Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс режімі арқылы қатысты.
Мемлекеттік комиссия қайта құрылады
Жер-жаһанға қауіп төндірген індеттің елімізде кең таралуына жол бермеу мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы қорытындыланып, төтенше жағдай режімінің аяқталғаны мәлім болды. Соңғы екі айда қолға алынған іс-шаралар сараланған отырыста сөз тізгінін ұстаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіп-қатердің әлі беті қайта қоймағанын, дегенмен індеттің шарықтау шегі артта қалғанын атап өтті.
– Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режімі аяқталды. Алайда кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан аса азамат жұмысқа шықты. Енді еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылып, сән салондарының, білім орталықтарының тағы басқа нысандардың қызметі қайта жандана бастайды. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Әйтсе де көптеген шектеулер алынып тасталғанына қарамастан, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстану маңызды болып қала бермек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет екенін алға тартты. Атап айтқанда, шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс.
Пандемия әлі де қауіпті
– Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режім сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылып жатыр. 4,5 миллионнан аса адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан аса азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан аса компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
Президент жұмыс барысында олқылықтардың болғанын, індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткенін, соған сәйкес дер кезінде шұғыл шаралар қабылданғанын айтты. Туындаған көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы да шешіліп отырды. Бұдан осы шақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналғаны көрінді.
Қаржы резерві жеткілікті
– Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін. Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру күн тәртібінен түспейтінін айта келе, дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталды.
– Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек. Біріншісі – Қазақстан экономикасының өзін өзі қамту деңгейін арттыру. Бұл үшін қолда бар қуатты шикізат қоры негізінде өнеркәсіп саласындағы өңдеудің тың тәсілдерін дамыту қажет. Біз Қазақстан экономикасының келешектегі құрылымына жаңа көзқараспен қарауымыз керек. Оның өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты салаларының рөлін айқындаған жөн. Басқаша айтқанда, шұғыл түрде экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруға тиіспіз. Энергетика секторына айтарлықтай реформа жүргізу қажет. Дағдарыстан кейін бұл сала бұрынғыдай болмайды. Орта мерзімдегі кезеңде «жасыл энергетикаға» бет бұру – аса маңызды міндет. Индустрияландыру үдерісіне қатысты ұстанымды қайта қарау қажет. Экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүмкіндіктерді айқындауымыз керек. Бұл ретте алға қойған мақсаттарды, әдіс-тәсілдерді белгілеп, ілгерілей түскен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды сауатты пайдалануды экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің құралы ретінде қарастыру қажет екенін алға тартты. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі биыл тамыз айына дейін жалғасын табады.
Агросекторды қолдау ұлғаяды
Мемлекет басшысы аграршыларға барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Қазірдің өзінде іске асырылып жатқан форвардтық сатып алуларға қоса оффтейк-келісімшарттарды енгізу және «ҚазАгро» кредиттері бойынша берешекті қайта құрылымдау жолымен қаржыландыру тетіктері кеңейтіледі.
Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Алайда олардың өнімдері сауда объектілері арқылы ресми сатылмайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына түспейді. Мемлекет олардан салық алмайды, мұндай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Осы ретте Президент Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Содан кейін оның ауқымын кеңейтіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірленбек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «ҚазАгро» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беріледі. Мұнда «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдерін пайдаланған жөн.
Сондай-ақ тұрақты сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіру керек. Жобаға қатысушыларды оқыту және олардың аграрлық саладағы құзыретін арттыру ісін де қолға алу қажет. Мұның бәрі 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
– Екіншіден, біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адам капиталын дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай мұндай жағдай бізде көп кездеседі. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент, үшіншіден, экономиканы дамытудың, жұмыспен қамтуды күшейтудің және әлеуметтік қолдаудың факторы ретінде қолжетімді тұрғын үй салу мәселесіне мән берді. Бұл ретте ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несиелендіруге және тұрғын үй құрылысына үлкен серпін бергенін атап өтті.
Тұрғын үй несиесі: 5-10-20
– Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз ету арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын. Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер. Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту – маңызды мәселе. Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмысындағы стратегиялық басымдығы бар бағыттардың бірі. Сол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту керек. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму және қолдау көрсету бағытындағы «Отбасы банкін» құруға тиіс. Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу үшін пайдалану жөніндегі тапсырмасын 1 шілдеге дейін аяқтауды жүктеді.
