Ішкі нарықта сұраныс болмаған кезеңде Қазақстан нарығында мұнай өнімдерінің толып кетуін болдырмауға, Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерін экспорттау үшін экономикалық тартымды жағдайлар жасауға, сондай-ақ ТЖ режимінің қолданылуы кезінде мұнайды отандық қайта өңдеуді және мұнай өнімдерін өндіруді қорғауға бағытталған шаралар:
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен 386,5 мың тонна дизель отыны бөлінді:
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде ҚР ЭМ көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін бір литр үшін 165 теңге жеңілдікті бағамен 386,5 мың тонна дизель отынын бөлді (ЖЖМ станциясындағы дизельдік отынның орташа бөлшек бағасы бір литр үшін 188 теңгені құрайды). Бұл шара көктемгі егіс жұмыстарын тұрақты жүргізуге бағытталған.
Автокөлік жүргізушілері үшін сұйытылған газға шекті бағалар белгіленді:
Энергетика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, барлық 2165 автогаз құю станцияларының ең төменгі және ең жоғарғы бағасына талдау жасады. Оның қорытындысы бойынша Энергетика министрлігінің 03.04.2020 ж. № 125 және Ұлттық экономика министрлігінің 03.04.2020 ж. № 22 бірлескен бұйрығымен автогаз құю станцияларында автокөлікке құюға арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары белгіленді. Жалпы, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының орташа бағасы 8% - ға төмендеді (ТЖ кезінде қолданылды).
Жер қойнауын пайдаланушылар отандық өндірушілерден тауарларды конкурстық рәсімдерсіз сатып алу мүмкіндігіне ие болды:
- Бұл шара жер қойнауын пайдаланушыларға екі айға дейін созылатын конкурстық рәсімдерсіз қазақстандық өндірушілерден тауарларды бір көзден сатып алуға мүмкіндік берді. Бұл қазақстандық компаниялардың үздіксіз жұмысын және бюджетке салықтардың түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді (төтенше жағдай режимі кезінде қолданылды, қазіргі уақытта Министрлік осы норманы одан әрі ұзарту бойынша жұмыс жүргізуде).
Тұтынушылар тарапынан коммуналдық қызметтерге ақы төлеу мерзімдерінің бұзылуына байланысты энергетикалық кәсіпорындарда бірқатар проблемалардың туындау тәуекелдерін болдырмау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері «Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрық шығарды.
Энергия өндіруші ұйымдарда электр энергиясын өндіруге шекті тарифтің өсуіне жол берілген жоқ:
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия өндіруші ұйымдардың көмірге (2019 жылмен салыстырғанда бір тоннасы үшін 2133 теңге немесе 9,9%-ға жоғары) және жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығынан электр энергиясын сатып алуға (2019 жылы 31,68 теңге/кВтсағ-дан 2020 жылы 34,62 теңге/кВтсағ-ға дейін тарифтің өсуі) шығындары өсті. Жоғарыда көрсетілген фактілерге қарамастан, министрлік елдегі төтенше жағдай кезінде электр энергиясын өндіруге шекті тарифтерді бекітілген деңгейде белгіледі.
ТЖ кезінде отын-энергетика кешені кәсіпорындарының үздіксіз жұмысы ұйымдастырылды.