• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Мамыр, 2020

Қызылорда облысының әкімі: Тұрғындар бағдарлама игілігін сезінуі керек

440 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың аудандарға жұмыс сапары Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында жалғасты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Өңір басшысы бірінші кезекте Төретам кентіндегі №22 35/10 кВ қосалқы электр станциясының жұмысымен танысты. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында аталған станцияны кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин баяндады.  Бағдарлама аясында 340 адам уақытша жұмыспен қамтылады.

Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейіне және жаңадан салынған көп қабатты үйлерге барды. Аталған білім ұясында аймақ басшысы облыстық білім басқармасына Байқоңыр қаласы мен Қызылорда облысының оқушылары арасында демалыс уақытын тиімді өткізу, әрі тарихи орындарды таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастыруды тапсырды. 

Сапар аясында аймақ басшысы көпбейінді аурухананың жұмысымен танысты. Бас дәрігер Жандос Әділхан Байқоңыр кешенінде COVID-19 инфекциясын алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осы ауруханаға қарасты Төретам ауылдық ауруханасында карантиндік және провизорлық бөлімшелер мен интенсивті-реанимациялық палата ұйымдастырылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық трассасынан Байқоңыр қаласы мен Ақай ауылдық округіне, Төретам кентіне кіре беріс жолдарында 2 блок-бекет ұйымдастырылып, онда жалпы саны 16 мейірбике жұмыс атқаруда.  

Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңыр қаласындағы Жеңіс саябағында Жеңістің 75 жылдығына орай «Мәңгілік алау» ескерткішінде гүлшоқтарын қойып, тағзым етті. Жұмыс сапар барысында облыс әкімі Қармақшы ауданындағы құрылыс құмын және бетон бұйымдарын өңдіру цехының жұмысымен танысып, өнім сапасына мән беруді еске салды.

Мұнан кейін өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға Қармақшы ауданындағы газ реттегіш пункті мен кварталішілік газ тарту жұмыстарының барысы таныстырылды. Жоба бойынша 2019 жылы жоғары және орта қысымды 87,5 шақырым газ құбыры салынып, 3 дана газ реттегіш пункті орнатылды. Қазір қалған 72,5 шақырым газ құбырын жүргізу басталды. Жоба аяқталғаннан кейін, 20 мың тұрғын үй табиғи газдың игілігін көретін болады.  

Одан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қармақшы ауданының әлеуметтік экономикалық даму мәселелері бойынша мәжіліс өтті. 

Өткен жылдың қорытындысымен облыста шағын және орта бизнеспен 418 млрд. теңгенің өнімі өндірілген болса, оның ішінде Қармақшы ауданының үлесі шамамен 2,2 пайыз ғана. Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламаларды халық игілігіне пайдалану өте маңызды. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, халық оның игілігін сезінуі қажет. Бүгінгі күні бұл мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданға 3 млрд тенгеден астам қаржы бөлініп, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу бағытында барлығы 40 жоба аясында жұмыс жасалуда. Сондай-ақ, 800-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Басталған жұмыстарды уақытылы және сапалы аяқтаңыздар, - деді облыс әкімі.