Бүгін Алматы облысынан жолға шыққан жүк керуені Түркістан облысының Мақтаарал ауданына келді. Өңірге 15 жүк көлігіне тиелген 260 тонна гуманитарлық көмекпен бірге жетісулық ағайынның топан су зардабын шеккен оңтүстік жұртына жолдаған ыстық сәлемі де жетті.
Қайырым шарасына бір кісідей жұмылған Алматы облысы тұрғындары 120 тонна азық-түлік, 140 тонна құрылыс материалдарын жинап берген екен. Әрі бұл Жетісудан жеткен көмектің алғашқы легі, қолдау көрсету жүмысы жалғасуда. Енді бірер күннен кейін кезекті керуен жолға шықпақшы.
Сондай-ақ Жетісудың ерікті жастары Мақтаарал аумағындағы қалыпқа келтіру ісіне қолғабыс етпек. Осы жолғы керуенмен берге 15 волонтер ере келіп, алдағы 10 бойына құрылыс жұмыстарына араласады.
- Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған апат барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып, алаңдатқаны белгілі. Осыған байланысты өңірге ел болып қолдау көрсетіп, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр. Теңіздей көңілмен тамшыдай үлесін қосам деген ағайынның ниетін жүрекжарды тілектері мен әр өңірден келіп жатқан жүк көліктері дәлелдеп жатыр. Бұл іске жетісулықтар да жұмылды. Міне, керуенді бастап оңтүстікке келіп қалдық. Жастар жұмылып, қам көңіл адамдарға көмек көрсетпек.. Ораза тұтқан ағайынға жетісулықтар атынан ауызашар бердік. 15 волентер апат зардабын жоюға қолғабыс етеді. Бұл керуен Алматы облысынан келген көмектің басы, ізгі шара жалғасады, - дейді Алматы облысының Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас.