• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 12 Мамыр, 2020

Әлі де абай болған дұрыс

117 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай режімі аяқталғанын хабарлады. Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытындысы жасалды.

Екі айға жуық уақыт оқшаулану жағдайында болдық. Осыдан не түйдік?

Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қажетті шараларды дер кезінде жасады. Төтенше жағдай режімін енгізу арқылы індеттің жаппай таралуының жолы кесілді.

Екіншіден, Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шын мәнінде өте ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.

Үшіншіден, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ауыр сынақ алаңында адал қызмет атқарды. Күн демей, түн демей, асқан жанқиярлықпен індетке қарсы арпалысты.

Төртіншіден, халқымыз ауызбіршілік пен тұтастық өнегесін көрсетті. Тәртіпке сөзсіз бағынып, тиісті сақтық шараларын жасау, оқшау режімде өмір сүру шарттарына көндікті. Сабыр мен сенімді серік етті.

Індет толығымен жойылмағанын ескеру қажет. Қауіптің беті әлі толық сейілмеген сияқты.  Мемлекет басшысы «Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды», деп мәлімдеді. Сондықтан ауа жайылмай, тәртіп пен сақтық шараларын сақтау өте маңызды.

Енді төтенше жағдай режімін қамта­масыз ету жөніндегі комиссия Эконо­микалық өсімді қалпына келтіру жөнін­дегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатын болды. Бұл – дұрыс шешім.

Сонымен қатар экономиканың бір­қатар саласы  тұралап қалғаны шындық. Еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Індеттің бас­талуы нағыз қазақтың «ұзынсары» –  жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына тап келді. Егін егу, мал бағу, өндіріс орындарының жұмысын реттеу мәселелерінде біраз қиындық туын­дауы мүмкін. Прези­дент: «Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін Эко­номикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жос­пар әзірленіп жатыр. Бұл жоспар жуық арада бекітіледі», деп бұл тарапта бәрі ескерілетінін жеткізді.

Тағы бір қуанатын мәселе – Президент «5-10-20» жаңа тұрғын үй жобасы қабылданатынын айтты. Бұл баспанасыз жүрген талай адамның кеу­десіне үміт отын ұялатты.

Бір сөзбен айтқанда, жағдай бақылауда. Мемлекет қажет шаралардың бәрін жасап жатыр. Бізге сабыр мен төзім қажет. Сосын әлі де абай болу керек.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Парламент Сенатының депутаты