• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қыркүйек, 2013

Шарайна

250 рет
көрсетілді

 

Швед профессоры Оке Селстром бастаған БҰҰ-ның химия­лық қару жөніндегі сарапшылар тобы Дамаскіге қай­тып оралды.

 

Еске сала кетсек, сарапшылар Алеппо және Идлиб провинцияларында химиялық қару қолданылғаны туралы мәлімдемені тергеу үшін тамыз айының екінші жартысында Сирияда болған еді. Бірақ 21 та­мызда Дамаск түбінде химиялық қару қолданылды деген хабардан кейін сарапшылар сол жерге барып, содан соң баяндама дайындау үшін елден кеткен болатын. Енді олар Дамаск түбінде зарин газы бар қа­ру­дың қолданылғанын растап отыр. Ресей болса сарапшылар химия­лық қару қолданудың барлық жағдайларын жете зерттеуі тиіс деген талап қоюда.

 

 

 

САРАПШЫЛАР ДАМАСКІГЕ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

Швед профессоры Оке Селстром бастаған БҰҰ-ның химия­лық қару жөніндегі сарапшылар тобы Дамаскіге қай­тып оралды.

Еске сала кетсек, сарапшылар Алеппо және Идлиб провинцияларында химиялық қару қолданылғаны туралы мәлімдемені тергеу үшін тамыз айының екінші жартысында Сирияда болған еді. Бірақ 21 та­мызда Дамаск түбінде химиялық қару қолданылды деген хабардан кейін сарапшылар сол жерге барып, содан соң баяндама дайындау үшін елден кеткен болатын. Енді олар Дамаск түбінде зарин газы бар қа­ру­дың қолданылғанын растап отыр. Ресей болса сарапшылар химия­лық қару қолданудың барлық жағдайларын жете зерттеуі тиіс деген талап қоюда.

ЗІЛЗАЛА ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ ӨСЕ ТҮСУДЕ

Пәкстандағы қуатты жер сілкінісінен құрбан болғандар саны 246-ға жетіп, 400-дей адам зардап шеккен. Жарақаттанғандарды орналастыруға ауруханаларда орын жетпей жатқаны да белгілі болып отыр.

Тербелісі 7,7 балды құрайтын қуатты жер сілкінісі таяуда Белуджистан провинциясы аумағында орын алған болатын. Зілзала ошағы 20 шақырым тереңдікте болған көрінеді. Жер сілкінісі салдарынан Белуджистанның алты округі зардап шеккен. Қазіргі уақытта құтқарушыларға әскерилер мен шекарашылар көмекке жіберілді. Ауыр жарақат алғандар тікұшақпен көрші аудандардың ауруханаларына жөнелтілуде.

КЕНИЯДА БРИТАНДЫҚ АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Кенияның астанасы Найробиде Ұлыбритания азаматы қамауға алынған. Ол туралы британдық сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып, ВВС News агенттігі хабарлады.

Қазіргі уақытта аталған ведомство оған консулдық көмек көрсету үшін қолға түскен адаммен байланыс орнатуға талпынуда. Джомо Кенньяты есімді 35 жасар ер адам Кениядан кетейін деп жатқан жерінде халықаралық әуежайда ұсталған көрінеді. Британдықтың ұсталуы жергілікті сауда орталығында болған террорлық актіні тергеуге байланысты екені де белгілі болып отыр. Содырлар ұйымдастырған террорлық акт салдарынан 60-тан астам адам қаза тапқан болатын.

БЕРЛУСКОНИДІҢ ҮЙЛЕНУІ МҮМКІН БЕ?

Италияның бұрынғы премьер-министрінің қазіргі нақсүйері Франческа Паскале саясаткерге тұрмысқа шығуға дайын және оның түпкілікті шешімін күтуде.

Франческа Паскале Берлускониден жарты ғасырға жуық кіші. Қыздың   жасы 28-де болса, «қартаймайтын» Сильвио таяудағы жексенбіде 77-ге толады. Сонымен бірге, қыз екі арадағы қарым-қатынасқа өзінің бастамашы болғанын, 2006 жылы саясаткерге телефон нөмірлерін алмасу жөнінде ұсыныс айтқанын да жасырып отырған жоқ. Жас қыздың өз өмірінде елеулі орын алатынын Берлусконидің өзі де жасырмайды. Паскале соңғы жылдардағы ең бір ауыр кезеңдерде менің қасымда болып, мені шынайы әйел махаббатының болатынына сендірді, деп атап өткен ол.

КОРОЛЬГЕ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

Испания королі Хуан Карлос І үшінші рет сол жақ мықынының буынын ауыстыруға мәжбүр болған. Соңғы үш жылда ол осымен сегізінші операцияны бас­тан өтке ріп отыр.

Буынды ауыстыру операциясын АҚШ-тан арнайы ұшып келген хирург Мигель Кабанела жасаған көрінеді. «Бақытымызға қарай, оның мәртебесі үшін де, біз үшін де, ел үшін де бәрі сәтті аяқталды», деп мәлімдеген дәрігер баспасөз мәслихатында. Сонымен бірге, М.Кабанела уақытша салынған буынды екі айдан кейін тұрақты орнығатын буынға ауыстыруға тура келетінін, ал корольдің екінші операциядан кейін алты аптадан соң ғана жүре алатынын атап көрсеткен.

СӘБИЛЕРДІҢ АЖАЛЫНА НЕ СЕБЕП?

Шығыс Қытайдағы Цзянси провинциясының әкімшілік орталығы Наньчан қаласының полициясы ағайынды екі қыздың кір жуатын машинаның барабанында қаза болуына байланысты істі тергеуде.

Ата-аналарының айтуларына қарағанда, екі және үш жастағы ағайынды қыздар өткен сенбі күні ойнап жүріп кір жуатын машинаның барабанына кіріп, соның ішінде тұншығып өлген. Дегенмен осы туралы хабардар болған интернет пайдаланушылар барабанында ауыр жүк бар автомат-машинаның жұмыс істеп кетуіне күмән келтіруде. Әзірге қайғылы оқиғаның нақты себебі белгісіз күйінде қалып отыр.

МЕКСИКАДА ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП ТҰР

Мексикадағы жағдай күн өткен сайын нашарлай түсуде. Елдің 14 штатында төтенше жағдай енгізіліп отыр. Су тасқынынан құрбан болғандар саны 130-ға жетіп, 30 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұр.

Тасқынның сыртында «Ингрид» және «Мануэль» циклондары лай көшкінін туғызуда. Алпыс мыңға тарта адам елдің қауіпті аудандарынан көшірілді. Құтқарушылар әлі күнге дейін қаза болғандардың денелерін аршып алуда. Тірі қалғандарды табуға деген үміт барған сайын азая түсуде. Зардап шеккен қалалар мен поселкелерді қалпына келтіру жұмыстары жарты жылға созылады деген болжамдар айтылуда. Елде табиғат апатына қосымша тырысқақ ауруы да бой көрсете бастаған.

ПІЛДЕРДІ УЛАП ӨЛТІРДІ

Зимбабве ұлттық табиғи паркінің басшылығы елдегі ең ірі саналатын Хванге резерватында 81 пілдің цианды калиге уланып өлгені туралы хабарлаған.

Елдің табиғат қорғау агенттігінің қызметкері Джерри Готора өлім құшқан пілдер жайылатын жерде алтын өндіретін өнеркәсіпте пайдаланылатын цианидтің табылғанын мәлімдеген. Бұған дейін белгілі болған мәліметтерге сәйкес, улы зат пілдер су ішетін су көздерінде де болған көрінеді. Бұл іске браконьерлердің қатысы болуы мүмкін деген күдік те жоқ емес. Қыркүйектің басында 40 пілді цианды калимен улап өлтірді деген күдікпен 40 адам тұтқынға алынған болатын.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар