• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Мамыр, 2020

Біз әлі де ат үстіндеміз

416 рет
көрсетілді

Қазақ жауынгерлері ХХІ ға­сыр­да да аттан түскен жоқ. Бағзы замандарда батыр баба­ла­ры­мызға серік болған «ер қанаты» бүгін де сапта тұр.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейді дана халқымыз. Жыл санап сарбаздардың әлеуеті де, жа­уын­­герлік даярлығы да артып ке­леді. Оның барлығы Жоғарғы Бас қолбасшымыз – Қазақстан Пре­зи­дентінің Қазақстан әске­рін жетілдіруге деген батыл қадам­да­ры­ның, оң шешімдерінің жемісі екенін мойындауымыз қажет.

Ықылым замандардан бері Алаш әскерінің қажыры мен қай­раты тұлпар мініп, Ту алған сар­баздарының жігерімен өл­шен­ген еді. Бұл ерлік пен өр­лік­тің осынау ХХІ ғасырда да лайықты сабақтастығы бар. Оған дәлел – «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­шы­лы­ғы­на қарасты 91678 тау-егерьлік әскери полкы.

Отан қорғау ісіне деген қызы­ғу­­шылығым бала кезден бастау алады. Өзім Алматы облы­сы­ның Талғар ауданына қарасты Тұз­ды­бас­тау ауылының тумасымын. Орта мектепті тәмамдағаннан ке­йін, 2013 жылы Алматыдағы Құр­лық әскерлерінің әскери институтына қабылданып, оны 2017 жылы мотоатқыштар әскерлерінің командалық-тактикасы біліктілігі бойынша тәмамдадым. Оқуды ойдағыдай аяқтаған соң күні бү­гінге дейін қызмет етіп келе жат­қан «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­шылығын қарасты 91678 тау-егерьлік әскери полкына жібе­ріл­дім. Бұл полктың ерекшелігі сол, сарбаздары атқа қонған мұндай полк ТМД елдерінде – жалғыз! Полкта атты әскерді қамтамасыз ету­ге қатысты барлық жағдай жа­сал­ған. Қамбар ата төліне сарбаздар өздері қарайды.

Өткен жылы Ресей, Қыр­ғыз­стан, Моңғолия және Қазақстан елдерінің жауынгерлері бақ сынап, Моңғолияда өткен «Арафт» халықаралық атты әскер марафонына қатыстық. Жүлделі 2-орынға ие болдық. Кейін Қазақстанға орал­ған соң, І дәрежелі «Ел қор­ға­ны» медалімен марапатталдым.

Күнделікті өмірде біз жауын­герлік дайындықтарды жүргі­зе­міз. Оқу кестесіне сәйкес атыс, тактикалық сабақтарды, жат­ты­ғуларды орындаймыз. Ал елі­мізде жарияланған қа­зір­гі тө­тенше жағдай режімі кезе­ңін­де атты әскерлеріміз Тараз қала­­сындағы блок-бекеттерді күшей­­туге жұмылдырылды. Қала аума­ғын­да бас-аяғы жеті блок-бекет бар. Әр бекетке екі атты жауынгер бекі­тіл­ген. Бұл індет те аяқталар деген сенімдемін.

 

Бекдаир ТӨЛЕГЕНОВ,

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің тау-егерьлік ротасының командирі, аға лейтенант