Солтүстік Қазақстан облысында 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызмет көрсету бұрынғыдан да жақсара түсті. 11 мамырдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жаңаланған форматта жұмыс істей бастады.
Мемлекеттік қызмет көрсету агенттігіндегі осы және басқа жаңалықтар туралы журналистерге агенттіктің облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко мен корпорацияның облыстық филиалының директоры Еркін Жұмабай айтып берді.
Қазір солтүстікқазақстандықтарға электронды формадағы мемлекеттік қызмет көрсету еселеп артқан. Егер 2016 жылы ол барлық қызметтің 19,9% құраған болса биылғы жылдың бірінші тоқсанында оның үлесі 85,4% жетті. Әрине, бұған халықтың карантин режімінде болып, үйден шыға алмағандығы да әсер етті. Алайда өсімнің еселеп артқаны көрініп тұр. «Қазір ХҚКО-ларда барлық қызметтің 97 түрін «электронды өкімет» порталына алдын ала тапсырыс беру арқылы алуға болады», дейді Еркін Жұмабай.
Тіпті мемлекеттік қызметтердің көптеген түрін тек қана электронды форматпен ғана алуға болады екен. Бүгінгі таңда «egov.kz» порталында 567 түрлі, ал оның мобилді қосымшасында 64 түрлі қызметтер алуға болады. Ал 92 түрлі қызметті смс-пен де алуға болатын көрінеді.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру процесінің өтпелі кезеңінде Мемлекеттік қызмет агенттігінің департаменті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, өзіне өзі қызмет көрсету секторларының ашылуына жағдай туғызды. Әрине, қызмет көрсету формалары әртүрлі болғанымен олардың сапасының жоғары болуы үнемі есте болады. Оған Digital agent мобильді қосымшасы арқылы мониториг жасалады. Қызмет алушы азаматтар онда мемлекеттік қызмет көрсету сапасына 5 балдық жүйе бойынша баға бере алады, сонымен қатар ұсыныс-пікірлерін де қалдырып кетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы