Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Е-sport cандық платформасын енгізу қарастырылғанын айтты.
«Аталған платформада біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сынды спортқа қатысты басты құжаттар сақталады. Біз бұл жұмысты 2020 жылдың соңына дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп аяқтаймыз. Біздің жасаған құжатымызда спорттық-бұқаралық шаралар да бар. Министрліктің ұйымдастыруымен 2019 жылы «Қазақстан Жастар Fest» жобасы жүзеге асырылған болатын. Бұл бастамамызды өңірлеріміз белсенді қолдаған еді. Жоспарда аталған фестивальді жыл сайын тұрақты түрде өткізу ойластырылған. Жасалып жатқан жұмысты халыққа жеткізу де аса маңызды. Сондықтан бүгінгі жоспарымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы спортсүйер қауымға жеткізуді қалаймыз»,- деді Ақтоты Райымқұлова.
Министрдің айтуынша, 2025 жылы халықтың барлық тобы арасында дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысатындардың саны 7,5 млн адамды құрайтын болады.