Астанада еліміздің инновациялық дамуының онжылдық қорытындысын қараған мерейтойлық форум өтті
Таяуда Астанада «Инновациялық онжылдық» атты форум өтті. Оның жұмысына үкіметтік органдардың өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың даму институттарының басшылары, бизнес өкілдері, инновациялық кәсіпкерлермен қатар, осы бағытта Қазақстанмен әріптес елдерден арнайы мамандар мен халықаралық сарапшылар да қатысты.
Астанада еліміздің инновациялық дамуының онжылдық қорытындысын қараған мерейтойлық форум өтті
Таяуда Астанада «Инновациялық онжылдық» атты форум өтті. Оның жұмысына үкіметтік органдардың өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың даму институттарының басшылары, бизнес өкілдері, инновациялық кәсіпкерлермен қатар, осы бағытта Қазақстанмен әріптес елдерден арнайы мамандар мен халықаралық сарапшылар да қатысты.
Форум Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің онжылдық мерейтойына орайлас өткізілгендіктен оның жұмысы еліміздегі соңғы он жыл ішіндегі инновациялық дамудың нәтижелерін қорытындылады. Сонымен қатар, алдағы уақыттағы даму мүмкіндіктерін айқындауға ұмтылыс танытты. Оны Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, жаңадан құрылған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қолдауымен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік өткізді.
Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев форумға қатысқан қонақтарды және Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің қызметкерлерін мерейтойлық белеспен құттықтай отырып, осы он жылдың ішінде Қазақстанның инновациялық даму бағытында едәуір секіріс жасап үлгергендігін атап көрсетті. «Осыдан он жыл бұрын біздің елімізде инновациялық үдеріс деп айтуға лайықты ештеме болмап еді. Өйткені, бізде, ең бастысы, инновациялық орта болмады. Оның құрылымдары қалыптаспаған еді. Елбасының алға қойған міндеттеріне, берген тапсырмаларына сәйкес біз осыны жасадық. Ең алдымен осы бағытта жұмыс істейтін мемлекеттік мекеме дүниеге келді. Инновациялық құрылымдар қалыптастырылды. Қазір елімізде көптеген технопарктер жұмыс істеуде. Нәтижелер жаман емес. 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда, кәсіпорындардың инновациялық технологияларға шығыны 61 миллиард теңгеден 326 миллиард теңгеге дейін өсті. Инновациялық өнімдердің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 0,51 пайыздан 1,25 пайызға дейін артты. Өңдеу өндірісіндегі еңбек өнімділігі 34 пайызға өсіп, бір жұмысшыға шаққанда 51 мың долларға дейін жетті. Инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 4 пайыздан 7,6 пайызға дейін көтерілді», деді Әсет Исекешев.
Мұнымен қоса, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық рейтингінде Қазақстан өз орнын нығайта түскен. Осы форумның жуықтағы қорытындысында еліміз өткен жылмен салыстырғанда, тағы бір қадам алға басып, әлемнің 148 мемлекетінің ішінен 50 үздік ел қатарына кірді. Мұнда инновациялық даму деңгейіміздің де жедел жақсарып келе жатқандығы атап көрсетілген. Қазақстан міне, осы инновациялық фактор бойынша 19 қадам алға басып, 84-ші орынды иеленсе, «инновациялық әлеует» факторы бойынша 18 қадам алға басып, 74-ші орынға қадам тіреді. «Жоғары технологиялық өнімдерге мемлекеттік сатып алу» бойынша 13 қадам алға басып, 58-ші орынды иеленді.
Әсет Исекешев Қазақстанның инновациялық бағыттағы дамуына мемлекет қолдауының көп көмегі тигендігін, енді Елбасының Қазақстан-2050 Стратегиясы бойынша алдағы дамуында нақ осы инновациялық дамуға басты басымдық берілгендігін, бұл орайдағы негізгі міндет елімізде ғылым мен білімнің қатысуымен жұмыс істейтін инновациялық экономика құру екендігін атап көрсетті.
Инновациялық идеяларды алға жылжытуда жақсы нәтижелер көрсете білген Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ендігі кезекте жаңадан құрылған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың сенімді басқаруына берілгендігі белгілі. Осы форумды жүргізген және «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевтың атынан сөз алған оның басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі Қаныш Тулеушин «Бәйтеректің» алға қойып отырған мақсаттары жөнінде баяндап берді. «Технология жөніндегі ұлттық агенттік еліміздегі инновация саласындағы басты даму институтына айналып үлгерді. Енді біз даму институтының тиімділігін арттыру бойынша онымен бірлесе жұмыстар жүргізе отырып, тиімді істерді одан әрі жалғастыратын боламыз. Агенттік бұрын ғысынша осы істердің көш басында қала береді», деп мәлімдеді.
