Иә, киелі өнердің патшалығына барар жол оңай деп кім айтты, оның алтын қақпасы тек шындыққа, тазалыққа, ащы терін шелектеп төккен шынайы талантқа ғана ашылатынын терең түсінген сахна сардарының бірі – Нұрмұхан Жантөрин еді. Адамдар неге ұмытшақ, неге ғапыл, өшпес мұра қалдырған талай жақсыларын кейде ұмытып кетеді.
Азбайтын, тозбайтын, әз өнері уақыт өткен сайын құлпыра түсетін, Самарқанның көк тасындай жайтаң қағатын әйгілі дарынның 2018 жылы аталып өтуге тиіс 90 жылдық мерейтойы да жоқтаушысы болмағасын құмығып қалды. Мұны айтпауға да болар еді, алайда Жантөриннің жұрнағына татымайтын әлдебіреулердің театр фестивальдары дүрілдей өтіп, бүкіл республикаға сауын айтылып, оған бүгінгі көзі тірі театр мен киноның «перғауындары» аттандап шабысып, сый-сияпатқа бөгіп қалды.
«Жантөрин шабыттанған сәттерінде жастық хикаяларын, өз өмірінің қызғылықты шақтарын мұртынан күлкі төгіле отырып әңгімелер еді. Осындай мезеттерде сыршыл да жомарт, ал қырсығып қалса тұнжырап, үндемей қоятын. Сондықтан да оның араласатын адамдары да сирек еді», дейді замандастары.
Оны шабыт үстінде, қолынан келмейтіні жоқ сиқыр өнері саф алтын ерітіндісіндей тамшылап, көзінен қан аралас от шашырап, тәңірлік бейнеге енген сәтін көрсең ғой, шіркін!
Қол жайып ешкімнен ештеңе сұрамайтын, өз қадірін өзі білетін, терең дариядай ырғалып ағатын, өткір кішірек көзінен таланттың, мол білімнің, ақылдың жалқын сәулесі себездеп тұрушы еді-ау!
Амал не, қашан да әр таланттың тұсында онымен бірге бір перғауын, бір сұрқылтай қоса жүреді.
«Талант, қазақша айтқанда, бәйге аты секілді, оның күні азаппен өтеді. Азаптың қызығын жалпақ жұрт көреді», деп еді-ау бір кезде Тәкен Әлімқұлов.
Осы орайда, Хадиша Бөкеева апайдың мына пікіріне де жолшыбай соға кеткен жөн бе деймін: «Өнерде Нұрмұхан Жантөриннен асқан серік болған жоқ менде. Онымен бірге қызмет еткен жылдарым – шығармашылығымдағы ең қымбат уақыттар. Нұрмұхан Жантөриннің тағдыры – үлкен суретші тұлғасын, ешкімге ұқсамайтын мінезін түсінбеу, мойындамаудың классикалық үлгісі секілді. Ол театрдан кеткен соң, мен де репертуардан шығып қалғандай болдым. Серігімді, өнердегі һәм өмірдегі досымды жоғалттым ғой! Бүгінгі күні театр ұжымында Нұрмұханға талантымен, мәдениетімен тең келетін актер жоқ. Оған дейін де болмаған еді».
Нұрекеңмен өнер жазирасында ұзақ жыл қоян-қолтық, үзеңгілес жүрген Хадиша апайдың мына сөзінің арғы жағынан біраз жайт «мені де айт, мені де айт» деп сығалап тұрғандай.
Өлген бураның басынан тірі атанның иманы ұшады. Міне, көл-көсір дарын, жойқын талантты ұмыттыру, елемеу сияқты қотиындықпен тоғышарлар әлі де айналысуда екен-ау!
Әзербайжан Республикасын біраз жыл басқарған Гейдар Әлиев: «Біздің еліміздің екі байлығы бар: оның алғашқысы мұнай да, екіншісі – Мүсілім Магомаев», дейді екен.
Иә, ұлт мақтанышын осылай әспеттесе не айып?
Құдайға деген сүйіспеншілік құшағында жүріп, өз жеке басына деген құштарлығын жойған пенде ғана кемел дүние тудыра алады. Үздіксіз рухани ізденіс, тоқмейілсуді білмейтін дамылсыз еңбек, биік поэтикалық мәдениет, әлемдік классиканың тұңғиығына бұлқыған, энци- клопедиялық білімді меңгерген Нұрмұхандай актер сирек еді-ау!
Жалғанда елдің жан қылын тербеуден қиын нәрсе жоқ. Оның үстіне, мінезді таланттар тарпаң келеді. Жантөриннің театрдан кетуінің бір себебі – режиссерлердің кәсіби біліміне көңілі толмағандықтан екені анық.
Ол – еуропалық пластика мен далалық мәдениеттің сұлу синтезін тапқан суреткер. Ол Батыс пен Шығыс өнерінің қоспасынан өзіндік ой түйе білген хас шебер еді.
Егер Англия, Германия немесе Америкада туса, Жантөрин жер-жиһанға мәшһүр жампоз актер болар еді-ау! Қайтерсің, қазақи ортада, қырқылжың қоғамда өмір сүрсе де, сабазың оттай маздап өтті-ау! Даму диалектикасына сайсақ, қылтанақ та өсіп, алып болады. Бойы жүз метрден әрі самғайтын секвойя ағашы да бармақтай дәннен тамыр тартады.
Қашан да, Құдай тағала жойқын таланттардың жолына қиындық пен қасіреттің неше атасын үйіп төгеді. «Алла қолдаса, алапат өрттің ішіндегі шүйкедей мақта да жанбай қалады» дегендей, әлгілер алдындағы кедергілердің бәрін жайпап өтеді. Бірақ бұл өздеріне де оңайға соқпайды.
Ата-анасы бала кезінде Бетховенді рояльда ойнауға аштықпен жазалап үйреткен, жас Паганиниді де әке-шешесі ұрып-соғып, шоланға қамап мәжбүрлеген. Әйгілі Майкл Джексонды да әкесі белбеумен тіліп тұрып, ән айтуға дағдыландырған.
Шыңғыс төре де баласы Шоқанды Омбыдағы кадет корпусының оқуына ойбайлатып, арбаға байлап апарған.
Ал Нұрмұхан әкесіз өсті. «Әкесіз жетім – арлы жетім» дегендей, өмір бойы өзін өзі жанын жалдап, өнер биігіне сүйреумен өткен тәрізді.
Әйгілі актер 1928 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысында өмір есігін ашыпты. Қызы Жаннаның айтуынша, шешесі Ғазиз 16 жасында Нұрмұханды түйенің үстінде толғатып, қиындықпен дүниеге әкеледі. Отбасындағы берекесіздіктің салдарынан байғұс келіншек емшектегі баласын арқалап, арып-ашып, төркініне келіп паналайды. Әкесі Сейдахмет те «шу, қарақұйрық» дегендей, сол кеткеннен мол кетіп, хабарласпайды. Ғазиз шешесі баласын атасы Жантөренің атына жаздырып, жалғыз өзі тәрбиелеп, адам етіп шығарады.
Енді Нұрмұханның әкесі Сейдахметке жазған хатын оқып көрейік: «Көке, 45-ке келгенше мен сенің атыңды да білгенім жоқ. Өзіңді де бір көрген жоқпын. Қалжан апа болмағанда, мүмкін, бір-бірімізді әлі күнге дейін көрмей жүре берер ме едік...
Алматыға немерелеріңді көруге неге келмегеніңді сұрадым. Үндемедің. Бірінші рет жолыққанымызда қазанға салатын малдың бір қабырғасы табылмады ма деп сұрадым. Үндемедің. Жалғыз ұлы алыстан келгенде оған бір сұр жіп беретін әдет бар ғой. Ал сен үндемедің. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз емес пе еді...
Ғазиз қайтыс болды. Сен үндемедің. Сен әйеліңді, мен анамды жоғалттым. Сен үндемедің. Жетім күйімде 50 жасқа жеттім. Бұл туралы газеттерге көп жазылды, бүкіл Қазақстан білетін. Ал сен үндемедің. Сенің ұлың әке атанды. Үндемедің...
Жанын азапқа салса да, мені адам етіп шығарған кім? Ғазиз! Оқытып, тоқытқан кім? Ғазиз! Сондықтан Көке, ренжіме, менің әкем де, шешем де Ғазиз болды.
