• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2020

Шығыс Қазақстан: «ADAL KÓMEK» тегін құқықтық көмек көрсетеді

1956 рет
көрсетілді

Жер, салық, тұрғын-үй, жеңілдікпен несие алу сынды тақырыптар толғандырады екен.

«Еріктілер жылы» аясында азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «ADAL KÓMEK» жобасы жүзеге асырылуда. Біздің облыста өңір тұрғындарына азаматтық және қылмыстық құқық саласындағы заңгерлер, адвокаттар мен нотариустар кеңес беруде. Аймақтағы  қала және аудан әкімдіктерінің, басқармалардың заңгерлері де осы акцияға белсенді қатысуда. Мамандар кеңесіне жүгінген жұртшылықтың басым көпшілігін әлеуметтік салаға қатысты, оның ішінде жер, салық, тұрғын-үй, жеңілдікпен несие алу сынды тақырыптар толғандырады екен.

«16 наурыздан елімізде төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты «ADAL KÓMEK» жобасы аясындағы кеңес берулер онлайн режимде жүргізілуде. Апта сайын облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «Антикор орталығында» облыстық заңгерлік консультанттар палатасының заңгерлерімен бірлесе тікелей эфирде тұрғындар жиі сауалдар қоятын заңдардың нормалалары түсіндірілуде. Атап айтсақ, заңгер Максим Кузнецов Жер кодексінің нормаларын: жер телімдерін алу, рәсімдеу және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелерін түсіндірсе, адвокат Юлия Федченко Еңбек кодексіне қатысты: еңбек шарттарын жасасу және бұзу, жеке және ұжымдық еңбек даулары пайда болған кезде келісу комиссиясының жұмысы, еңбек жағдайларының өзгеруі, еңбекақы төлеу, қызметкердің келісімісіз еңбекақысынан ұстап қалу, жыл сайынғы еңбек демалысын бөліп беру туралы түсініктеме берді. Сондай-ақ, БАҚ-тардағы, әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сәйкес елімізде орын алған жағдайға байланысты яғни карантин режимі басталғаннан бері үйдегі зорлық-зомбылық оқиғаларының саны артқандығы байқалады. Осыған байланысты белгілі адвокат Айман Умарова және облыстық заңгерлік консультанттар палатасының төрайымы Алтынай Аринова "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" Заңы бойынша облыс тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берді. Қалалық және аудандық әкімдіктердің заңгерлері де жоба аясында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Тұрғындарға мәселелерін шешуде құқықтық кеңес берумен қатар, заңдардың нормалаларын түсіндіру бойынша видеороликтер дайындалды. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар түйткілді сұрақтарына жауап алды. «Адал көмек» акциясы алдағы уақытта жалғасады» дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет.

 ӨСКЕМЕН