Салық төлеудегі әлеуметтік әділдік
Төртіншіден, Президент тарапынан әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтау керек екені назарға алынды. Мұндағы мақсат – еңбекақы төлеудің мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару. Егер тиісті салық мөлшері қысқаратын болса, жалақыны жасырын төлеудің қажеттілігі болмайды. Халықтың табысы төмендеген қазіргідей жағдайда тұтынушыларға несие беру нарығына мониторинг жүргізуді жалғастыру маңызды. Бұл азаматтардың қарызға белшесінен батуына жол бермеу үшін керек.
– Жаңа әлеуметтік төлемге қол жеткізу үшін Бірыңғай жиынтық төлем талап етілді. Аталған әлеуметтік көмекті алған азаматтардың 40 пайыздан астамы Бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төледі. Бұлар – шын мәнінде, мемлекеттік көмекке мұқтаж жандар. Оларды экономикаға барынша тарту қажет. Осы азаматтардың өзімен-өзі қалып, қайтадан «көлеңкеге» кетуіне жол бермеу керек. Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік көмекке, лайықты зейнетақыға, ең алдымен, заңды жұмыс істеп, салық төлегендер ғана қол жеткізе алады. Сондықтан уақытша жұмыссыз қалғандармен қатар осындай азаматтар да Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы керек. Нарықтық экономика жағдайында кез келген адам жұмысынан уақытша айырылып қалуы мүмкін. Осыған орай Үкімет еңбек биржасына тіркеуді барынша жеңілдетуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық бизнесті дамытудың ұтымды жолдары
Отырыста жария болған бесінші басымдық – ұлттық бизнесті қолдау. Мемлекет басшысының айтуынша, сұраныс көлемі азайып, активтер мен кепілдегі мүліктің нарықтық құны төмендеген жағдайда «Даму» қорының несиені кепілдендіру мүмкіндігін пайдалану аса маңызды. Қордың кепілдігі Ұлттық банктің айналымдағы қаражатты несиелеу бағдарламасы арқылы берілетін займдарды қамтиды. Оның мөлшері – 600 миллиард теңге. Қажет болған жағдайда мұның көлемі ұлғая түспек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі экономиканы несиелеу көлемін арттыру үшін пруденциялық шектеулерді қысқарту және өтімділікке қысым көрсетуді азайту шараларын қабылдады. Бұл банк секторында шамамен 600 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Аталған қаражат ел экономикасын дамыту үшін жұмсалуға тиіс. Уақытша пруденциялық қосымша шаралар әзірлеу керек. Сол арқылы банктердің экономиканы несиелендіру мүмкіндігін арттырамыз.
– Микро және шағын кәсіпкерлік саласына да ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл сала өкілдеріне банктердің стандартты өнімдерін пайдалану үшін қатаң шектеу қойылып отыр. Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнес үшін арнайы шаралар қарастыруды тапсырамын. Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бұған бөлінетін қаражат көлемін айқындауға тиіс. Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары бірқатар салаға қатысты несиені қайтару мерзімін шегерді. Жеңілдік берілген мұндай салалардың тізімі кеңейтіледі. Бұл – бизнесті қолдаудың тағы бір нақты шарасы. Бұған сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, қонақүй және тамақтану, ақпарат және байланыс, білім және денсаулық сақтау салалары енгізілуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыру әрдайым негізгі міндетіміз болады. Бұл сектордағы ұзақ мерзімге арналған жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанның даму банкіне қосымша қаржы бөлу қажет. Сонымен қатар өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері бойынша жиналған қаражат есебінен Өнеркәсіпті дамыту қорын құруға болады. Оның жұмысы бизнесті қолжетімді несиемен қамтамасыз етуге бағытталады. Мұндай несие өңдеу ісімен айналысатын болашағы зор кәсіпорындарға 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша беріледі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, алтыншыдан, шетел капиталы үшін бәсекелестік артқан кезде әрбір қаржыгермен тікелей жұмыс істеуге баса мән беру қажет екенін алға тартты. Бұл ретте инвестиция тартып, қор нарығын дамыту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдалану бағыты назарға алынды.
