• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2020

Ассамблея Мақтааралға 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді

247 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 16 жүк көлігімен 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы ҚХА баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттар жөнелтілді.

«Металл Пром Групп» ЖШС аумағында жасақталған керуен жолға шығар алдында ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірді. Соның ішінде Алматы өзбек этномәдени бірлестігі, Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени бірлестігінің филиалы, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қазақстан Дүнген қоғамының Алматыдағы филиалы, сондай-ақ «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі және басқа да орталықтардың еңбегін айрықша атап өтті.

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 4 мамырда Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын бастап, этно-мәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн 325 мың теңгені құрағанын жеткізді. Алматыда 98 тонна күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар мен химиялық заттар, азық-түлік және басқа керек-жарақ жиналса, Жамбыл облысы Қордай ауданы 5 млн 500 мың теңгеге азық-түлік жөнелткен.

«Вынхуа» дүнген этно-мәдени бірлестігі жіберген 11 тонна ұн, 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш, 1,5 тонна макарон және 1500 литр өсімдік майы, 5,3 тонна картоп, 500 келі пияз, 300 келі тұз, 1000 қорап шәй өнімдері мен 25 келі тұрмыстық-гигиеналық заттарды Мақтаарал ауданы қуана қабылдап алды.