• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Ертең карантинді жеңілдетудің кезекті кезеңі енгізіледі

345 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында 18 мамырдан бастап карантиндік іс-шараларды жеңілдетудің кезекті кезеңінің енгізілетіні жергілікті Saryarqa телеарнасында тікелей эфирде өткен брифинг барысында белгілі болды.

– Мамырдың 18-інен бастап Қарағанды-Абай, Қарағанды-Саран, Қарағанды-Шахтинск, Қарағанды-Шахан, Қарағанды-Топар, Жезқазған-Сәтбаев бағыттары бойынша автобус маршруттарының жұмысы қалпына келтіріледі. Мүлікті бағалау жөніндегі компания мен аудиторлық кеңселер жұмысына кірісе алады. Бассейндерді қоспағанда, спорт нысандары ашылады, бірақ бұл жерде шұғылданушылар саны 30 адамнан аспауы тиіс. Ал көрермендердің қатысуымен жарыстар мен бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым әлі алынған жоқ, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Брифинг барысында Теміртау мен Ботақара кентінен басқа елді мекендерде аң аулау мен балыққа баруға рұқсат етілетіні белгілі болды. Бұдан бөлек, 25 мамырдан бастап бала бақшаларда 10 адамға дейін кезекші топтар ашу жоспарланып, қазіргі уақытта оған қажетті даярлық жұмыстары жүргізілуде.

Жолаушыларға қызмет көрсету үшін Қарағанды автовокзалы, Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск, Абай, Саран қалалары мен Топар және Шахан кенттерінің автостансаларын ашу жоспарда бар.

Сондай-ақ, Қанат Асқаров сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлері мен бизнес-орталықтарда бірінші қабатта орналасқан дүкендер жұмыс істей алатынын мәлім етті. Бұл жерде жұмыс істеуге рұқсат тек көшеден бөлек кіре алатын және басқа бөлімдерден оқшауланған нысандарға ғана беріледі.

Моншалар мен сауналар да жұмыс істей бастайды. Бірақ олар  сыйымдылығынан жартылай мөлшерде ғана келушілерді қабылдай алады. Оның үстіне  санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақталуы керек. Мәселен,  келушілер кемінде екі метр қашықтықты сақтауы тиіс.

Тағы бір ескерте кететін жайт, бұл іс-шаралар тек қана Теміртау қаласы мен Ботақара кентінен басқа елді мекендерге қатысты.

Вахталық тәсілмен жұмыс  істейтіндер үшін де қаперде ұстайтын  жаңалық бар. Мысалы, Қарағанды облысына басқа өңірлерден вахтаға келетін немесе вахтадан қайтатын қызметкерлердің қолында жұмысы басталғанға немесе аяқталғанға дейін кемінде үш күн бұрын жасалған ПТР-диагностиканың нәтижесі болуы керек. Бұл коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алу аясындағы қолға алынған сақтық шарасы.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров «Біз әлі коронавирус инфекциясын жеңген жоқпыз», деп мәлімдеді

– Барлық ашылатын нысандарда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтау міндетін еске салғым келеді. Кәсіпорын иелері, басшылары қызметкерлердің денсаулығына жауапты. COVID-19 пандемиясын жұқтыру қаупі әлі де жоғары, – деп атап өтті ол.

Брифинг соңында Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров тұрғындарды жеке гигиена ережелері мен әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтап, мүмкіндігінше үйде отыруға шақырды.

 

Қарағанды облысы