Сонымен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 27 сәуірдегі мәлімдемесінде айтылған оқиға орын алды. Дәлірек айтсақ, 11 мамырда төтенше жағдай алынып тасталды. Алайда қоғамдық қауіпсіздік үшін карантин режіміне байланысты шараларды сақтау өте маңызды.
Қ.Тоқаев қазақстандықтар біртіндеп қалыпты өмірге оралады деген үміт білдірді. Төтенше жағдай режімінің аяқталуын бәріміз асыға күткенімізді айтудың да қажеті жоқ шығар.
Француз жазушысы және әскери ұшқыш Антуан де Сент-Экзюпери өзінің «Адамдар жері» (1939 ж.) атты еңбегінде: «Нағыз байлық, бұл – адамдар арасындағы қарым-қатынас», деп жазған. Қазақстандағы төтенше жағдайдың 50 күннен астам уақытқа созылу кезеңінде, атақты француздың әлгі дәйексөзінің дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетті... Туыстарымызбен, достарымызбен, көршілерімізбен, әріптестерімізбен, COVID-19-ға дейін күнделікті қарым-қатынаста болған барлық адаммен көзбе-көз жүздессек деген тілек санамызды жаулап алды. Өйткені Zoom, скайп, телефон бізге қашықтан, алыстан байланысуға мүмкіндік бергенмен, адаммен тікелей қарым-қатынас жасауды алмастыра алмады.
Оқшаулану отбасылық қарым-қатынас беріктігінің, стреске қарсы тұрудың, өзіңнің және басқаның өмірі үшін жауапкершіліктің, ережелерге бағынудың, дүрбелеңге бой алдырмау және оны таратпаудың күрделі сынағына айналды. Біздің әрқайсымызда карантин кезінде бастан өткерген психологиялық сынақтарымыздың, жоғалтқандарымыз бен табыстарымыздың өзіндік тізімі, ерекше тәжірибесі бар деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының 19 наурыздағы төтенше жағдайды енгізу және одан әрі ұзарту туралы шешімдерінің себебімен біз әлемде жасай алмаған маңызды нәтижеге қол жеткіздік, яғни қауіпті вирустың таралу жылдамдығын азайттық.
Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылуының, бұрын-соңды болмаған ұйымдастырушылық, қаржылық шаралар қабылдануының, адами ресурстар мен азаматтардың қолдауының арқасында төтенше жағдайды 11 мамырда тоқтату жоспарланған еді. Міне, бұл жүзеге асырылды.
Біздің азаматтарымыздың, дәрігерлеріміздің өмірі мен денсаулығының өтеуімен, алапат күш-жігердің арқасында ауыздықталған COVID-19-дың бұдан әрі таралуына ешқандай мүмкіндік берілмеуі үшін барлығын жасау керек. Біз не істеу керектігін жақсы үйреніп алдық: бетперде кию, жұмыс орнын дезинфекциялау, қолды жуу, әлеуметтік қашықтықты, әсіресе адам көп жиналатын жерлерде сақтау, барлық туысты аралауды, кең-байтақ еліміздің барлық қалалары мен ауылдарынан ағайын-туысты жинауды шектеу. Бізге төтенше жағдайдан шығудың төте жолы карантин шараларын қатаң сақтау болды.
Әрине, төтенше жағдай кезінде талаптарға күмәнмен қараған және оларды түрлі жолдармен бұзған жандар кездесті. Осы орайда, әкімшілік мәжбүрлеу, әлеуметтік айыптау және басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына немқұрайдылықпен қарайтын адамдарға мүлдем төзбеушілік таныту біздің жаңа жағдайдағы өміріміздің маңызды бөлігі болуы керек.
Карантин сөзі бастапқыда «қырық күннен тұратын уақыт» дегенді білдіретінін енді көпшілік біледі (итал. quaranta giorni – «қырық күн»). Алайда карантин кезеңдері әртүрлі және ол бұдан аз немесе әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал зұлым COVID-19 жағдайында, әлі де біраз белгісіз мерзімде, дәлірек айтсақ қанша қажет болса, сонша уақыт барлық сақтық шараларын орындауымыз қажет.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры