Елбасы кітапханасы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған жыл сайынғы «Абай оқулары» әдеби эстафетасын бастады.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, «Абай оқулары» мақсаты:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу туралы бастамасына ақпараттық-имидждік қолдау көрсету;
– Абайдың әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, қазақстандық жастар арасында оқу мәдениетін және әдеби талғамды жасақтау.
Әдеби эстафетаның шарттарын келер болсақ, біріншіден – Абайдың шығармаларын мәнерлеп оқып, бейнематериалға түсіру (қазақ, орыс, ағылшын және басқа тілдерде) және эстафетаны одан әрі жалғастыратын адамды белгілеу; екіншіден – бейнематериалды Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінің біріне #ЕлбасыКітапханасыАбай, #АбайдыОқимыз175 немесе #БиблиотекаЕлбасыАбай, #читаемАбая175 хэштегтерімен жүктеу болса, оқу эстафетасын өткізу мерзімі – 14-20 мамыр аралығына жоспарланыпты. Шараның қорытындысы бойынша мәнерлеп оқудан озық шыққан қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталады.