Атырауда жиырма жыл бұрын ашылған «Жеңіс» саябағы бар. Енді сол саябақта «Тағзым» аллеясы ашылды.
Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған бұл шара облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қатысуымен өтті. Аллеяның құрылысын жүргізуге облыс пен қала әкімдіктері бастамашы болыпты. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған майдангерлерге 14 бюст қойылды. Олардың қатарынан Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова мен «Даңқ» орденінің тағы бір толық иегері Сақап Қызыловтың есімі орын алды. Бюст қоладан құйылып, тұғыртасы граниттен жасалыпты.
– «Жеңіс» саябағы әр жылдары Жеңіс күні қарсаңында жаңартылып келеді. Биыл саябақтың аумағы кеңейтіліп, күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Саябақтың жанына 1000-ға жуық алма ағашы отырғызылды. Енді 3800 шаршы метр газон төселуде, – дейді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.
Ал «Тағзым» аллеясына жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасады.