Жәңгір ханның, Ыбырай Алтынсариннің, Құнанбайдың, Маман Тұрысбектің мектеп салдырғанын тарихтан білеміз. Ал әйгілі күйші, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлының мектеп салдырып, бала оқытқаны жайында естігендеріңіз бар ма?
Бұған дейін жұртшылыққа беймәлім болған бұл деректі ең алғаш тарихшы, архивші, тарих ғылымдарының докторы, Омбы мұрағаттарынан ел тарихына қатысты көптеген құнды мәлімет тапқан Болатбек Нәсенов өзінің «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» атты үлкен еңбегінің 8-томында жариялап, мектеп суреттерін оқырман назарына ұсынған болатын.
Әйгілі күйші 1843-1856 жылдары Қарқаралы округіне қарасты Шаншар-Нұрбике болысына (кейін «Ақбота» деп аталған) болыс болғаны белгілі. Тарихшының айтуынша, Майлықара тауының бауырындағы (Курчатов қаласы мен Дегелеңнің ортасында, Дегелеңнің солтүстік батыс жағынан 60 шақырым) мектеп Тәттімбет Қазанғапұлы болыстық қызмет атқарып жүрген уақытта, шамамен 1852-1854 жылдары тұрғызылған. Өкініштісі сол, мектеп ғимараты 1953 жылы сутегі бомбасы жарылып, 1955 жылы Абыралы ауданы таратылғанға дейін жақсы сақталғанымен, кейін полигондағы әскерлер казармаларын салу үшін асты-үстінің тақтайларын, есік-терезелерін бұзып әкетіп, тек қалқиған қабырғаларын қалдырған. «Мектеп орын тепкен Майлықара тауының солтүстігінде кезінде оннан астам, ал таудың айналасы мен Семей бағытындағы 10-15 шақырым аумақта 50-дей қыстақ болған. Әр қыстақта 10-12 отбасы, әр отбасында орта есеппен 6 адамнан есептегенде 4 мыңға жуық адам осы таудың маңын құтты қонысына айналдырған. Міне, осы себепті де Тәттімбет атамыз бұл жерге сол заманның талабына сай тамаша мектеп салғызған. Бұл мектепте 1850-1953 жылдар аралығында мыңдаған бала білім алды. Оны бітіріп шыққандардың көпшілігі ертеде ағартушы қызметін атқарды. 1931 жылы Абыралы көтерілісіне қатысқандар да, 1937-1939 жылдардағы «халық жаулары» да осы елден шықты», дейді тарихшы.
Тек құжатпен, дерекпен сөйлегенді жөн көретін ғалым осы тарихи нысанды мемлекет қамқорлығына алу жөнінде Мәдениет министрлігіне, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне бір емес, бірнеше мәрте хат жазыпты. Жазған хаты дәлелді болсын деп Тәттімбет Қазанғапұлы салдырған мектепте оқыған, сол өңірді жетік білетін екі адамның сөзін келтіріп, ол кісілерден қолхат алған екен. «Мен бұл мектепте 1944-1946 жылдары 1-2 сыныпта оқыдым. Үлкендердің айтуынша, осы мектептен Тарбақ, Қатпар, Қаражыра, Мыржықтың солтүстігіндегі ауылдардан балалар қатынап оқыған. Менімен бірге Сағын Тәшиев, Оразғали Сағатов, Мәден Жүкенов, Оразбай Исайынов секілді қатарластарым оқыған еді», депті қос куәгердің бірі, 1936 жылы дүниеге келген Жұмағазы Нүркин. Ал осы Дегелеңде дүниеге келген белгілі балалар жазушысы Таупық Рымжанов: «Тәттімбет мектебі толық бір ғасыр өмір сүрді. Мен 1944 жылы үйдің іргесіндегі сол мектепке баруға тиіс едім. Бірақ үй ішіміздің 40-50 шақырым жердегі Дегелең тауының ішіне көшуіне байланысты бірінші сыныпқа Ұзынбұлақтағы орталау мектепке бардым. Менің көзкөрген ретінде айтып отырған бұл дерегім тарихшы Болатбек Нәсеновтің Алматы, Омбы мұрағаттарындағы құжаттар негізінде жазған «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» (2-том) және «Тәттімбет-Мәди» (8-том) кітаптарындағы тарихи деректерге дәл келеді. Мектеп 1950 жылдардың басына дейін бұзылмай тұрды. Дегелең өңірінің ядролық сынақ полигонына айналып, біздің басқа аудандарға көшірілуімізге байланысты 1954 жылы соңғы рет көргенімде Майлықарадағы мектептің қабырғалары ғана қалқайып тұр еді», деп жазыпты.
Абыралы өңірінің тумасы, бүгінде Риддер қаласында тұратын әдебиетші-ұстаз Әбіл Көшербайұлы әйгілі күйші Дегелеңде мектеп ашқан кездері Құнанбай Шыңғыстаудың Ескі там деген жерінде мектеп салдырғанын айтады. «Мектеп салу сол уақыттағы қызмет басында жүрген азаматтар арасындағы бәсеке болуы да мүмкін. Хафиз Нұрбеков деген ұстазымыз бізге: «Осы мектепте сабақ бердім», деп отыратын. Оған бала кезде дұрыс мән бермедік. Бір жағы, сол кездегі мұғалімдер мектепті Тәттімбет салдырғанын да жөнді білмеген секілді», дейді ол.
Ал осыдан 160 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептің қазіргі жай-күйі қандай? «Мен бұл жерге үш-төрт рет бардым. Қабырғалары ғана қалған мектептің биіктігі 4 метрден асады. Қабырғаларының қалыңдығы жарты метр шамасында. Таңғалғаным, кірпіштері сол күйі тұр. Ғажап енді. Өкінішке қарай жоғарыда «мектепті көрдім, сонда оқыдым», деп куәлік айтқан екі қария да өмірден озды. Алайда Қарағандының Егіндібұлағында, Майлықара жақта Тәттімбеттің ағайындары, ұрпақтары тұрады. Бұл мектепті Тәттімбеттің салдырғанын мақтанышпен айтады. Ерекше атап өтер дүние – Майлықара тауының бауырындағы Тәттімбет атамыз осыдан 160 жыл бұрын салдырған мектеп бұрынғы Абыралы ауданының жерінде тұр. Семей қаласының, Курчатов қаласының әкімдіктері, елге-жерге жанашыр азаматтар осы жерге белгі қойса, туристерді апарып көрсететіндей жағдай жасаса, жақсы болар еді. Ал Курчатов қаласын Тәттімбет қаласы деп атаса да әбден жарасады. Өйткені ол – Тәттімбет атамыздың ата-бабасы Шаншар-Нұрбикенің қонысы», дейді Болатбек Нәсенов.
Шығыс Қазақстан облысы