани (Грузия).  

+100 кило: 1. Луаш Крпалек (Чехия), 2. Хи­саюши Харасава (Жапония), 3. Гурам Тушишвили (Грузия).