• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қыркүйек, 2013

Жұмыспен қамту

1650 рет
көрсетілді

Бұл міндеттің орындалуы қалай?

Қазір әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, жалпы хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор. Осыған орай жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі болып табылады.

 

Бұл міндеттің орындалуы қалай?

Қазір әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, жалпы хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор. Осыған орай жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Иә, әлемді әлекке салған қар­жы­лық дағдарыстың салдары да осы жұмыссыздыққа кеп жұ­ғыс­қан болатын. Талай елде береке кетіп, басына қиын күн туды. Мұн­дайда, «жұмысы жоқтық ашын­дырар адам баласын» демеске ама­лың жоқ. Себебі әлемде орын алып жатқан көтерілісшілердің көп­шілігі, бей-берекет бүліктің, тіп­ті қантөгістің құрбандарының кө­бі осы жұмыссыз жүргендер еді.

Халықаралық еңбек ұйы­мы­ның мәліметінше, 2007 жылы қар­жылық дағдарыс басталғаннан бері әлемде жұмыссыздық дең­гейі 28 млн. адамға көбейіпті, ал 2009 жылы 199 млн. адам жұ­мыс­тан босатылған. Одан кей­ін жұмыссыздық шамалы азай­ға­нымен, 2012 жылдан бастап қай­тадан арта бастады. 2012 жылы олардың қатары 197 млн. адамға жеткен. Ал 2013 жылы әлемде жұмыссыздық деңгейі 5 млн.-нан артып, 202 млн. адамға жетуі мүмкін деп болжанған. 2014 жылы жұмыссыздар қатары тағы 3 млн. адамға көбейіп, 2017 жылы 210,6 млн. адамға жетеді-мыс. Дүние жүзіндегі экономикалық белсенді халықтың арасында жұмыссыздар қатары 6 пайыз деңгейінде болмақ.

Швейцарияның Женева қа­ла­сында орналасқан Халықаралық еңбек ұйымы әлемде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы – шамамен 75 миллион адам жұмыссыз қалған деп отыр. Олар «әлемде 6 миллионнан астам азамат жұмыс табудан үмітін үзген» деп хабарлаған. Осын­дай мәліметтермен дабыл қақ­қан Халықаралық еңбек ұйымы әлем елдерінің үкіметтерін жұмыс орнын ашу мәселесін «ең бас­ты мақсат» деп қарастыруға ша­қыр­ған болатын. Ұйым өкілі Хо­се Мануэль Салазар-Ксиринакс «Дағдарыс деңгейіне жеткен жас­тар арасындағы жұмыссыздық проблемасы жұмыс орнын ашу мен шешім шығару үрдістеріндегі басты мақсатқа айналып, жекеменшік секторындағы инвестиция айтарлықтай дамыса ғана бұл мәселе шешілуі мүмкін» деген дейді G-Global коммуникативті алаңы жариялаған ақпарат көзі. Олай болса, жұмыссыздықпен күрес бүкіл жаһан жұртының бас­ты міндеті болса керек.

Жаһандағы жағымсыз жаңа­лықтың жаңғырығы бізге де жұ­мыс­сыздық жайына бейжай қа­рауға болмайтындығын еске салатындай. Ендеше, елдегі жағдай қалай, енді соған тоқталайық.

Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2010 жылы 5,8 пайызды құрап, 2011 жылы 5,4 пайызға дейін төмендеген болатын. 2012 жылы 5,3 пайыз, ал 2013 жылғы қаңтарда – 5,4, мамырда 5,3 пайызды құраған.

Қазір елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету, яғни жұ­мыс­бастылықты көтеру мақсатында халықты жұмыспен қамту саясаты жүзеге асырылуда. Осыған байланыс­ты «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаны орындау аясында 2016 жылға қарай 1,5 миллион адамды жұмыспен қамту қарастырылуда.

Бағдарлама негізінен 4 ба­ғыт­тан құралған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бірінші бағыт, яғни білім беру және жұмысқа орна­ластыруға жәрдемдесу бойынша, кәсіптік білім беру аясында бүгінде 95,7 мың адам білім алып, 58,7 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасып, 31 мың адам халықаралық тәжірибеден өтіпті. Былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 27 373 адам орналасса, биыл 19 370 адам жұмысқа тұрған. Өткен жылы уақытша жұмыс орындарынан 21,5 пайы­зы, биыл 33,3 пайызы тұрақты жұ­мысқа орналасты. Екінші бағыт арқылы, ол дегеніміз ауыл тұр­ғындарын шағын несиемен қамтамасыз ете отырып, ауыл ішіндегі кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу, 11 мың адам кәсіп­кер­ліктің негізі бойынша білім алған. Былтырғы жылы 6572 бағдарлама қатысушысы 12 млрд. 368,3 млн. теңге көлеміндегі ша­ғын несиемен қамтамасыз етілді. Еңбек ресурстарын ың тиім­ділі­гін арттыруды көздейтін ке­ле­сі бағыт бойынша 2011-2013 жылдарға 1211 тұрғын үй­дің құрылысы жос­парланған. Бү­гінде соның 801-нің құрылысы аяқ­тал­ған. Инфра­құрылымды дамыту арқылы халық көп шоғырланған ауылдарды дамыту негізінде 2700 отбасы әлеуеті төмен ауылдардан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғары елді мекендерге қоныс аударды. Былтыр төртінші бағыт бойынша «Халық көп қоныстанған ауылдарды дамыту» бағдарламасын іске асыру кезеңі басталған. Нәтижесінде 565 жоба жүзеге асып, ауылды жерлерде 7,3 мың жұмыс орны ашылыпты.

Жұмыспен қамту бағдар­ламасын іске асыру үшін 169,4 млрд. теңге қарастырылған. Оның 54,5 млрд. теңгесі кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмысқа орналастыруға, 32,9 млрд. теңге кәсіпкерлікті дамытуға, 26,9 млрд. теңге еңбек ресурстарының тиімділігін арттыруға, 42,3 млрд. теңге халық көп шоғырланған ауылдарды дамытуға бөлінген.

Негізінен бұл бағдарламаны жүзеге асыратын бірден-бір тиісті мекеме ол – жұмыспен қамту орталықтары. 2011 жылдан бастап еліміздің барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­­ламасын жүзеге асыратын жұ­мыспен қамту орталықтары құ­рыл­ған болатын. Ал осы жұмыс­пен қамту орталықтары халықты қан­шалықты жұмыспен қамтып жа­тыр дегенге келсек, оған жоға­ры­да аталған көрсеткіштер жауап бола алады.

«Жұмыспен қамту орта­лық­тары жұмыспен қамтып жатыр ма?» деген сауалдың жауабын биыл жазда өт­кен республикалық «Мамандықтар жәрмең­кесі­нен» де іздеп көрдік. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұ­мыспен қамту мәселесі жө­нін­дегі ақпараттық талдау орта­лығының мәлі­мет­теріне қара­ғанда, биыл жазда еліміздің аймақтарында өткен аталмыш шараға 40,1 мыңнан астам адам қатысыпты. Олар­дың 61 пайызы, яғни 24,4 мың адам – жұмыс­сыздар, 23 пайызы немесе 9,3 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 5206 жұ­мыс беруші 31275 бос жұмыс орындары туралы жариялап, бұл жұмыс орындарына 10127 адам жолдама алып, оның 78,5 пайызы немесе 7953 адам жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, 517 оқу ор­ны қатысып, олармен 1013 келісімшарт жа­салған. 1505 адам оқуға, оның ішінде 632 адам немесе 42 пайызы кәсіптік дайын­дыққа жіберіліпті. Жәрмеңкеде жалпы құрылыс мамандықтарына деген сұранысы жоғары болғандығы байқалған. Сұранысы жоғарылар қатарында одан әрі мұғалім және дәрігер сынды мамандықтар тұр.

Қалай болғанда да, елімізде жұмыспен қамту жөнінде жұ­мыс­тар жүйелі жүріп жатқандай. Тек еңбекке деген ынта-жігер болса бол­ғаны, екі қолға бір күрек табылады.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар