Коронавирус кеселінің салдарынан тұрғындар тарапынан медициналық маскаларға деген сұраныстың артуына байланысты Жамбыл өңірінде аталған тауарға деген тапшылық туындаған болатын. Тараз қаласындағы көптеген дәріханадан маска таба алмай әбігерге түскен халық бұл туралы ақпаратты әлеуметтік желілерге жазды да.
Енді тұрғындардың медициналық маскаларға деген сұранысын қанағаттандыру, тапшылықты жою мақсатында облыс әкімдігі жергілікті фармацевтикалық зауыттармен бірлесіп өндіріс көлемін ұлғайтуға келісті.
Өңірде медициналық маска шығаратын зауыт бар. Бұл бағыттағы кәсіпорын енді тәулік бойы жұмыс істемек. Нәтижесінде, тәулігіне шығарылатын медициналық маскалар көлемі 20 мың данадан 70 мың данаға дейін артты. Оның ішінде 40 мың маска «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал қалған 30 мың маска облыс аумағындағы «Жасұлан» және «Әмір және Д» дәріхана желілерінің 10 пунктіне күн сайын жеткізілуде. Атап айтсақ, медициналық маска жеткізілген 10 пункттегі дәріханаларда аталған тауардың бір данасы 50 теңгеден сатылуда. Бір сатып алушыға 5 дана медициналық маскадан артық сатылмайды.
Бүгінде облыс әкімдігі Тараз қаласы мен барлық ауданда тігін шеберханалары мен ательесі базаларында да көп реттік маскалар шығаратын шағын өндірістер құру мәселесін қарастыруда. Қазіргі кезде олардың өнім көлемі 3900 дананы құрап отыр. Әлемді шарпыған қауіпті кеселдің алдын алу мақсатында өңірдегі дәріхана желілерінде дезинфекциялық және антисептикалық құралдарының 12 түрі, оның ішінде тері антисептиктері, дезинфекциялық сабындар секілді өзге де құралдар бар.
Жамбыл облысы