• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Мамыр, 2020

Әскерилер Мақтааралда қызмет етіп жүр

411 рет
көрсетілді

«Жұт жеті ағайынды» дейді халқымыз, әлемді және елімізді жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде табиғаттың тосын сыйына да куә болдық. Сәуір айында теріскейдегі Қостанай өңірінде қарлы боран белең алса, шығысымызда орман өрті қаулады. Енді, міне, көрші Өзбекстанда су қоймасы жарылып, еліміздің оңтүстігіндегі Мақтаарал ауданының бірнеше елді мекенін су басты. Он күн бойы оқиға орнында жергілікті атқарушы билік, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар аянбай еңбек етіп, тұрғындардың тезірек үйлеріне оралуына барынша жағдай жасап жатыр. Көппен бірге көмекке келгендердің арасында Ұлттық ұлан жауынгерлері де бар.

Құтқарушы батальон көмекке келді

Қазіргі уақытта ұландықтар төтенше жағдай орнында екі бағыт бойынша қызмет атқа­ру­да. Біріншісі – төтенше оқи­ға­ның салдарын жою болса, екін­ші­сі оқиға орнында құ­қық­­тық тәртіпті, карантиндік режім­ді қам­тамасыз ету. Бүгінгі күні осы мін­деттерді атқаруға 500-ден аса әс­кери қызметші оқиға ор­нына тар­тылды.

Ұлттық ұлан төтенше жағдай салдарын жою басқармасының бастығы полковник Әрлен Бүр­кіт­байдың айтуынша, Мақ­та­ар­ал ауданында бес елді мекен әлі күнге дейін су астында. 1 мың­нан аса үйді су басқан. 10 эвакуа­ция­лық пункт орнатылған. Онда 3 мыңнан аса тұрғын тұрып жатыр. Құтқару қызметінің ма­ман­дарымен бірге ұландық жауын­герлер 15 мыңнан аса үй жануарларын қауіпсіз жерге кө­шірді. Өргебас, Жантақсай, Фердауси, Ырысты, Нұрлыжол ауылдарының аумағында 22 шақырым уақытша бөгеттер са­лынып, құм толтырылған 10 мыңға жуық қап қойылды. 6122599 текше метр су сыртқа шы­ғарылды. Мұның барлығы ұлан­дық құтқарушылардың осы уақытқа дейін жасаған ерен еңбектері. Оқиға орнына Ұлттық ұланның 28237 әске­ри бөлімінің құтқарушы баталь­о­ны барған болатын. 160-тан аса жеке құрам, 15 дана құт­қару техникасы мен 4 жүзу құралы бар батальон су тартыл­ған ауыл­дарда төтенше оқиғаның салдарымен күресуде. Үш топқа бөлінген ұландық құтқа­ру­шы­лар: су астында қалған төрт түлік жануарлардың денесін шы­ғару; оны әрі қарай қауіпсіз жерлерге көму; топырақ пен саз балшықтан елді мекенді таза­лау; ағын суды шетке шыға­ру жұ­мыстарын атқаруда. Құт­қа­рушылардың сөзіне сенсек, алда­ғы бір аптада оқиға салдарын жою жұмыстары аяқталмақ.

Сондай-ақ тұрғындарға пси­хо­­логиялық көмек көрсету мен қоғамдық тәртіпті қамта­масыз ету жұмыстары жал­ға­суда. Осы уақытқа дейін қо­ғам­дық тәртіп пен қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік қыз­мет бойынша 21 тапсырма орындалды. Бүгінде елді мекен­дер­дің жанында төрт блок-бе­кет­те ұландық жауынгерлер қы­рағы қызмет атқаруда. Күніне 270-тен аса әскери қызметші пат­рульдік-бекеттік қызметке жұ­мылдырылады.

 

Тәртіп бұзғандарды ұстап, өртті ауыздықтады

Ұландықтар қызмет бары­сын­да тұрғындарға көмек көрсету кезінде 9 мәрте ерек­ше­леніп, көзге түсті. Оған 6 ма­мыр­да сағат түнгі сағат 01.30 ша­масында Түркістан облысы, Мақ­таарал ауданы, Өргебас ауы­лын­да орын алған қырағылық үлгісі сөзімізге дәлел.

Осы түні Өргебас ауылының қасындағы шеп-бекеттерде құ­қық­тық тәртіп күзетіндегі Ұлт­тық ұлан жауынгерлері заң­сыз балық ұстағандарды қолға тү­сірген.

Ауыл маңында тосқауыл қызметінде тұрған әскери жасақ бастығы қатардағы Қуаныш Дүйсенбі және патрульдеуші қа­тардағы Бақдәулет Жал­ма­ған­бетов қастарына келген кө­лік­ті тоқтатады. Осыған дейін Өрге­бас ауылында заңсыз балық аулаушылар жүруі мүмкін деген ақпарат түскен болатын. Ұландық жауынгерлер «OPEL» маркілі автокөлікті тоқтатады. Тексеру барысында көліктегілер «Біз волонтерлерміз» деп сөзден жалтармақшы болыпты. Кейін жүргізуші ашуланып, айқайға басады. Ұландық жауынгерлер көліктің жүк қоймасын ашқы­за­ды. Сол кезде түнделетіп жүрген жолаушылардың қитұр­қы ойы анықталады.

Тексеру нәтижесінде көлік­тен Қызыл кітапқа енгі­зіл­ген екі қап балық, резеңке қайық, ұзын­ды­ғы 50 метрді құрайтын ау табылады. Әскери жасақ қолға түс­кен браконьерлерді полиция қыз­меткерлеріне тапсырды.

Ұлттық ұлан жауынгерлері су басқан ауылдарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету бойынша қызметті үш ауысым бойынша жүргізіп келе­ді. Ол туралы жедел әскери топ басшысының тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Саят Саинов баяндады.

– 5 мамыр сағат түнгі 3.30 ша­масында әскери жасақ бас­тығы сержант Бекболат Шой­бе­ков Шанов көшесімен өз бағы­тын­да патрульдеу барысында 5 адам жүргенін байқаған. Олар карантин режімін бұзғаны және күдік тудырғаны үшін әс­кери жасақ бастығы дауыс­тап тоқтауларын сұраған. Тәртіп бұзу­шылар ол ескертуіне құлақ аспай қаша жөнелген. Әске­ри жасақ бастығы көршілес жасақ­қа радиостанса арқылы хабар­лап қашу бағытын баяндайды. Әскери жасақ бастығы сержант Айдос Нұрманов тәртіп бұзушылардың алдын бөгеп, әскери жасақ оларды қолға түсіреді. Оқиға орнына әскери жасақтар бойынша кезекші аға лейтенант Серік Құдайбергенов және полиция қызметкері келіп, тәртіп бұзушыларды анықтау үшін аудандық ІІБ жеткізді. Тәртіп бұзушылар осы ауылдың бозбалалары екені анықталды. Ең қызығы, олар бос үйлердің маңында не үшін жүргендерін түсіндіре алмаған. Оларға карантин режімін бұзбау туралы ескерту жасалып, ата-аналарына тапсырылды, – дейді С.Саинов.

Дәл сол күні сағат таңғы 5 ша­­масында майор Зафар Хайт­метов бастаған жедел топ жа­уын­­герлік қызметтің ұйым­дас­тырылуын тексеру барысын­да К.Маркс көшесінде орналасқан үйлердің біреуінде жа­рылыс болғанын естиді. Оқи­ға орнына барғанда, өртеніп жатқан үйді байқаған сардар дереу әскери жасақтар бойынша кезекші аға лейтенант Серік Құдайбергеновті шақырады. Ол өз кезегінде учаскелік полиция пунктіне және өрт сөндіру бөліміне хабарлап, жақын маң­да­­ғы екі жасақты оқиға орнына жұмылдырып оқшаулауды ұйым­дастырған. Ұландықтар оқиға орнына келген полиция және өрт сөндіру бөлімінің қыз­меткерлерімен бірлесе отырып, алапат өртті ауыздықтап, адамдар мен бағалы заттарды қауіпсіз орынға шығарған.

 

Жедел жәрдем көрсетті

Ұландық жауынгерлер ка­ран­тиндік шараларды, құ­қық­­тық тәртіпті қамтамасыз ету­мен қатар, тұрғындарға меди­ци­налық көмек көрсетіп те үлгеріпті. Қызмет атқарып жүр­ген әскери жасақ қан қысымы көтеріліп, есінен танған адамды уақтылы байқап, жедел ме­дициналық жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсеткен. Лей­те­нант Абылайхан Фазыл­ха­нов, қатардағы Ерасыл Айт­бай және санитарлық аға нұс­қау­шы ефрейтор Абылайхан Ақпанбетовтер ақсақалдың алғысын алды.

 – Өзім Мырзакенттің тұр­ғы­ны­мын. Көп жылдан бері осында тұрамын. Аздап сырқаттанып қалатыным бар еді. Бұл жолы тіптен нашар халге түстім. Ауы­лы­мызды су басып, мүлкіміз су атында қалған еді. Мал-жай бар­лығы жоғалды. Осыны ойлап уайымдағаным соншалық, қан қысымым көтеріліп кетіпті. Қуанышыма орай, ұландық жауынгерлер қасымнан табылды. Әйтпесе осында отырар-отырмасым екіталай еді. Дүние байлығы емес, адам өмірі, ел ынтымағы маңызды екен. Сарбаздар маған осыны ұғындырды. Оларға алғысым шексіз, – дейді ауыл ақсақалы Эдуард Ким.

Бұл тұрғыдан келгенде 28237 әскери бөлімінің жауын­герлері де қалыс қалған жоқ. 1-ші құтқару батальоны коман­дирінің техника және материалдық қамтамасыз ету бойынша орынбасары ма­йор Бауыржан Жұмабеков және 2-ші құтқару ротасының бөлімше командирі қатардағы Бағлан Нұри Жеңіс ауылының қасынан түтіндеген көлікті байқайды. Шетелдік көлік иесі тас жолмен келе жатқанда ойпатты жерге көліктің асты ұрылып, маши­насы тоқтап қалған екен. Тез арада көліктен түтін шыға­ды. Осы сәтте ұландық әскери қыз­метшілер келіп, көліктің өртін сөндіреді. Батальон коман­дирінің тәрбие және әлеу­мет­тік-құқықтық жұмыстар жө­нін­дегі орынбасары капитан Абзал Елқондының айтуынша, көлікті жалын әп-сәтте шарпыған. Оны уақтылы тоқ­тат­паса, көлік шырпыдай жанып кетеді екен. Оның үстіне, аталған көлік газ қон­дыр­ғы­ла­рымен қамтамасыз етілген. Жа­рылысқа жол берілсе, оның сал­дарын алысқа бармай-ақ ба­ғам­дауға болар еді.

 Міне, байқап тұрсақ Ұлттық ұлан әскери қызметкерлерінің қызметі қарымды, рухы өр, жанарлары жалынды. Тек, Отанға деген риясыз сүйіспеншілік пен әскери антқа деген шексіз адалдық елімізді сан түрлі қа­тер­лерден алып шығып, биік межелерге жеткізеді. Елі­міз осындай қиын-қыстау, қы­сыл­­таяң кезеңде тұрғанда жүре­гін­де түгі, қолында қуаты бар ұлан­дық­тардың уақытылы көмегі елді өлара сәттен жарыққа алып шыға­тынына сенімдіміз.

 

Дарын СЕЙІТОВ,

капитан