• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Мамыр, 2020

Xiaomi басшысы неге айфон ұстайды?

244 рет
көрсетілді

Xiaomi компаниясының бірнеше фанаты Лэй Цзюнь мырзаның айфон ұстайтынын біліп қалып, айқай-шу шығаруда, деп хабарлайды Gizmochina порталы. Xiaomi бас директорының әлеуметтік желіде жариялаған посты Apple компаниясының гаджетінен жазылғаны көрініп қалған.

Қытайдағы Twitter аналогы Weibo әлеуметтік желісінде Лэй Цзюнь тұрақты түрде оқыр­мандармен тілдесіп отырады екен. Өзінің кезекті постында қандай кітаптар оқу керектігі жайында айтқан қытайлық алпауыт компания басшысының басы пәлеге қалды десе де болады. Ол пост дәл сол мезетте бәсе­­­келес компанияның смартфоны­нан жазылғаны көрініп қалған.

Мұндай шатақ жағдай бұ­рындары Samsung компания­сына да қатысты болған еді. Енді міне, қытайлықтар осындай жағ­дайды әлеуметтік желіде қызу талқылауда. Өз компаниясының өнімін менсінбеу нағыз барып тұрған сорақылық деген сарында пікірлер де айтылуда.

Бірақ Лэй Цзюньды қорғау­шылар да табылып жатыр. Соның бірі танымал аналитик әрі Xiaomi компаниясының инвес­тициялық әріптесі Пан Цзю­тан бәсекелес компания өнімінің сапасы мен өзгеріс­терін тексеру үшін оның гадже­тін ұстағанда тұрған ештеңе жоқ дейді. Бұл қайта өз құрыл­ғыларын жетілдіру үшін аса қажет дүние екен.

Бір қызығы Xiaomi негізін салушы адам былтырлары өз қарамағындағы мамандарға басқа компаниялардың гад­жет­терін пайдалануға тыйым салға­нын айтқан еді. Енді өзі осын­дай оқыс жағдайға тап болып отыр.

Аузы күйген бас директор ен­дігі посттарын флагмандық смарт­фон Xiaomi Mi 10 Pro арқылы жазуда.

 

Серікқазы КӨКЕНАЙ,

журналист