Қызылорда облысында бүгіннен бастап карантиндік шараларға өзгеріс енеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
– Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, кезең-кезеңімен салалар мен мекемелерді жұмысқа қосудамыз. Қызмет барысында санитарлық-дезинфекциялық шаралары қатаң сақталып, жұмыс барысы шектеулі уақытқа ғана рұқсат етіледі.
Төртінші кезеңде, яғни 18 мамырдан бастап іске қосылатын нысандар қатары артып отыр. Олар ломбардтар, азық-түлік емес дүкендер, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары, мен қонақ үйлер. Сонымен қатар, авиа, теміржол кассалары, діни құлшылық жасау орындары да жұмыс істей бастайды, - деді Әлия Әбіқайымова.
Бұл нысандар тек шектеулі уақытта ғана қызмет ететін болады. Сондай-ақ, азық-түлік сататын дүкендердің жұмыс уақыты 10.00-22.00 аралығы болып белгіленді. Ал тұрғындар қалаішілік такси қызметін 07.00-23.00 аралығында пайдалана алады.