Қазақ руханиятына олжа салар тағы бір атаулы күн ел құлағын елең еткізері сөзсіз. Осы жылдың 28 қарашасында Мұхтар Әуезов мемориалдық музей-үйінің алғашқы келушілеріне есігін айқара ашқанына 50 жыл толғалы отыр. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің қасиетті ордасының мерейтойы құрметіне ертең М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты салтанатты мәжіліс өткізеді. Елдің мәдени-рухани өміріндегі осынау айшықты оқиғаға орай біз «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаевқа жолығып әңгімелескен едік.
Қазақ руханиятына олжа салар тағы бір атаулы күн ел құлағын елең еткізері сөзсіз. Осы жылдың 28 қарашасында Мұхтар Әуезов мемориалдық музей-үйінің алғашқы келушілеріне есігін айқара ашқанына 50 жыл толғалы отыр. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің қасиетті ордасының мерейтойы құрметіне ертең М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты салтанатты мәжіліс өткізеді. Елдің мәдени-рухани өміріндегі осынау айшықты оқиғаға орай біз «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаевқа жолығып әңгімелескен едік.
– Диар Асқарұлы, мерекелі мерейтой құтты болсын! Сіз әуелі даңқы алысқа кеткен, халқымызға жарты ғасыр қызмет еткен болашақ музейге негіз болған Әуезовтің үйі туралы аз-кем айтып бермес пе екенсіз?
– Рахмет. 1930 жылдардың басындағы «Қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты әділетсіз үкіммен екі жыл қамауда отырғаннан кейінгі Әуезовтің өмір жолы түгелдей Алматы қаласымен байланысты болды. 1938 жылға дейін Өзбек көшесіндегі (қазіргі Сейфуллин), одан 1951 жылға дейін отбасымен Калинин көшесіндегі, Абай атындағы опера және балет театрының қарсысындағы үйде тұрған. Театрдың қасындағы бау-бақта 1967 жылы қойылған Әуезов ескерткіші тұр. Ал үйдің қабырғасына Мұхтар Омарханұлының бейнесі бедерленген, осында тұрған жылдары көрсетілген ескерткіш тақта орнатылған.
М.Әуезов әрқашан өз үйі болуын арман еткен. Сол арманын жүзеге асыру үшін 1949 жылы Г.Денякин деген кісіден шағын үйлі жер телімін сатып алады. Сосын үй бұзылып, қосымша қора-қопсылары тазартылып, құрылыс жүргізетін алаң дайын болады. Одан әрі Әуезов болашақ үйдің жобасын жасау үшін сәулетші Георгий Герасимовтың көмегіне жүгінеді. Ол өз ісінің шебері, тәп-тәуір суретші, кейінірек Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген құрылысшысы атағын алған екен. Осы Герасимовпен біріге отырып жазушы үйдің жобасын бірге ойластырған, сызбалар мен нобайларды да өзі сызған. Сайып келгенде, ол жобаның қосымша авторларының бірі болған. Құрылыс 1950 жылдың мамыр айында басталып, М.Әуезов ондағы жұмыстарды қатты қадағалап, жиі барып тұрған.
Жеке үй-жайдың құрылысы 1951 жылы аяқталады. Өзінің мәскеулік досы, әдебиетші З.Кедринаға осы жылдың тамыз айында жазған хатында М.Әуезов маусымның соңында отбасының жаңа үйге көшіп кіргенін хабарлайды. Сөйтіп, Абай көшесіндегі (қазіргі Төлебаев) №159 мекен-жайындағы екі қабатты үйде ұлы жазушы өмірінің соңғы 10 жылы өтеді.
– Олай болса, ұлы қаламгердің жан тынысымен суарылған осынау ғажап үйде өткізген өмір кезеңін қалай бағалар едік?
– Бұл шабытты шығармашылық еңбекке, белсенді қоғамдық һәм ұстаздық қызметке толы жылдар болды. Сондай-ақ, осы жылдарда Мұхтар Омарханұлы үлкен ғылыми жұмыстарды да қоса атқарды. Қазақ ғалымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланған ол Қаныш Сәтбаевтың ұсынысы бойынша Ғылым академиясы президиумының құрамында жемісті жұмыс жүргізді. Ұзақ жылдар бойы академияның Тіл және әдебиет институтында қазақ әдебиетінің мәселелерін зерттеумен айналысты. Ал 1961 жылы оның ұсынысымен Әдебиет және өнер институты ірге көтерген кезде ол фольклор бөліміне жетекшілік етті. Кейіннен институтқа М.О.Әуезовтің есімі берілді.
Осы үйдегі жұмыс бөлмесінде жазушы әйгілі төрт томдық «Абай жолы» эпопеясының соңғы нүктесін қойып, осы орайдағы көп жылдық көз майын тауысқан мәуелі еңбегін аяқтады. Осы арада бұл атақты романдар топтамасының әлемнің көптеген елдерінде 160 мәрте жарық көргенін айта кеткен де ләзім. Сонымен бірге, мұнда көптеген пьесалар, очерктер, әдебиеттану саласындағы бірқатар ірі еңбектер өмірге жолдама алды. Жазушының соңғы романы «Өскен өркен» жазылды. Міне, осынау қастерлі үйде жарты ғасырдан бері қазақ әдебиеті классигінің мемориалдық мұражайы жұмыс істеп келеді.
– Енді осы әрбір қазақ баласы үшін қымбат үйдің бөлмелерін ой көзімен бір аралап өтсек қайтеді?
– Болады. Бірінші қабаттағы қонақ бөлмеде Мұхтар Әуезов бастаған отбасы мүшелері кешқұрым түгел жиналатын. Мұнда әрдайым жылы да жанға жайлы күй ойнайтын. Олар теледидардан берілетін қызғылықты хабарды бірге көретін. Бөлмеде жазушымен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болған КСРО Халық суретшісі Орал Тансықбаевтың «Көктөбе» деген және басқа да авторлардың картиналары тұр. Сондай-ақ, осы бөлмедегі сәнді бұйымдар қатарында екі қаз бейнесі қондырылған қола күлсауыт, Вьетнам жазушылары 1958 жылы сыйлаған шылым қорапшасы, піл сүйегіне өрнектелген Тәж-Махал кесенесі мен үнділік, жапондық қолөнер туындылары мен басқа да экспонаттар ерекше көз тартады.
Үйдегі ең үлкен бөлме – ас үй. Ондағы қолдан жасалған ас үй жабдықтарын Мұхаң арнайы тапсырыспен алдыртқан. Осы үлкен дастарқанның басына оның қаламдас достары, ғалымдар, көптеген елдердің қоғам қайраткерлері жиналып, дәм тататын, әңгіме-дүкен құратын. «Дастарқандағы алмалар» натюрморты көзге түседі. Басқа да қылқалам туындылары бар. Сонымен қатар, әдебиет пен өнер қайраткерлері, шетелдік достары сыйға тартқан, отбасы мүшелері өздері сатып алған хрусталь, қола вазалар, үстел сервиздері, қытай кеселері, чех фужерлері, күміс бұйымдар, үлкен парсы кілемі сияқты т.б. жәдігерлер сәнге сән қосқандай.
Жұмыс кабинеті – Мұхтар Омарханұлының сүйікті бөлмесі. Бөлме төріндегі үлкен жазу үстелінде соңғы екі кітабы жазылған атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін 1959 жылы Лениндік сыйлық алды. Жұмыс үстелінің үстінде жазушының өзі белгі соғып, өңдеу жүргізген көптеген парақтар, Одақтағы солтүстік халықтарының эпосы туралы бастапқы жазбалары, бір студенттің диплом жұмысына қатысты соңғы пікірі, Валентина Николаевна Әуезова сыйлаған ағаштан жасалған вьетнамдық жазу құралдары, оқырман хаттары. Жазушы шығармашылығының үнсіз куәгеріндей «Мұхтардың бүркіті» атты ықшам мүсінше де жарты ғасырдан астам уақыт осы жұмыс үстелінде тұр.
Келесі – жазушының қарындасы Үмияның бөлмесі. Ондағы жәдігердің бірі қаламгердің 60 жылдық мерейтойына байланысты сыйға тартылған сырлы жазуы бар үлкен сандық. Оны жазушы қарындасына сыйлаған.
Баспалдақпен екінші қабатқа көтерілгенде Бақи Урманче салған Мұхтар Әу