Иә, мен Адай руынанмын. Бірақ қандай буыннан екенін білмеймін. Оны маған кім айтып жатыр? Адайлардың арасында «мен Адаймын» деп айтуға ұялатын едім. Себебі қай буыннан тарайтынымды толық айта алмаймын... Сен 16 жасында талақ қылған Ғазиз да мұны тарқатып, түсіндірмеді. Ал сен үндемедің.
Ғазиз кетті. Сен де кететін шығарсың... үнсіз. Ешбір шындықты біле алмай, мен де сендердің соңдарыңнан барармын. Орысқа үйленгенім үшін ол жақта отқа күйетін шығармын. Ештеңе етпес!
Егер сенің жорғаң тамұқтың қасында жайылар болса, саған хат жазып тұруға тырысамын. Сау бол, аман бол, Көке!
Нұрмұхан».
Япырмай, бақиға аттанар алдында шарт жүгініп, антқа отырғандай бұл неткен ауыр хат?! Соншалық бір-біріне топырақ та салмайтындай, бастарына не күн туды екен? Беті аулақ, өз қанынан жаралған Нұрмұхандай баласын сыртқа тепкен мұндай да қатыгез әке болады екен-ау!
Әкелерін соғыс жалмап, өмір бойы өксіп өткен кешегі ағаларымыз анау, ал әкесі жер бетінде дін аман жүріп, өзі тірі жетім атанған Нұрмұхан мынау... Е, қанизесі кең Құдай- ай, пенде шіркінді түрлі күйге саласың-ау!
Енді Нұрекеңнің өмірбаян соқпағына қайта оралайық. Ол еңбек жолын ерте бастайды. Мұнай өнеркәсібінде оператордың көмекшісі болып қызмет атқарады.
Жергілікті басшылардың ұйғаруы бойынша, Гурьевтің жас мұнайшысы Нұрмұхан 1946 жылы 18 жасында Алматыға алты айлық киномеханиктер курсына келеді. Экраннан, сахнадан көрген әртістердің ойындарын, іс-әрекеттері мен мінез-құлқын айнытпай салған Нұрмұханға курстас достары да таңғалып жүреді. Өзі де бұған «ет пен терінің арасында жүрген, балалық әуестіктен туған уақытша нәрсе шығар» деп мән бермейді.
Егер мына бір оқиға кездеспегенде, Нұрмұхан киномеханиктер курсын бітіріп, елге кетіп қалар ма еді, қайтер еді?!
Кешке қарай асханадан тамақтанып, жатақханаға қайтып келе жатқан бір топ жігіттің ішінен көшеде кездескен бейтаныс жан Нұрмұханды бөліп алып: «Мен режиссер Кочетовпын. Жігітім, сіздің киноактер болғыңыз келмей ме, егер келіссеңіз, тез арада хабарласыңыз», деп мекенжайын жазып қалдырады.
Сөйтіп Нұрмұхан аяқ астынан кино актерлер мектебіне қабылданады. Кейіннен Жантөрин режиссер Кочетовпен кездесіп, он жігіттің ішінен неге мені таңдадыңыз дегенде, ол: «Сенің сынай қараған жай көзқарасыңның өзі адамды рентген сәулесіндей тіліп өтеді екен. Бұл – ілуде бір кездесетін айрықша қасиет. Көз – киноактердің жаны», деп шындықты айтыпты.
Ендеше, бар кілтипан – дүниені кірпік қақпай бағып отырған, ойға шүпілдеген осы бір қысыңқы көзде жатпасын?!
КСРО Халық әртісі, кино патриархы Сергей Герасимов: «Мен Жантөриннің Шоқанды ойнағанындай, Чернышевкийді де дәл осындай етіп ойнайтын адам табылса деп армандаймын. Жантөрин экранда дәл Шоқанның өзі болып көрінді. Бұл адамның жүзінен, іс-әрекетінен, қимылынан, жанарынан халықтың тарихын көресің. Мен фильмді екі рет тамашаладым. Үшінші рет оның бет-әлпетін зерттеу үшін көрдім. Уәлиханов экранда соншалық керемет берілген. Ірі. Кез келген көріністер, әсіресе Шоқанның көздері ғажап!» деп жазды.
Осы орайда, космостың жалынындай жалмап түсетін ультракүлгін сәулесіндей анау тұнжыр да тұңғиық көзқарасқа еріксіз таңдана қарайсың.
Кезінде Роза Тәжібайқызы Бағланова апай да («Жас қазақ», 4.10.2013 ж.) мына бір көпшілік біле бермейтін сыр ұшығын сабақтай кетіпті: «Менің білуімше, Гүлфайрус Мансұрқызы Исмайылова өмір бойы актер Жантөринге ғашық болып өтті. Сондай жанға көз салмаған қандай еркек, кім біледі? Әйтеуір қосыла алмады. Гүлфайрус Нұрмұхан болмаса бәрібір деді ме, өзге ұлттың жігітінің етегінен ұстады. Мен ойлайтынмын, Гүлфайрус неге қызықты, сол «сығырайған көзіне» ғана ма деп. Мен қателесіппін. Ол нағыз жігіттің сұлтаны, асқан талант иесі, сол көзі, экранда үндемей тұрған бейнесі, қайталанбас дара тұлға екен, оны уақыт көрсетті. Асыл туған Гүлфайрус «әлгі көзге» тегін ғашық болмапты-ау».
Міне, Роза Тәжібайқызы айтқандай, осынау тұнжыр да, тұңғиық һәм отты жанар Жантөрин феноменінің бір бөлшегі десе болғандай.
Сценарий мәтінін жаттап алып, айтар сөзіңді туралап төпелемей, көз шоласымен сездіру, құпиялап, тұспалдап айту, ишарамен білдіру ахуалды одан әрі құтырта, ынтықтыра, үздіктіре түспей ме?
Ішкі монолог, қажет жерінде сәл-пәл жадырағанымен, үнемі ойға батып отыру – дедукция арқылы ұғысу, әр нәрсенің мәніне үңілу – Нұрмұхан өнернамасының ең басты иманшартындай.
Негізінен, актерге керегі, бірінші – сұңғылалық, екіншісі – кейіпкер бейнесін қалыпты жағдайдан да шырқатып, импровизациялық шеберлікпен маздата ойнау, үшіншісі – соған лайық көңіл күй десек, Жантөрин ойыны осылардың ортақ квитэссенциясы секілді.
Қазақтың ойлы ақыны Дүйсенбек Қанатбаевтың «Рөл» деген Нұрмұхан Жантөринге арнаған өлеңі бар.
Маңғыстаудың жерінде...
төңкерісті шақтарды,
Көрсететін бір фильм түсіріліп
жатқан-ды.
Ұзақты күн бас актер жүрді өтінде
аптаптың,
Режиссер риза, қояды оны
мақтап тым.
Зауал ауа тозаңға толған кезде
қарсы алды;
– Дем алыңдар! – деп жұртқа
режиссер жар салды.
Ұмытты ма кейіпкер,
жуып-шаймай гримін,
Қақпасына таянды шұбаты бар
бір үйдің.
Сәлем берді әжеге,
арып-ашқан «құрбашы»...
– Тірі ме едің, ағатай...
Тоқабайдың Құрмашы?!
Кейуана білмеді бауырына не дерін,
Жылап тұрып ұсынды...
шұбат толы зереңін...
Міне, көрдіңіз бе, барлық түйін осы соңғы шумақтарда! Бәленбай жыл бұрын опат болды деген ағасын жазбай танып, қарындасы үнсіз өксиді. Танып тұр. Таңғалып тұр. Әй, Нұрекем-ай, заңғарым-ай! Кімді сомдасаң да айнытпай кескіндейсің-ау!
«Жаратқан ие өз дегенін аса дарынды адамдардың аузымен ишаралап, солардың қимыл-әрекетімен, ағыл-тегіл айтқан сөзімен сездіреді», дейді даналар.
Табиғатта морган сағымдары деген болады. Ол кейде ондаған ғасыр бұрынғы оқиғаларды қаз-қалпында қас-қағым сәтке көз алдыңа әкеледі де, іле-шала ғайып болып кетеді. Мұның құпиясын әлі күнге жан баласы білген емес.
Ендеше, Нұрмұхан да жүздеген жылдар бұрынғы Бейбарыс бабасының дәл кескінін бізге мұраға қалдырған шығар, кім білсін?!
Киноактерлер мектебін бітіргеннен кейін жас дарын алғаш рет 1949 жылы «Мосьфильм» түсірген «Аласталған Алитет» кинофильміндегі Туматугенің экрандық кейпін сомдады. Осыдан кейін өзінің актерлік қабілетімен көзге түсе бастаған Жантөрин 1950 жылы Ташкенттің театр институтына оқуға түсіп, оны үш жыл ішінде бітіріп қайтты және көп кешікпей Қазақтың Академиялық драма театрының труппасына қабылданды. Әйгілі актер драма театрында еңбек ете жүріп, қашан кетер кеткенше 32 рөлді шеберлікпен сомдап шығыпты. Ал кино саласында 72 рөлде ойнап, оның көпшілігінде басты кейіпкерлерді таңдай қақтыра бейнелеп, көрермендерінің шексіз алғысына ие болды.
Қарап отырсақ, Жантөрин 6 рет «Қырғызфильмде», 5 рет «Мосфильмде», 2 рет «Ленфильмде», 3 рет «Свердлофильмде», 6 рет «Өзбекфильмде», 1 рет «Моңғолкинода», 1 рет Довженко атындағы киностудияда, 1 рет Горький атындағы киностудияда, 1 рет Одесса киностудиясында, 1 рет «Қарақалпақкинода», 1 рет «Экран» орталық теледидарында басты рөлдерді асқан шабытпен кескіндеді.
Өткен жылдар жылнамасын ақтарғанда, Жантөрин жайлы жергілікті өнер қайраткерлерінен гөрі, шетелдік өнер сарапшылары, әсіресе Ресейдің театр мен кино алыптары көбірек қалам тербепті.
КСРО-ның соңғы маршалы, ГКЧП-ға қатысушы Дмитрий Язов өз естелігінде: «Алматы – театралды қала. Өнер ордаларында жаңадан қойылатын дүниелерден қалмауға тырысатынмын. Булгаковтың «Мольерін» сахналағанда Мольер рөлін ойнаған Нұрмұхан Жантөринді көруге Мәскеуден арнайы адамдар ұшып келгенін де білемін», деген еді.
Сұлтан Бейбарыс образы – Нұрмұхан Жантөриннің актерлік шеберлігінің шырқау шыңына айналғаны белгілі. Фильмнің дыбысын жазу сәтінде даңқты режиссер Сергей Бондарчуктың өзі: «Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның үнін жазудың өзі бір ғанибет қой!», деп таңдай қаққаны есімізде.
Міне, «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Нұрмұхан сомдаған адамдар тағдырларының, өмір, тіршілік көріністерінің ғажайып панорамасы тербетіле көшкен керуендей көз алдымыздан өтіп жатыр...
Әлдісі әлсізін талап жеп, қанын судай шашып жатқан орта ғасырлық дәуірде зілмауыр хикмет, мехнаттар еңсесін езіп, тұңғиық ойға батқан, беті қақталған мыс қаңылтырдай боп күреңіткен Бейбарыс бейнесі...
Осы фильмдегі ой мен символикаға оралайықшы. Уақыт пен кеңістік, дүлей күш пен дәрменсіздік, бір уыс ғұмыр, бақ пен сор, үміт пен үрей, даңқ пен мүсәпірлік, жарты әлемді жамбасыңа бассаң да, түбінде күллісі тұлдырланып, бәрі бекер, құр рәсуа әурешілік екені Нұрмұханның ой ағыстары, ішкі монологтары арқылы тұла бойыңды қалшылдатады. Иә, ол тіршіліктің ұңғыл-шұңғылын, адам жанының иірімдерін қапысыз меңгеріп, рухани максимализмге қол артты.
Жантөриннің сомдаған Бейбарысы, Шоқаны, Батуы... сиқырлы бояумен бедерленген әлемдік картиналар галереясына қосылды.
Жұмабай ҚҰЛИЕВ
(Жалғасы бар)