Форумда «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Халықаралық бизнес университетінің президенті, ҰҒА академигі Кенжеғали Сағадиев еліміздегі инновациялық үдерістердің даму белестерін айқындайтын тартымды баяндама жасады.
– Еліміздегі инновациялық даму үдерісін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші кезеңі 2003-2009 жылдар аралығын қамтыды. 2003 жылы елімізде осы үдерістерді жүйелеп, дем беретін «Ұлттық инновациялық қор» АҚ құрылды. Бұл кезеңнің негізгі бағыттары отандық венчурлық қорлар құру, жобаларды қаржыландыру, инновациялық инфрақұрылымдарды қалыптастырып, дамыту болды. 2009-2011 жылдарды қамтыған екінші кезеңде аталған қор өз алдына елімізде осы жылдардан бастап, қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ісіне белсене қатысты. Бұл кезеңде қор қызметі кеңейтілді. Ол енді инновациялық даму бағытындағы кәсіпорындарға ақпараттық талдау жөніндегі көмектер көрсетіп, осы бағыт бойынша халықаралық ынтымақтастық арнасын кеңейтуге, инновациялық қызметтерді насихаттауға кірісті. Ал 2011 жылдан басталған үшінші кезеңде «Ұлттық инновациялық қоры» АҚ одан әрі нығайтылып, оның негізінде ұлттық агенттік пайда болды. Инновациялық бағыттағы жобалар қаржыландырылды, еліміздің жас инноваторларына көптеген көмектер көрсетілді, – деп атап көрсетті Кенжеғали Әбенұлы.
К.Сағадиевтің айтуы бойынша, осы онжылдық белестің алғашқы бес жылы құрылымдық тұрғыдан қалыптасу бағытында өтсе, соңғы бес жылда серпінді дамуға қарай бет бұрылды. Мұның нәтижесін мына фактілерден анық байқауға болады. Қазіргі күні еліміздегі инновациялық белсенді кәсіпорындардың қатары 2,1 пайыздан 7, 6 пайызға, яғни 3,6 есе өсіп отырса, инновациялық бағыттағы зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған ішкі шығын көлемі 2003 жылғы 11,6 миллиард теңгеден 2012 жылы 51,2 миллиард теңгеге дейін, яғни 4,4 есе өсе түскен. Кәсіпорындардың технологиялық инновацияларға шығындаған қаржы көлемі 2003 жылы 18,9 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 325,6 миллиард теңгені құрап, он жылдың ішінде 17 есе өскен. Ең бастысы, осы аралықта елімізде шығарылатын инновациялық өнімдер көлемі 2003 жылмен салыстырғанда 5,8 есе артқан. Инновациялық дамудың нақты нәтижесін білдіретін бұл бағыт бойынша еліміз қарқынды алға басуда. Мәселен, 2011 жылы елімізде шығарылатын инновациялық өнімдер көлемі 235,9 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 379 миллиард теңгені құрап, бір жылдың өзінде 60,6 пайызға көтерілді.
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов өзі басқарып отырған осы құрылымның он жыл ішінде 3 мыңнан астам идеялар мен жобаларды қарастырып, оның 600-не 18 миллиард теңге көлемінде нақты қолдау көрсеткендігін жеткізді. «Бүгінгі форум біздің осы жылдар ішінде жасаған жұмыстарымыздың нәтижесін талқылап, қорытындылауға, инновациялық үдерістің келешегін айқындауға үлкен жәрдемін тигізеді. Мемлекет басшысы алдымызға индустриялық-инновациялық даму жөнінде өршіл де айқын міндеттер қойып отыр. Біз бұл іске барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», деді ол.
Сондай-ақ, осы жиында Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Аурелия Бушез, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» бірлестігінің атқарушы директоры Темірлан Алтаев, Израильдің «LN Innovative Technologies» инкубаторының директоры Клара Орен, Кореяның КИСТЕП халықаралық қарым-қатынас және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Ким Бьонгсу, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Марат Баккулов, «Ромат» дәрі-дәрмек компаниясы» ЖШС президенті Тұрарбек Рақыш сөз алып, өздеріндегі жақсы тәжірибелер жайында баяндады, сонымен қатар, байқалып отырған проблемаларды ортаға салды.
Осыдан он жылдай уақыт бұрын Үкімет өз отырысында еліміздің инновациялық даму жөнінде арнайы мәселе қарап, оның бағыттарын талқылаған кезде біз бұл отырыстан жазған репортажымызға «Барыстың бұлқынуы» деген тақырып қойған едік. Енді он жылдан кейінгі осы басқосудан біздің еліміздің аталған бағыт бойынша едәуір алға жылжығандығын, тіпті бірнеше еселеген көрсеткіштерге қол жеткізгендігін білдік. Оның үстіне еліміз жалпы индустриялық-инновациялық бағыт бойынша алға басып, еліміздегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіріп отыр. Бұл – Елбасының алға қойған стратегиялық мақсатының сәтті орындалуының бір көрінісі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».