– Бұл мемлекеттік активтерді жекешелендіру барысында аса маңызды болмақ. Сонымен қатар бизнестегі дау-дамайлар кезінде отандық кәсіпкерлер үшін ағылшын құқығының басымдығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының арбитражын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Ұлттық компанияларымызға тиесілі жекелеген құрылымдарды шетелдік заңнаманың аясынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзырына біртіндеп көшіруді бастаған жөн. Егер өз компанияларымыз басқа ел заңнамасының құзырында болуды қалап жатса, шетелдік инвесторлардың сеніміне ие бола алмаймыз. Үкімет, Сыртқы істер министрлігі және шетелдердегі өкілдіктер «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық салықтық резиденттігі жөніндегі бағдарламасын насихаттауға күш жұмылдыруы қажет. Орталық әкімшілігі 2025 жылға дейінгі жаңа стратегияны әзірлеуде, – деді Мемлекет басшысы.
Жетіншіден, Президент кәсіпорындардың бәрін және барлық жұмыс орнын сақтау қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – бүкіл әлемге тән жағдай. Сондықтан төтенше жағдай режімінің енгізілуі одан көбірек зардап шеккен экономика секторлары үшін форс-мажор болғанын заң жүзінде мойындау керек. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері сотқа жүгінген кезде төтенше жағдай режімі форс-мажор ретінде мойындалуға тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы күрделі кезеңде жекеменшік пен бәсекелестікті қорғау аса маңызды екенін айтып, биылғы 1 қазанға дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімдерді бастауды тоқтата тұруды тапсырды. Бұл алаяқ кредиторлардың қысым жасауына жол бермеу үшін керек.
Тұралаған активтердің өркениетті нарығын құру – жүйелі шешім
– Келесі мәселе. Осыған дейінгі дағдарыстардың салдарынан банктердің балансында экономикалық айналымнан шығып қалған активтер саны көбейді. Банктер тұралап қалған активтерді сату үшін нақты жоспар әзірлеп, соған жауапты қызметкерлердің жұмысын бақылауды және бағалауды күшейтуі керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қатердің алдын алуға бағытталған қадағалау шарасы арқылы банктердің қиындыққа тап болған активтерге қатысты жұмысына мониторинг жүргізуді және бақылауды күшейту қажет. Тұралап қалған активтердің өркениетті нарығын құру – жүйелі шешім. Секьюритизация мен сақтандырудың қарапайым әрі оңтайлы тетігін қалыптастыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, ол жоспар жуық арада бекітілетінін мәлімдеді.
Жаңа талапқа сай жүйе керек
Президент өз сөзінде жаңа талаптарға жауап беретін денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы түбегейлі өзгерістерге ерекше назар аударды. Ол халық арасына жұқпалы аурудың таралуын бақылау, телемедицинаны және қашықтан диагностика жасау жүйесін енгізу әдістерін әзірлеу; Ұлттық санитарлық-эпидемиялық қызметті барынша күшейту, беделді ғалымдар мен сарапшыларды жұмылдырып, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құру сияқты мәселелерді атап өтті.
Бұған қоса білім беру ісін оңтайлы ету назарға алынып, барлық оқу орындарында цифрландыру жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту маңызды бағыт болып белгіленді.
– Орныққан жұмыс тәсілі ретінде Үкіметтің, министрліктердің, әкімдіктердің түрлі жиындарын қашықтан өткізуді ұсынамын. Қажетсіз рәсімдерді, келісімдер мен кеңестерді, уақыт пен қаражатты шығындайтын басқа да шараларды жою керек. Бұл тәжірибе ескірді. Электронды үкімет тұжырымдамасының мәнін қайта қарау қажет. Кеңес алу, анықтама алу, өтініш беру жөніндегі рәсімдер онлайн режіміне толық көшірілді. Ал «egov» жүйесінің тілін халық үшін қарапайым әрі түсінікті ету қажет, – деді Президент.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мәселесіне де тоқталды. 1 мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгеті бұзылып, одан пайда болған су тасқынының зияны біздің өңірге де тиді. Техногенді сипаттағы бұл төтенше жағдайдың салдарынан Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан аса тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады.
– Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік. Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету – басты назарда. Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңына қарай халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат беретінін, кез келген міндетті орындауға мүмкіндігіміз жететінін айтып, бұл қиындықты да еңсеретінімізге сенім білдірді.