Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында елімізде төтенше жағдайдың аяқталуы және карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты қызмет көрсету секторы қалпына келтіріле бастайтынын айтты.
«Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша экономика 0,2 пайызға төмендеді. Бұған себеп карантиндік шектеулер болды. Әсіресе қызметтер көрсету секторының белсенділігі карантин кезіндегі екі айда төмендеді. Сауда мен көлік салалары бойынша сәуір айының көрсеткіштері наурыз айымен салыстырғанда 30 пайызға төмендеді», деді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, өткен 4 айда экономиканың базалық салаларында оң динамика сақталған.
«Өңдеу өнеркәсібінде өсім 7 пайызды, тау-кен өнеркәсібінде 6 пайыз, құрылыста 5,5 пайызды құрады. Сондай-ақ машина жасауда өсудің жоғары қарқыны (25,4 пайыз) сақталды. Жеңіл өнеркәсіптегі өсім 13,9%-ды, фармацевтикада – 24,2%-ды, сондай-ақ байланыс қызметтерінде – 9,6%-ды, ауыл шаруашылығында – 2,2%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,9%-ға өсті. Алтын-валюта қоры 30,5 млрд доллар, Ұлттық қор активтері 58,5 млрд долларды құрады. Елімізде төтенше жағдайдың аяқталуы және карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты қызмет көрсету секторы қалпына келтіріле бастауы тиіс», - деді Үкімет басшысы.