«Танк макетінің ұзындығы – 30 см, биіктігі – 15 см, ені – 17 см. Қалдық материалдар, темір жинадым. Дөңгелектері мойынтіректен, ал табанына «Жигули» автокөлігінің шынжырын қолдандым. Мұнарасындағы қаңылтыр 360 градусқа бұрылады. Зеңбірегі, тартатын арқаны, күрек, арасы, жарықшам, бак және тағы басқа бөлшектері суреттен көрінеді», дейді Азамат Сүлейменов.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығына орай ол өзі жасаған танк жобасын жерлес батыр Әбілқайыр Баймолдиннің рухына арнаған екен.
Жауынгер Әбілқайыр Баймолдин Тақыр ауылында туған. 1944 жылдың қаңтарында Невель қаласын жаудан қорғап, ерлікпен қаза тапты. Баймолдин басқарған взвод қатарында Мәншүк Мәметова болған. Невельді жаудан босатқан соң, Ә.Баймолдин қала коменданты болып тағайындалады.
Азамат батырға арнаған танк макетін жасауда әрбір бөлшегіне ерекше көңіл бөліпті.
– Мәңгілік от темір қаңылтырдан 1 мм кесіліп дәнекерленді. Оттың өзі де темірден және бейнесі бейбітшілік құсы көгершінге ұқсас жасалды, – дейді ол.
Танк орналасқан темір тұғырдың айналасындағы мәңгілік оттың жанында екі қалампыр гүлі жұқа қаңылтырдан, шөп қағаздан кесіліп, жасыл түске желімделген. Қоршауы шағын шегемен дәнекерленіп, сары жібек жіппен ілінген.
Ал Азамат ауылдағы Тақыр негізгі білім беру мектебінің технология пәнінің мұғалімі. Мамандығы инженер-педагог, физик-информатик. Ауыл мектебінде 17 жылдан бері қызмет етіп келеді. Шағын жинақты ауыл мектебінде 39 оқушы ғана қалыпты.
Төтенше жағдай уақытына дейін оқушыларымен бірге түрлі жобалар құрастыратын. Оларға да қызықты, өздері де ізденіп, түрлі бұйымдар, зат жасайды. Әскери техникалардың макетін жасау – оқушыларды мектеп бітірген соң, Отан қорғауға, әскер қатарына баруға қызықтырады, патриоттық тәрбие береді.
Жуырда аудандық білім бөлімінің қашықтан жариялаған байқауы барысында Азамат Сүлейменовтің жасаған танк жобасы 1-орын алды.
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы