Ақтөбе қаласының бас жоспарына сәйкес облыс орталығының оң түстік батыс аумағында Батыс-3 деп аталған көп қабатты тұрғын үй массивы бой көтермек. Оның жалпы аумағы 863 гектар аумақты құрайды.
Бүгінгі күні жүз мыңнан астам халықтың тұруына есептеліп жаңа сәулеттік жобаның жоспары жасалды. Әрі оның жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Бұл жағдай инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізуге жол ашып отыр.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша Батыс-3 ауданында мәдени көпшілік іс-шаралар өткізетін нысандар бой көтермек. Сонымен қатар жобада ірі қоғамдық орталықтардың жұмысы жоспарланған. Атап айтқанда ойын-сауық сауда орталықтарымен қоса, әкімшілік-іскерлік орталық, конгресс-холл, қонақ үй кешендері, орталық музей, шығыс коммерциялық нысандарымен бірге шығармашылық орталықтар бой көтермек. Ең бастысы жаңа ауданда 2 мллион 470 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Батыс-3 ауданындағы жобалардың жалпы құны 295 миллиард теңге құрайды. Ауқымды жобаларды алдағы он жылдың ішінде толық жүзеге асыру көзделген. Тұрғын үйлерден бөлек бұл жерде емханалар, мектептер, балабақшалар, кітапханалар және спорт кешендері сияқты 41 әлеуметтік нысан тұрғызылады, - деді egemen.kz тілшісіне Асхат Шахаров.