• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Мамыр, 2020

Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді

1843 рет
көрсетілді

Мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай, қазақта дәл осындай мақал бар. Бұның арғы түбі құран-хадистен алынған сияқты. Өйткені Құранда «Әркім қолекі істеген күнәсіне сай зардабын тартады» дейтін мағынада ашық аят бар. Осы орайда біздің айтпағымыз: ертеде таулы-қыр­қалы, сулы-нулы, орман-то­ғайлы өңірде бір тайпа мекен етіпті. Ел болған соң байы мен кедейі, жақсысы мен жаманы, білімдіcі мен наданы араласып өмір сүріпті.

Осы елдің ішінде үйленгеніне көп жыл болмаған жас отбасы өмір сүріпті. Олардың қолында әбден қартайған, асырауға мұқтаж кәрі әкелері бар екен. Жасында бағып-қағып өсіргеніне қа­рамай жас жігіт қарт әкесіне жөнді кө­ңіл бөлмейді. О дү­ниеге аттанатын өл­мелі шал ретінде қа­райды. Қарияның қарны бірде аш, бірде тоқ, бала мен келіннің бергенін ішіп, бермесе сабыр сақтап, бір Құдайға ғана жалбарынып жата береді.

Қарияның жатқан жері мұндай жайсыз болар ма. Балалары болса бұта­ғы дұрыс аршылмаған тал ағаштан жасалған төсек-сәкіге жұқа төсеніш тас­тап, соған жатқызып қояды. Қарияның қарсыласуға қауқары жоқ, ағаш төсекте жамбасы тесіліп, көзі боталап жатады. Тек қана енді-енді есі кіріп келе жатқан төрт жасар немересі атасына келіп, маңдайынан сипап, сақалын тарап қасынан шықпайды.

Атасының ағаш батып, жауыр бол­ған арқасын сипайды, жара­сына май жағып көмектеседі. Атама бұлай жаса­маңдар деп, өзінің әке-шешесіне айтып көреді. Олар әдеттегідей мән бермейді. Содан әбден амалы тау­сылған немере шағын ауланың ішіне жас шыбықтарды жинайды. Оларды нан жабатын пештің үстіне қойып шала кептіреді. Содан кейін асықпай тоқуды бастайды. Төрт жасар баланың қолынан әрине бір­деме келмесі анық. Бірақ жұмысын тоқтатпайды. Қа­шан көрсеңіз аулада шыбық тоқып отырғаны.

Содан бір күні баланың әке-шешесі: «сен осы не істеп жүрсің, мына жас шы­бықтарды қайтесің?», деп сұрайды. Сонда бала: «Жас шыбықтардан сәкі-төсек тоқып жатырмын», дейді. «Оны қайтесің?». «Сіздер қартайғанда сон­да жатқызамын», дейді. Сонда барып әке-шешесі есін жи­ған екен. Сол сәттен бастап әкесі қарияны жұмсақ төсекке жатқызып, күтіп бағыпты.