Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында елімізге шетелдік серіктестерді тарта отырып, жаңа ауруханалар салу қажет екенін жазды.
«Біз аурудың алдын алу мен ерте анықтауға бет алдық. Ол үшін емханалық көмекті дамытамыз. Бүкіл әлем алдымен Алматы, ал одан кейін Астана декларацияларын қолдады. Бірақ стационарлық көмек те дамуы тиіс. Себебі соқырішек немесе босану ешқайда жоғалып кетпейді. Кардиохирургтер мен нейрохирургтер инфаркт пен инсульт кезінде, ал травматолог жарақаттану кезінде құтқаруы тиіс. Туа біткен және жүре біткен кемістігі бар балаларға операция, ал ересектерге буындар не болмаса өзге де ағзалар мен тін трансплантациясы қажет. Мұның барлығын және басқа да көп дүниені стационарлық жағдайда ғана жасауға болады. Алайда ауруханаларымыздың 80 пайыздан астамы кеңес заманында салынған. Сондай-ақ 20 пайыздан астамы емдеу ғимаратына бейімделген, яғни, бұрынғы жатақхана, балабақшада орналасқан. Ауруханалардың жалпы тозуы 60 пайыздан асып кеткен», - деп жазды Елжан Біртанов Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту мүмкін емес. Олар пациенттер мен персоналдар үшін жайсыз және медицина қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда өсуін тежейді.
«Бүкіл прогрессивті әлем жаңа клиникалар салуда. Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяның, Германияның немесе Түркияның заманауи аурханаларында емделгісі келеді. Сондықтан біз шетелдік серіктестерді тарта отырып, жаңа ауруханалар салуымыз, алдыңғы қатарлы медициналық технологияларды енгізуіміз және мамандарымызды оқытуымыз қажет. Жекелеген әрі тар профильді ескі ауруханаларды ауыстыруымыз керек. Тек сол жағдайда ғана заманауи технологияға қол жеткізе отырып, медицина қызметкерлеріміздің кәсібилігі жаңа деңгейге көтеріледі. Сол кезде амбулаториялық және стационарлық көмектің сабақтастығы болады. Ал қазақстандықтарға оңтайлы әрі сапалы отандық медицина қызметі беріледі», - делінген министр жазбасында.