Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» Заңға қол қойды. Бұл ардагерлер мәселелеріне қатысты көптен бері айтылып келе жатқан өтініштер мен талап-тілектерге билік тарапынан назар аударылғанын көрсетеді.
«Ардагерлер туралы» Заңда негізінен әлеуметтік жағынан қорғалатын ардагерлердің 5 түрлі санаты атап көрсетілген және олар үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері тағайындалған. Бұл Заң бойынша енді Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге және жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, еңбек ардагерлеріне, сонымен қатар осы заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға ерекше жағдайлар жасалмақ.
Заңның 4-бабы мен 8-баптары аралығында жағдай жасалатын ардагерлердің санаттары қамтылса, 9-бапта ардагерлердің мәртебесі белгіленген. 10-14-баптарда ардагерлерді әлеуметтік қолдау шараларының түрлері атап көрсетілген. Әлеуметтік қолдау шараларының ең бастысы – жоғарыда аталған ардагерлердің барлығына жүйелі түрде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының «Ардагерлер туралы» Заңды қолданысқа енгізуі жоғарыда аталған санаттағы ардагерлердің ғана емес, бүкіл көпшілік қауымның да ойынан шыққан игі іс.
Қабылданған Заңның басты мақсаты бойынша енді ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі. Жаңа Заңның ерекшеліктерімен егжей-тегжейлі танысқан Қазақстанның әрбір азаматы «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңның күші жойылғанын есте ұстағандары жөн деп білемін. Ескі Заңда үстірт аталып өтілген немесе қалтарыста қалып кеткен көптеген мәселелер бұл жолғы жаңа Заңда жан-жақты қозғалып, терең талданып, өзгертіле толықтырылып, кеңінен қамтыла қарастырылған. Президент Қ.Тоқаев қол қойып, қолданысқа енгізген жаңа Заң осынысымен құнды.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын