Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мекемелерінде патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрді дамыту бағытында жұмыстар жүргізу қажеттігіне ерекше мән берілгені белгілі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мекемелерінде патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрді дамыту бағытында жұмыстар жүргізу қажеттігіне ерекше мән берілгені белгілі.
Осы тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан өңіріндегі іргелі оқу орындарының бірі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өткен егемен еліміз Парламентінің тұңғыш спикері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық экономика ғылымдары академиясының академигі, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановты еске алуға арналған мәдени-тәрбиелік шараның зор тәлім-тағылымдық маңызы болды. Халқына қызмет етудің үлгісін көрсеткен қоғам қайраткерінің жарқын бейнесін жас ұрпақтың жадында жаңғырту ұлағаты мол шара ретінде есте қалды.
Осы жоғары оқу орны басшылығының, №1 жалпы медицина факультеті деканатының қолдауымен өткен бұл шараның басты ерекшелігі оның бұрынғы уақыттардағыдай жоғарыдан берілген тапсырмамен емес, университеттің «Әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасы жанындағы «Зерде» қоғамдық пікір-сайыс клубының бастамасымен ұйымдастырылуында және жастардың тарапынан үлкен қызығушылық пен ынталылық тудыруында еді.
Шараға жиналғандар университеттің бас ғимаратында орналасқан Марат Оспановтың ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, оқу орны музейімен, ондағы тұғырлы тұлғаға арналған экспонаттармен, фотосуреттермен танысты. Сонан соң олар университеттің үлкен мәжіліс залына жиналып, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері туралы бейне-материалды көрді. Онда Марат Тұрдыбекұлының жастық шағынан бастап, адам, азамат, үлкен тұлға болып қалыптасуы жолдары көрсетілді. Оның жасынан өнерге әуес болып трубада, гитарада ойнағаны және соңғы жылдарда қазақтың төл музыкалық аспабы домбыра тартуды жақсы игеріп, оны дәріптегенін көріп, тіпті Марат Тұрлыбекұлының «домбыра аспабында ойнау әрбір қазаққа тән болу керек, ол тілді игеруге де септігін тигізеді» дегені көрермендер мен қатысушылардың көңілін толқытты.
Әріптестері және кейінгі буын өкілдері оны еске алып, «Қоғам қайраткері, ғалым, саяси тұлға» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. «Зерде» қоғамдық пікір-сайыс клубының құрметті төрағасы, «Әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов Марат Тұрдыбекұлы туралы қысқаша баяндап, оның осы заман тудырған тұлға екендігін, біздің егемен, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында, еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының теориясы мен басқарылуына қосқан зор үлесін айтып өтті.
Жалпы алғанда бұл шараның жас ұрпақ тәрбиесіне берер үлгілі жағы көп болды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дөңгелек үстелді ғылыми конференция деңгейіне көтеруге ұйғарым жасады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.